ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ХАРАМ ЗАТТЫ САТУҒА БОЛА МА?

 

Мас қылатын ішімдіктерді, шошқа еті, аққан қанды ішіп-жеу және пұттарды қолдану шариғатта халал болмағаны[1] секілді, оның саудасы да халал емес. Мұсылман емес адамға харам затты сату дұрыс болғанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сатып, пайдалануға рұқсат берер еді.

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла бір қауымға қандай да бір нәрсені жеуге тыйым салса, оның құнына (саудасына) да тыйым салған болады»[2], ­– деген. Сол себепті фиқһ ғалымдарының көзқарасы бойынша мұсылманның өзі сияқты мұсылманға немесе мұсылман емес адамға харам затты сатуы дұрыс емес. Өйткені, сауда-саттық – екі жақты келісім. Заттың қолданылуы бір жаққа дұрыс болып, екінші жаққа дұрыс болмаса да, оның үкімі өзгермейді. Мұсылман үшін сауданың заңды (шариғатта рұқсат етілген) болуы тауардың исламда халал немесе халал еместігіне байланысты[3].

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларға қандайда бір заттарды харам еткенде, оны мұсылман емес адамдарға сатып пайдаланбауды да ескерткен.

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла және Оның Елшісі арақ, өлексе, доңыз еті және пұттарды харам етті», ­– деді. Сонда олар: «Уа, Алланың Елшісі! Өлген малдың майы жайында не дейсіз? Өйткені онымен кемелерді сылайды, терілерді майлайды, адамдар оны шам жағуға қолданады», – деді. Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жоқ, болмайды, ол – харам», – деді[4]. Тағы бір хадисте: «Бір кісі Алла Елшісіне ішімдікті сыйға тартып жатқанда, оған: «Алла мұны харам еткенін білемісің?» – деді. Ол кісі: Жоқ, деп бір адамға сыбырлады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Оған не айттың?» – деді. Ол кісі: «Оны сатуды тапсырдым», – деді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ішуді харам еткен Алла оны сатуды да харам етті», – деді[5].

 

 

 

ҮКІМ:

 

Исламда нақты шешіммен харам етілген затты мұсылманға да, мұсылман емес адамға да сату дұрыс емес. Одан түскен табыс мұсылман үшін харам болып саналады.

 

 



[1] «Маида» сүресі, 3-аят, «Анғам» сүресі, 145-аят, Муснад Ахмад ибн Ханбәл, 22/378.

[2] Сунән Әбу Дәуіт, Сауда-саттық бөлімі, 66-бет.

[3] «Әл-мухит әл-бурһани», Ибн Мазәһ, 6/349.

[4] Сахих Бухари, Сауда-саттық бөлімі, 112-бет.

[5] Сахих Муслим, Мусақат бөлімі, 12-бет.

Жоғары