ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
БАЛАЛАР БАЛИҒАТҚА НЕШЕ ЖАСЫНДА ТОЛАДЫ?

 

Шариғат бойынша ұл балалар 12, қыз балалар 9 жасқа толғаннан соң, еркектік және әйелдік белгілері көрінгеннен бастап, ұлдар ержеткен, қыздар бойжеткен болып саналады. Егер аталған жастарда белгілері көрінбесе, онда еркек те, қыз да 15 жасында балиғатқа толады.

Бұл жайында фиқһ кітаптарында былай баяндалады: Екі имам (Әбу Юсуф пен Мұхаммед): Егер аталған белгілері көрінбесе, екеуі де (ұл да, қыз да) 15 жасында балиғат жасына толады, деп айтты. Пәтуа осылай бекітіледі. Ал балиғат жасының ең төменгі мөлшері ұлдар үшін – 12 жас, ал қыздар үшін – 9 жас[1].

Балиғат жасына толудың негізгі себебі денеден мәнидің шығуы. Құран Кәрімде: «Сендердің балаларың балиғатқа жеткен кезде»[2], – деп айтылады. «Балиғатқа жеткен» деген сөз аятта «хулум» деп берілген. «Хулум» сөзі ұйықтап жатқан кезде енуыздың (шәует, ұрық) шығуы деген мағынаға саяды.

Ұхуд күнінде Ибн Омарды соғысқа шығуға ұсынды. Ол 14 жаста еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рұқсат бермеді. Хандақ күнінде оған шайқасқа шығуға ұсыныс жасады. Ол 15 жасқа толған еді. Алла Елшісі рұқсат берді[3]. Сондай-ақ нақты дәлел келмеген кезде мәселенің әдеттегі (қалыпты, дағдылы) жағдайы қаралады[4]. Ұл мен қыз, екеуінің де балиғат жасы әдетте 15 жастан аспайды.

Ер жетіп немесе бой жетіп, ұл мен қыз «біз балиғат жасына толдық» десе, олардың сөздері қабылданады. Оларға балиғат жасына толған адамдардың үкімі жүреді.

 

[1] «Шарх әл-уиқая», Убайдулла ибн Масғұд, 5-том, 33-34 беттер.

[2] «Нұр» сүресі 59-аят.

[3] «Сахих Бұхари», 3871

[4] «Фатху баб әл-ғиная фи шархи китаб ан-нуқая», 3-том, 660-бет.

Жоғары