ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Имам Әбу Юсуф жайлы (Алла оны рақымына бөлесін!)

Имам Әбу Юсуфтың ғұмыры жайында қысқаша мәлімет

Есімі және тегі:

Имам, хафыз, мүжтаһид мұтлақ Әбу Юсуф Яғқұб ибн Ибраһим ибн Хабиб ибн Сағд әл-Ансари, әл-Бәжали.

Бабасы Сағд ұлы сахабалардың бірі болған. Ұхуд шайқасына пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у) жасы кіші болғандықтан қатысуына рұқсат бермеген. Кейінгі «Хандақ» (ор) шайқасына, басқа да жорықтарға, ұрыстарға қатысқан. Кейінірек Куфа қаласына қоныс аударып, тұрақтап қалған. Куфада дүниеден өткен. Жаназа намазын әйгілі сахаба Зәйд ибн Арқам оқыған.

Туған жылы:

Имам Әбу Юсуфтың дүниеге келген жылы жайында ғалымдар арасында екі түрлі көзқарас бар. Имам Тахауи және бірқатар  ғалымдар туған жылы һижри 113жыл деген көзқараста. Ал кейбір ғалымдар һижри 93 жылы дүние есігін ашқан деседі. Мәшһүр ғұлама, шейх Мұхаммед Заһид әл-Кәусари екінші көзқарастың дұрыс екендігіне дәйекті дәлелдер келтірген. (қараңыз. Хұснут-Тақади фи сирати Әби Юсуф әл-Қади 6-7 бет)

Имам Әбу Ханифаның ғылыми мәжілістеріне келуі.

Имам Хатиб Бағдади Әли ибн Хармаланың риуаяты негізінде имам Әбу Юсуфтың былай деп айтқандығын нақыл етеді.

«Ол шақ, менің «фиқһ» және «хадис» ғылымдарын ізденуге ден қойған шағым болатын. Алайда халім нашар, пақыр жанның күйін кешіп жүрген едім. Бір күні Әбу Ханифаның мәжілісінде отырғанымда, әкем мені іздеп келді. Мәжілістен әкеме еріп шығып кеттім. Әкем маған қарап:

-Әбу Ханифамен бірге аяғыңды созба! (Яғни онымен бой теңестіремін әуре болма!) Себебі Әбу Ханифаның наны дайын. (Яғни жағдайы жақсы) Ал сен ырыздыққа мұқтажсың»,-деді. Осылайша ғылымнан біраз уақыт қол үзіп қалдым. Әкемнің сөзін дұрыс көріп, дегенінен шыға алмадым.

Бір қызығы Әбу Ханифа мәжілісте отыратындардан мені сұрастырып, іздепті. Содан оның мәжілістеріне қайта қатыса бастадым. Ұзақ уақыттан кейін келіп қатысқан ең алғашқы мәжілісте Әбу Ханифа менен:

«Біздің мәжіліске келуіңе кедергі болып жүрген не?»,-деп сұрады.

Мен: «Ырыздықтың әуресі және әкемнің сөзі еді»,- деп жауап қаттым. Кейін ол дәрісін бастап,  мен мәжіліске қатыстым. Мәжілістегі отырғандар тарағаннан кейін маған бір әмиян беріп: «Мынаны әзірге пайдалана тұр»,-деді. Әмиянды ашып жіберіп қарасам, ішінде жүз дирһам бар екен. Маған қарап: «Ғылыми ортадан бұдан былай қалмайтын бол! Егер (әмияндағы қаражат) таусылып жатса, мені хабардар ет!»,-деді.

Осылайша ғылыми ортадан қалмайтын болдым. Үзбей қатысып жүрдім. Арада көп уақыт өтпестен маған тағы жүз дирһам қаражат берді. Әрдайым жағдайымды қарасып тұратын. Оған ешқашан ешбір мұқтаждықты айтқан емеспін. Сондай-ақ оған ешқашан қаражаттың таусылғандығын білдірген емеспін. Бірақ қаражаттың таусылғандығын білетін кісідей, қаражатты үзбей беріп тұратын. Нәтижесінде қолымда біраз қаражат жиналып, едәуір байып қалдым».

Имам Әбу Юсуф имам Әбу Ханифаның дәрістерін үзбей қатысуға үлкен күш салған. Мына төмендегі келтірілген риуаят соны нақтылай түседі.

Мұхаммед ибн Құдама Шұжағ ибн Махладтың имам Әбу Юсуфтың аузынан мынадай бір сөз естігендігін нақыл етеді.

«Менің бір балам қайтыс болған еді. Оның жаназасына да, жерлеуіне де қатыса алмадым. Әбу Ханифаның дәрісін өткізіп алсам, қасіреті басылмайды деп қатты қорыққандығымнан баламның жерлеу істерін көршілеріме, жақын туыстарыма тапсырдым».

Айта кетерлік жайт имам Әбу Ханифа да имам Әбу Юсуфтің бұл ыждағаттылын, еңбегін ерекше бағалаған. Төмендегі мына бір риуаят соны дәлелдей түседі.

Аббас ибн Хамза Исхақ ибн Әби Исраилден, ол Хассан ибн Ибраһимнің имам Әбу Ханифаның аузынан мынадай сөз естігендігін нақыл етеді.

«Ешбір кісі Әбу Юсуфтай менің дәрістеріме қатысқан емес. Егер Дәуіт әт-Таий бойындағы қабілетінің негізінде дәрістерге қатысқанда, адамдар біраз пайдасын көрер еді» (яғни Әбу Юсуфтың алған білімінің қадірін, қасиетін адамдар пайдаланып жүр).

Имам Әбу Юсуф ұстаздарына ерекше құрмет көрсететін. Әсіресе ұстазы имам Ибн Әбу Ләйла мен имам Әбу Ханифаны айрықша сыйлайтын. Міне осындай еңбектің, құрметтің нәтижесінде имам Әбу Юсуф ислам әлемінің таңдаулы ғалымдарының біріне айналды. 

 

Жоғары