ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Бахаилердің діни сенімі

Бахаилердің  діни сенімі

Бахаилер өздерін дербес бір дін деп санап, ешқандай ағымнан шықпағанын айтады. В.Н.Никитин, В.Л. Обухов атты ғалымдар Бахаи діни ілімін алтыға бөліп қарастырған:

– Құдай жайлы ілім;

– Қасиетті кітаптар жайлы ілім;

– Пайғамбар жайлы ілім;

– Рух жайлы ілім;

– Ақырет жайлы ілім;

– Бахаи ұйымына кіру ерекшеліктері[1].

Бахаилердің пайымдауынша, Алла болмысы мен сипаттары тұрғысынан дара, жалғыз, теңдессіз, басы мен соңы жоқ, өзгермейді. Құдай өзін пайғамбарлар арқылы танытады және оларда көрініс табады. Сондықтан пайғамбармен сөйлескен жан Құдаймен сөйлескендей болады. Баб пен бахаулла өздерін пайғамбар деп жариялаған әрі өздерінде құдайдың көрініс тапқанын айтқан еді. Бахаулла Алланың көрінуі әрдайым жалғаса береді деген пікірде. Бабқа қонған сияқты өзінен кейінде бұл миссия жалғаса беретін көрінеді. Сол себепті бахаулланың шәкірттері «1852 жылы Алла баханың тәніне өтті. Баха нағыз тәңір еді» деп сенеді. Тәңірдің есімдері көп. Соның ішінде ең ұлығы «баха» (жарық, нұр даңқ).

Олар үшін жүзден аса қасиетті кітап бар. Өз басшыларының кітаптары және өзге діннің кітаптары болып бөлінеді. Соның ішінде Баб пен Бахаулланың кітаптары құдайдан келген қасиетті кітап ретінде саналады. Абдулбаһа, Шоги Эффендінің еңбектері  де екінші дәрежелі қасиетті жазбаларға жатады.

Бахаи сенімі бойынша, пайғамбарларға «нәби» және «расул» деумен қатар «мәзаһир илаһия» (Тәңірлік көрініс) деген есім беріледі. Тәңір құлдарына көріну үшін пайғамбарларға мұқтаж деп күпірлік етеді. Бахаулланың пікіріне қарағанда, пайғамбарларда екі қасиет бар: адамдық қасиет – ішеді, жейді, ұйықтайды, өледі дегендей, ал  тәңірлік қасиет – онымен сөйлескенде тәңірмен сөйлескендей, оған сәжде етсең, құдайға сәжде еткендей болады-мыс. Олар үшін Ислам діні соңғы дін емес, Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) соңғы пайғамбар емес. Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) расулдердің емес, нәбилердің соңғысы. Өйткені Аллаһтың «мурсилік» (елші жіберу) сипаты аяқталмаған деп Құран аятына қарсы келуде.

Олардың сенімі бойынша, адам өлген соң рух тәннен айырылады. Рух тәнді қажет етпейді, бірақ тәнге өмір сүру үшін рух қажет. Нағыз жетілген тәннің өзі рухсыз өмір сүре алмайды. Материалдық өмір шектеулі, ал жанның шегі жоқ деуде. Рух мәселесінде Ислам дінінің сеніміне аса қайшы келетін тұсы жоқ десек те болады.

Ақырет сеніміне келсек, жұмақ пен тозақ белгілі орын емес, жағдай болып табылады. Жұмақ бұл құдайға жақын болу, ал одан алыстау – тозақ. Бұл жағдайлар осы өмірде және оның артынан келетін арғы өмірде де жалғасын табады. Жұмақ – кемелдік жағдайы, ал тозақ – кемелсіздік, жетілмегендік жағдай. Жұмақ құдай еркімен тілектес болу, тозақ мұндай келісімнің болмауы екен[2]. Әрине, Исламның ақыретке иман сеніміне мүлде қайшы болғандықтан бұлай сенген адам діннен шығады, кәпір болады.

Бахаи ұйымына кіру ережесіне сай, бірінші шарт бойынша 3 сұраққа жауап беруі тиіс:

  1. Бахаулланы заманымыздың пайғамбары ретінде мойындай ма?
  2. Бахаиліктің негізгі діни ілімдерін қабылдай ма?
  3. Бахаиліктегі басқару жүйесіне қанағаттана ма?

Екіншіден, осы сұрақтарға толымды жауап берген жағдайда көпшілік алдында өзінің бахаи екендігін жариялауы қажет. Бахаи болған адам өзін сөзбен емес, ісімен дәлелдеуі керек. Ақиқатты іздеп сол жолда жүруі тиіс.

Бахаилерде 19 саны қасиетті. Себебі Бабқа алғаш иман еткен 18 кісіге «Хуруфу хай» (тірі әріптер) деп атайды. 19-шы Бабтың өзі. Бір жыл 19 айдан, бір ай 19 күннен тұрады. Ай аттары арабша аталады және милади күнтізбе бойынша қай күнге сәйкес келетіні төменде керсетілгендей:

  1. Баха – жарқын – 21 наурызға сәйкеседі;
  2. Жалал – даңқ  – 9 сәуір;
  3. Жамал – сұлулық  – 28 сәуір;
  4. Азамат  –  керемет – 17 мамыр;
  5. Нұр – нұр – 5 маусым;
  6. Рахмат  – рақым  – 24 маусым;
  7. Калимат  – сөз  – 13 шілде;
  8. Асма  – есім  – 1 тамыз;
  9. Камал  – кемелдік  – 20 тамыз;
  10.  Иззат  – күш  – 8 қыркүйек;
  11.  Машийят  – ерік  – 27 қыркүйек;
  12.  Илм – білім  – 16 қазан;
  13.  Қудрат  – құдірет  – 4 қараша;
  14.  Қаул  – сөз  – 23 қараша;
  15.  Масаил  – мәселе  – 12 желтоқсан;
  16.  Шараф  – намыс  – 31 желтоқсан;
  17.  Сұлтан  – әміршілік  – 19 қаңтар;
  18.  Мулк  – үстемдік  – 7 ақпан;
  19.  Алла  – айбындылық  – 2 наурыз[3].


[1] Б.Қ.Бейсенов, С.У.Абжалов, Бахаи сенімі, ж.к.е., 24-бет;

[2] Қазақстандағы діндер, ж.к.е., 306-308-бет;

[3] Б.Қ.Бейсенов, С.У.Абжалов, Бахаи сенімі, ж.к.е.,  34-бет.

 

Жоғары