
ӘСКЕРИ БОРЫШТЫ ӨТЕУДІҢ ҮКІМІ
بسم الله الرحمن الرحيم
الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين
Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.
Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!
Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Елді қорғау үшін міндетті түрде қуатты әскер қажет. Жауға қарсы тұру әрі оларға әскери күш әзірлеу – ислам дінінің талабы әрі сауапты іс. Алла Тағала Құранда былай дейді:
وَأَعِدُّوا لَهُمْ مَا اسْتَطَعْتُمْ مِنْ قُوَّةٍ
«Оларға (дұшпанға қарсы) шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер...»[1].
Бұл
аят жауға қарсы қуатты әскер әзірлеп, алдын-ала дайындық жасауға шақырады.
Отанды
қорғау әрбір азаматтың борышы болғандықтан, әскерге бару – міндет[2]. Алла Тағала Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اصْبِرُواْ وَصَابِرُواْ وَرَابِطُواْ وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ
«Уа, иман келтіргендер! (Сынаққа) сабыр етіңдер, (дұшпанға)
төзімді болыңдар, (қорғанысқа) бекем болыңдар және Алладан қорқыңдар, сонда
мұратқа жетесіңдер!»[3] – дейді.
Алла Елшісі (оған Алланың
салауаты мен сәлемі болсын):
رِبَاطُ يَومٍ في سَبيلِ اللَّهِ خَيْرٌ مِنَ الدُّنْيَا وما عَلَيْهَا
«Алла жолында (Отанды қорғап) бір күн күзетте болу – дүниеден және ондағы барлық нәрселерден қайырлы»[4], – деген. Келесі хадисте:
عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ
«Екі көзді тозақ оты
шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз»,
– деп айтқан[5].
Ғалымдар: «Ислам шариғаты
әрбір мұсылманға Отанын кез келген қауіптен қорғауды міндеттейді. Кімде-кім бұл
міндетті орындаудан жалтарса, дініне және Отанына қиянат жасаған болып
саналады»[6], –
деген.
Сондықтан Отан алдындағы әскери борышын өтеу – әрбір азаматтың міндеті, ал әскери борышты өтеуден үзірсіз[7] бас тарту – күнә.
Үкім:
1. Отанды қорғау – әрбір азаматтың парызы.
2. Әскери борышты өтеу – міндет, ал одан бас тартуға тыйым салынады.