ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЕКІ ЖАСТАН КЕЙІН ОМЫРАУ ЕМГЕН БАЛА СҮТ БАУЫР САНАЛА МА?

 

Шариғат бойынша омыраудағы бала бір әйелді емсе, емізуші әйел баланың сүт анасы, ал балалары сүт бауырлары болып есептеледі. Сондықтан ол бала ержеткен соң оны емізген әйелдің апасы, сіңлісі және емізу жағынан байланысты болған барлық әйелге үйленуіне болмайды.

Алла Тағала Құранда: «Сүт аналарыңмен, омыраулас әкпе-қарындастарыңа некелесу арам етілді»[1] деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Тек жағынан не харам болса, емізу арқылы да сол нәрсе харам болады»[2] деген. Яғни, ему арқылы туыстық қатынас бекіп, бір омыраудан емген ұл мен қыз бір-біріне сүт бауыр болып, шариғат бойынша некелесулеріне болмайды. Бұл үкім Құран және хадисте анық айтылған.

Ханафи мәзһабы бойынша сәби емген сүттің мөлшеріне қарамастан сүт бауыры болуына жеткілікті. Нәрестені емізу мерзіміне келер болсақ, Имам Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша емізудің мерзімі – отыз ай (екі жарым жыл). Бұған Құраннан мынадай дәлел келтіреді:

وَالْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلاَدَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ لِمَنْ أَرَادَ أَن يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ

«Аналар емізудің уақытын толық сақтағысы келсе, оның мерзімі –толық екі жыл»[3]. Осы аяттан кейін:

  فَإِنۡ أَرَادَا فِصَالًا عَن تَرَاضٖ مِّنۡهُمَا وَتَشَاوُرٖ فَلَا جُنَاحَ عَلَيۡهِمَاۗ

«Егер әке-шеше ризалықпен кеңесіп, (омыраудан) шығарамыз деген шешімге келсе, екеуіне де күнә жоқ» дейді.

«Бұл аяттан баланы екі жылдан кейін де емізуге болатынын түсінеміз. Баланы бірден омыраудан шығару мүмкін емес. Сәби омыраудан шығып, бірқалыпты жағдайға келгенше біраз уақыт қажет. Әдетте мұндай бейімделу жүктіліктің ең аз мерзімі секілді алты айға созылады. Сондықтан сүт бауырлардың үйленуінің харамдығы омырауды екі жыл алты айға дейін ему мерзімімен бекітіледі» дейді[4].

Имам Зуфар емізудің мерзімі үш жыл десе, Имам Мәликтің көзқарасы бойынша, екі жыл және оған қосымша бірнеше күндер. Ал Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің көзқарасы бойынша емізудің мерзімі – екі жыл. Бұл жұмһур сахабалар мен табиғиндардың пікірі әрі Ханафи мәзһабында осы көзқарасқа пәтуа берілген. Алла Тағала Құранда:

وَالْوَالِدَاتُ يُرْضِعْنَ أَوْلاَدَهُنَّ حَوْلَيْنِ كَامِلَيْنِ لِمَنْ أَرَادَ أَن يُتِمَّ الرَّضَاعَةَ

«Аналар емізудің уақытын толық сақтағысы келсе, оның мерзімі –толық екі жыл»[5] - делінген. Тағы бір аятта:

وَفِصَٰلُهُۥ فِي عَامَيۡنِ

«Екі жыл дегенде барып омыраудан шығарады»[6] деп баяндалған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі жылға дейін болса ғана сүт арқылы туыстық бекітіледі» дейді. Мұны Ибн Әбу Шәйба Алиден, Ибн Масғудтан, Даруқұтни Омардан жеткізген: «Кішкентай бала екі жылға дейін емсе ғана сүт арқылы туыстық болады» деген риуаяты қуаттайды[7].

Өйткені нәресте осы уақыт аралығында сүт ему арқылы дене-бітімі қалыптастады. Сондықтан екі жастан асқан бала бөгде әйелдің омырауын емсе ол үйленуді харам етпейді әрі оның сүт баласы бола алмайды.

 

 

 

[1] Ниса сүресі, 23-аят.
[2] Бухари, 2/361.
[3] «Бақара» сүресі, 233-аят.
[4] Асғат Мухаммад Сағид әс-Сағужи, әл-фиқһу әл-Ханафи уә әдилләтуһу. – Дамаск, Дару әл-кәлими әт-тойб. 2/166-167.
[5] «Бақара» сүресі, 233-аят.
[6] «Лұқман» сүресі, 14-аят.
[7] Фәтху-Бәбил-Ғиная, 2/283-84.

 

Жоғары