Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Фиқһ
        3. Бала дүниеге келгенде тәхник жасалады. Ол не үшін жасалады?
        Бала дүниеге келгенде тәхник жасалады. Ол не үшін жасалады?

        Бала дүниеге келгенде тәхник жасалады. Ол не үшін жасалады?


        Тахник – жаңа туылған баланың таңдайына емізбестен бұрын құрма немесе тәтті нәрсемен сүрту. Бұл Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келе жатқан сүннет амалы. Әбу Мұса әл-Ашғари (одан Алла разы болсын) өзінің ұлы туылғанда оны Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарады. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның есімін Ибраһим деп қойып, құрмамен таңдайын уқалап, береке тілеп, дұға жасайды[1].

        Хафиз бин Хажар «Фатху әл-Бәри» (9/588) кітабында: «Тахник дегеніміз бір нәрсені шайнап, сәбидің аузына салып, таңдайын сүрту. Бұны істеуден мақсат сәбидің ауыз бұлшық еттерін нығайтып, емуге, жеуге дайындау. Ең абзалы құрма. Құрма табылмаған жағдайда тәтті нәрсемен таңдайын сүртеді. Тәтті нәрселердің ішінде ара балы басқаларына қарағанда жақсырақ»[2], – деген.

        Білім мен технологияның дамыған заманында Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетінің кейбір ғылыми жақтары ашылуда. Медицина мамандары сәби әсіресе ерте туылған болса, ағзасында глюкозаға мұқтаждық болады. Сол себепті бала ембей қояды, өсуі тежеледі, миы зақымдалып, дамымай қалады, т.с.с. көптеген ауруларға душар болатынын айтуда. Ал құрмамен не тәтті нәрсемен тахник жасау арқылы осы жетіспей тұрған глюкозаның орны толады. Өйткені құрма глюкозаға бай.

        Сондай-ақ, жоғарыда хадистерде айтылғандай сахабалар тахникті Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жасататын. Бұл жерде тәбәрік ету де бар. Өйткені Әнас бин Мәліктен (одан Алла разы болсын) жеткен хадисте: Умму Сәлим босанған уақытта, уа Әнас. Мына баланы Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) апарып, тахник қылдырмайынша еш нәрсемен тамақтандырмаңдар», – деген. Имам ән-Нәуауи осы хадистен алатын пайдаларын айтқанда: «Бала туылған уақытта оны салих, беделді кісілерге апарып, оның таңдайын құрмамен сүрту керек. Сәби салих адамдардан тәбәрік алуы үшін»[3], – деген.

        Мұндағы мақсат – сәби өскенде сол сияқты үлкен, өнегелі азамат болсын деген ниеттен туған.

                                                                                    ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

        [1] Имам Бұхари, №5045.

        [2] «Фатху әл-Бәри», 9/588.

        [3] Шарх ән-Нәуауи ағла Муслим, 14/100.