
Су қоректілердің барлығын жеуге болады ма?
Жауап: Алла Тағала Құранда су жәндіктері туралы былай дейді:
أُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ الْبَحْرِ وَطَعَامُهُ مَتَاعًا لَكُمْ
وَلِلسَّيَّارَةِ
«(Уа, мүміндер!) Сендерге және жолаушыларға
пайдалануларың үшін теңіздің жәндіктері мен тағамы халал етілді»[1].
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі
болсын): «Теңіздің суы таза және оның өлексесі адал»[2], –
деген.
Ханафи мәзһабының ғұламалары Құран мен
сүннетте аталған «су жәндіктерін» балық атауына жататын жәндіктер деп
түсіндіреді. Яғни, өздігінен өліп, судың бетіне қалқып шыққан балықтан басқа
кез келген балық тектестің өлісін де, тірісін де жеуге болады. Ал балық атауына
жатпайтын: таңқы шаян (краб), мидия, құрбақа, асшаян (креветка), кальмар секілді
жәндіктерді жеуге болмайды[3].
Дегенмен тіл мамандары асшаянды балық тектес
жәндіктердің бірі ретінде санайды[4].
Осыны негізге ала отырып, кейбір Ханафи ғалымдары атап айтқанда Ғалым Зафар
Ахмад әл-Османи әт-Тәһанауи «Иғлаъ ас-сунән» кітабында: «Тілде және
әдет-ғұрыпта балық тектес деп саналатындардың бәрін жеу еш тартыссыз халал.
Мысалға, асшаян (روبيان) сцинк (سقنقور), т.с.с»[5], –
деген.
Қорыта айтқанда, теңіз жәндіктерінен балық
және балық тектестерді ғана жеуге рұқсат етіледі. Асшаянды (креветка) балық
тектеске жатқызған кейбір ханафи мәзһабының ғалымдарының пікірін негізге ала
отырып, жеуге рұқсат етіледі.