
Есектің етін жеуге болады ма?
Жауап: Есек үй және жабайы болып екіге бөлінеді. Үй
есегін шариғатымызда жеуге тыйым салынады. Бұған байланысты бірнеше хадис
келген. Жәбірден (Алла ол кісіден разы болсын) жеткен риуаятта:
أنَّ النَّبيَّ
صلَّى اللهُ عليه وسلَّم نهى يومَ خيبرَ عن لحومِ الحُمُرِ الأهليَّةِ وأذِن في
لحومِ الخيلِ
«Хайбарды алған күні Алла елшісі (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы
етін жеуге рұқсат етті»[1], – деген. Абдулла бин Омардан (Алла ол кісіден разы
болсын) жеткен хадисте:
إنَّ اللَّهَ وَرَسوله يَنْهَيَانِكُمْ عن لُحُومِ الحُمُرِ، فإنَّهَا رِجْسٌ،
أَوْ نَجِسٌ.
«Расында Алла және Оның Елшісі үй есегінің
етін жеуден тыйды. Өйткені ол лас немесе нәжіс»[2], –
делінген.
Жұмһур ғалымдар жоғарыдағы келген хадистерді
дәлелге ала отырып «есектің еті харам әрі оны жеуге болмайды», – деген. «Бадаиғ
әс-санаиғ», «әл-Муғни» кітаптарында: «Мұсылман ғұламаларының арасында үй
есегінің харам екендігінде тартыс жоқ»[3], –
деген.
Ал жабайы есектің етін жеуге рұқсат. Әби
Қатада (р.а.) жабайы есекті аулап, оның бір бөлігін Пайғамбарымызға (оған
Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әкеліп берді. Пайғамбарымыз (оған Алланың
салауаты мен сәлемі болсын) оны жеді де, сахабаларына бұл халал, оны жеңдер»[4], –
деді.
Қорыта айтқанда, үй есегінің еті харам
болғандықтан шариғатымызда оны жеуге тыйым салынады. Ал жабайы есекті жеуге
рұқсат.