ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ТІСКЕ ПЛОМБА НЕМЕСЕ ҚАПТАМА САЛУ ҮКІМІ

 

بسم الله الرحمن الرحيم

 

الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

 

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

 

Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Ғалымдар тіс ауырған уақытта емдеу мақсатымен пломба қоюға, белгілі металмен қаптатуға (коронка салуға) болады деп рұқсат берген. Ауырған тісті емдемеу адам денсаулығына зиян.

 

Ханафи мәзһабында ғұсыл алғанда ауызды шаю парыз болғандықтан, кейбіреулер тіске пломба қойғанда және тісті қаптатқанда тістің негізіне су тимегендіктен, ол адамның ғұсылы дұрыс болмайды және жүніптіктен тазармайды дейді. Олар «тіске жабысып, тұрып қалған қалдықтар жуылмаған жағдайда ғұсыл дұрыс болмайды» деген мәселені тіске емдік мақсатымен қойылған пломба және қаптамамен салыстырады.

 

Абдулхай әл-Ләкнауи: «Егер тістің арасында тамақ қалдықтары қалып жүніптіктен ғұсыл алғанда тіске судың өтуіне кедергі болса онда ғұсыл дұрыс болады»[1], – деп пәтуа берген.

 

Алайда тістің арасында қатып, жабысып қалған қалдықтармен пломба және қаптаманы салыстыруға келмейді. Өйткені тістің арасындағы тамақ қалдықтарын алып тастауға болады. Ал пломба мен қаптағыш тістің бір бөлігі болып қалғандықтан оны алып тастау қиындық тудырады.

 

Құран Кәрімде:

و مَا جَعَلَ عَلَيْكُمْ فِي الدِّينِ مِنْ حَرَجٍ

«Ол дінде сендер үшін ешбір қиындық жасамады»[2], – делінген.

 

Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ الدِّينَ يُسْرٌ وَلَنْ يُشَادَّ الدِّينَ أَحَدٌ إِلَّا غَلَبَه

Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында дін – жеңіл. Ешкім оны қиындатып алмасын, әйтпесе дін оған ауыр келеді»[3], – деген.

 

Арфажә ибн Асғад (Алла оған разы болсын): «Жаһилият заманында Кулаб оқиғасы күні мұрным жарақаттанды. Сонда күмістен мұрын жасап алдым. Одан жағымсыз иіс шығып кеткендіктен, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған мұрнымды алтыннан жасап алуды бұйырды», – деген[4]. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол сахабаға дәрет пен ғұсыл кезінде мұрынға қойылған қаптаманы алуды міндеттемеді.

 

Сол секілді дәрет пен ғұсыл аларда денедегі жарақат үстіне таңылған таңғышты шешу міндетті емес. Ғалымдар тіске пломба мен қаптама салдыруды денедегі таңғышпен салыстыра отырып, рұқсат берген.

 

Шариғатта:

الضَّرُورَاتُ تُبِيحُ الْمَحْظُوراتِ

«Тыйым салынған нәрселерге зәрулік жағдайда рұқсат етіледі»[5], – деген қағида бар.

 

Осыған орай тіске пломба салу және оны қаптату зәрулік жағдайдан туындайды.

 

Ғалым Зафар Ахмад әл-Османи: «Алла Тағала Құранда барлық денені тазалауға бұйырды. Тек қана су тиюі қиын болған жерлер аят[6] аясына кірмейді. Яғни екі көздің іші сияқты су тиюі қиын болған жерлер үзірлі жерлердің үкімін алады. Себебі екі көздің ішін жуу қиындық тудыратыны белгілі[7]», – деген. Сондықтан зәрулік әрі қажеттілік болғандықтан пломба және қаптаманың астына су өтпесе де ол адамның ғұсылы дұрыс саналады.

 

 

 

ҮКІМ:

 

1. Емделу мақсатында тіске пломба немесе қаптама қоюға рұқсат етіледі.

 

2. Пломба немесе қаптаманың астына су тимесе де оның ғұсылы дұрыс.

 

3. Жарақат үстіне байланған таңғышқа немесе жағылған дәрі-дәрмектің сыртына су тиюі жеткілікті болып саналады. Тіс пломбасы мен қаптаманың сыртына судың тиюі ғұсыл үшін жеткілікті.

 



[1] «Ас-Сиғая» 1/125.

[2] «Хаж» сүресі, 78-аят.

[3] Бухари риуаят еткен.

[4] Тирмизи риуаят еткен.

[5] Ибн Нужайм, «әл-Ашбах уа ән-Назайр», 73.

[6] «Маида» сүресі, 6-аят.

[7] «Иғлаъ ас-сунән» 1/135.

Жоғары