Орналасқан жеріңізді таңдаңыз
         
         
          Таң
          Күн
          Бесін
          Екінті
          Ақшам
          Құптан
        1. Басты бет
        2. Күнәлар
        3. Тәубеге келіп қайтадан күнә жасап қайта тәубе етсе не болады?
        Тәубеге келіп қайтадан күнә жасап қайта тәубе етсе не болады?

        Тәубеге келіп қайтадан күнә жасап қайта тәубе етсе не болады?


        Жауап: Күнәні қайта істеп қоя беру тәубе етуге кедергі болмайды. Негізі тәубе күнәні істемеу, оған қайта оралмау және өкіну. Егер тәубеге келіп, кейін күнәні қайтадан істеп қоя беретін болса, онда сол сәтте тағы тәубеге келуі тиіс. Алла Тағала құранда былай дейді:

        وَمَن يَعْمَلْ سُوءًا أَوْ يَظْلِمْ نَفْسَهُ ثُمَّ يَسْتَغْفِرِ اللَّهَ يَجِدِ اللَّهَ غَفُورًا رَّحِيمًا

        «Кім бір жамандық жасап не өз-өзіне зұлымдық етіп, сосын Алладан кешірім тілесе, Алланың Аса Кешірімді, Мейірбан екендігін табар (білер) еді»[1].

        Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Пенде бір күнә істеп қойып, сосын «Уа, Алла! Мен күнә істеп қойдым. Менің күнәмді кешір», десе, Алла Тағала «Пендем күнәні кешіретін және күнә үшін жазаға тартатын Раббысы бар екенін білді ме? Мен оны кешірдім», дейді. Сосын әлгі адам Алланың қалағанынша уақыт өмір өткізгеннен кейін тағы күнә істеп қойып, «Уа, Раббым! Мен күнә істеп қойдым. Менің күнәмді кешір», десе, Алла Тағала «Пендем күнәні кешіретін және күнә үшін жазаға тартатын Раббысы бар екенін білді ме? Мен оны кешірдім», дейді. Сосын тағы біраз уақыт өткеннен кейін әлгі адам  күнә істеп қойып, «Уа, Раббым! Мен күнә істеп қойдым. Менің күнәмді кешір», десе, Алла Тағала «Пендем күнәні кешіретін және күнә үшін жазаға тартатын Раббысы бар екенін білді ме? Мен оны үш мәрте кешірдім. Құлым не істесе де, шынайы тәубе етсе, күнәсін кешіремін» дейді»[2], деп келеді.

         Имам Нәуауи: «Егер күнәні 100 немесе 1000 не одан да көбірек қайталап, оны істеген сайын тәубе етсе, тәубесі қабыл болып, күнәсі кешіріледі. Сондай-ақ күнәнің барлығына бір-ақ тәубе етсе де дұрыс саналады»[3].

        Сондықтан қанша күнә істеп қойса да, тәубе етуді тоқтатпау керек. Десе де, Яхия ибн Мағаздың: «Тәубе еткеннен кейін істеген бір күнә бұрын жасаған  жетпіс күнәдан жаманырақ»[4], – деген сөзін ескерген жөн.

                                                                                        ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі

        [1] «Ниса» сүресі, 110-аят.

        [2] Бұхари, №7507.

        [3] «Шәрху сәхихи Муслим», 17/75.

        [4] Халид Исмайыл Сүлайман, «Жәмиғу әл-уәсая фи әд-дин уә әд-дуния», 110.