ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Дүрзилік

 

а) Дүрзилердің тарихы 

Дүрзи ағымы – адасқан исмайлит шиит ағымының бір тармағы. Мысырда құрылған Фатимит халифаларынан Хаким Биәмрилләһтің билік құрған тұсында (996-1021) Хамза ибн Али тарапынан негізі қаланған адасушы, күпірлік шыңына жеткен ағымның бірі. Фатимиттер халифасы Хаким Биәмрилләһ билікке келген кезде исмайлит шиит ағым өкілдерінің кейбірі оны қолдап, айналасына шоғырланады. Үш айдан кейін өз сенімдерін тарату үшін жан-жаққа уағызшыларын жолдайды.

Хаким халифалығының 21 жылы, яғни 1017 жылы 30 мамыр бейсенбі күні (һ. 1 мухаррам 408 жыл.) өзінің құдайлығын жариялайды. Мұнымен шектелмей жаңа бір кезеңнің басталғандығын әрі жаңа дін келгендігін мәлімдейді. Бұл жаңа діннің имамы етіп сол күні кешкісін ирандық Хамза ибн Алиді тағайындайды. Хамза ибн Али өзіне сенген жандарға бүгіннен бастап діни білімді өзінен үйренуге шақырды. Оның айтуынша, рухани жаңа дәуір басталғандықтан құлшылыққа қажеттілік қалмаған.

Алғашқыда бұл адасқан ағымды «хакимия» деп атады. Алайда уақыт өте келе осы ағымның белсенді насихатшысы Ануш Такин әд-Дәрәзидің атымен «дүрзилік» болып танылды. әд-Дәрәзидің тегі бұхаралық түрік. Ол  1016 жылы Мысырға барып, сол ортаға сіңіскен[1].

Ортағасырда мұсылмандар үшін сыртқы емес іштен шыққан дін дұшпандары үлкен қауіп тудырды. Сондай қауіпті топтың бірі «батинилер» (әрбір мәселенің астарынан ұғым іздеушілер) болатын. Олар сырт көзге мұсылман болып, дінді іштей ірітуші, имансыз жандар еді. Міне осындай топтар қатарына дурзилер де жатқызылады. Дурзилердің сенімдері төрт негізден тұрады:

  1. Хаким Биәмрилләһтің құдайлығына сену;
  2. Хамза ибн Алиді тану;
  3. Хамзаның көмекшілерін немесе уәзірлерін тану;
  4. Жеті негізді білу және орындау.

 

Енді дүрзилердің сенімдеріне рет-ретімен тоқталып өтейік:

Хаким Биәмрилләһтің құдайлығына сену: Фатимит халифасы Азиз Биллаһтың ұлы Хаким Биәмрилләһ 985 жылы дүниеге келген. 8 жасында тақ мұрагері болып сайланып, 11 жасында өкілдік негізінде халифа болған. Ал 15 жасында толыққанды билікке келеді. Жаратылысы мейірімсіз, қатігез болғандықтан аяушылықты білмейтін. Ол  үшін адам өлтіру – көңіл көтерумен бірдей. Киген киімін тозғанша шешпей, есекпен жүруді әдетке айналдырған ол қатігез бола тұра Каир қаласында «Дарул-хикма» (даналық үйі) атты ғылыми орталық ашады. Онда философия ғылымы мен өз ағымы жайында ғылыми зерттеуге басымдық берілді. Жақтастары оның тәңірлік сипатын жүйелеп, әрбір істің сыртқы көрінісі болғандай, астарлы мағынасы болады деп, өз пәлсапаларын түсіндірді. Олардың айтуынша, қарапайым адам діннің сыртқы ұғымын түсінсе, бұл жолда жүргендер астарлы мағынасын біледі. Хаким өзінің құдай екендігін жариялағандықтан, жақтастары оны дәріптеп, осы әдіспен насихаттарын жандандырады. Тіпті олардың сенімдері бойынша, Алла Хаким Биәмрилләһтің тәнінен көрініс тапқандықтан ол адамдық әрі тәңірлік сипатқа ие.

Хаким Биәмрилләһ 12-ші ақпан 1021 жылы Муқаттам тауына шығып, қайта оралмайды. Оны іздегенмен тек қанға боялған киімі мен қанжарын тапқан жақтастары тағы бір күпірлікке бой алдырады. Яғни оның өлмей, көкке көтеріліп, уақыты келгенде жер бетіне қайта келетіндігін айтып сенімдерін шыңдай түседі[2].

 

Хамза ибн Алиді тану: дүрзилердің екінші сенім негізі Хамза ибн Алиді танудан тұрады. Ол 985 жылы Хорасан аймағы, Зәузан қаласында  дүниеге келген. Хаким Биәмрилләһпен түйдей құрдас Хамза осы ағымның имамы болды. 30 жасында Дарул-хикма (даналық үйі) ғылыми зерттеу орталығында мәжілістерге қатысып, исмайлиттер арасында танылады. Аз уақыт ішінде исмайлит жанкештілерінің басшысы лауазымына көтеріліп, Хаким Биәмрилләһтің сарайынан орын алады.

Хамза ибн Али Дарул-хикмада үйренгендерін сарайда жүріп жүйелейді. Ол Хакимге адалдық танытып, астыртын оның тәңірлігін насихаттайды. Айналасына қолдаушы жиып, жұмысты жүйелі жолға қоя білгендіктен халифа Хакимнің құзырында үлкен беделге ие болады. Осы беделін пайдала отырып, халифаның өзіне қарсылас деген уәзірлерін өлтіріп, уәзірлік лауазымға дейін көтеріледі. Ол Ислам, христиан, буддизм және көне Мысыр нанымдарын араластырып, жаңа бір ағым құруды мақсат тұтады. Нәтижесінде 1017 жылы өздері құрған ағымдарын жариялайды.

Хамза ибн Али тарапынан негізі қаланған бұл ағым кейіннен «дүрзилік» деп аталып кетеді. Себебі Хамзаның күшті, жүректі, сенімді адамы Мұхаммед ибн Исмайл әд-Дәрәзи аталмыш сенімді жаюда белсенділік танытады. Алайда атақ-даңқ оның ниетін өзгертіп, өзінің имамдығын насихаттап, Хамзадан бөлініп шығады. Оның исмайлит шииттері арасында жасаған насихаты оңды нәтижесін береді. Оған сенген, оны қолдаған жандардың қарасы көбейеді. Алайда оның бұл теріс әрекетін қолдамаған өзге исмайлиттер халифаға шағымданады. Нәтижесінде ол 1019 жылы Каирде өлтіріледі. Аз уақыт ішінде қоғам назарын аударта білген әд-Дәрәзи жаңа ағымның «дурзия» деп аталуына себеп болды.

Фатимит халифасы Хаким Биәмрилләһ тақ таласының құрбаны болып, орнына ұлы Али тағайындалады. Али әкесіндей емес өте әділ болатын. Ол құдайдың адам тәнінде көрініс табатындығына сенбейтін. Сол себепті әкесін құдай дегендердің өлім жазасына кесілетіндігін жариялап, дүрзилерді қудалайды. Өлімнен  қашқан дүрзилер Ливан аймағынан пана табады. Қашқандардың арасында Хамза ибн Али де болды[3].

 

Дүрзиліктегі үшінші сенім негізі «худуд». Худуд дегеніміз – Хаким Биәмрилләһ немесе Хамза ибн Али тарапынан тағайындалған жандарға сену. Оларды «уәзір» деп те атаған. Худудтарды білу – діннің негізіне жатады. Оларды танымау – таухидті білмеумен бірдей. Сондықтан әрбір дүрзи худудтарға сенуі тиіс.

Худуд лауазымындағы тұлғалар христиан монахтары секілді үйленбейді, бала-шағалы болмайды, күнәдан пәк жандар ретінде қабыл етіледі. Аталмыш лауазымға ең бірінші болып тағайындалған кісі Ибраһим ибн Мұхаммед ибн Халид әт-Тәмими. Олардың тағайындалғандығы жайында арнайы бұйрықтары болады екен. Сонда ғана халифаның немесе Хамза ибн Алидің бекітілген орынбасары қызметіне кірісіп, билігі жүреді. Орынбасарлық (худуд) қызметті кезегімен Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Уәһб әл-Қурайши, Әбул Хайр Салама ибн Абдуллаһ әс-Самири және Баһуаддин Әбул Хасан Али ибн Ахмад әс-Самарқанди атқарған. Дүрзилер оларды киген киімінің түсіне қарап ажырататын.

Бұл ағымда діннің жеті негізіне сену парыз. Жеті негіздің құрамына: кәлима айту, намаз, ораза, қажылық, зекет, жиһад және өсиет жатады. Хамза ибн Али «ән-Нақзул хафи» атты еңбегінде бұл парыздарды орындауды міндеттемей, керісінше, төмендегідей тәпсірлеп, соған сенуді парыз санаған:

Намаз – турашыл деген сөз. Дүрзи діндар бауыры жайында әділ болуға міндетті.

Зекет – дін бауырларын қорғау.

Ораза – болмаған құлшылықтан бас тарту, яғни Хакимнен бұрын сенім мен құлшылық болмағандықтан ондай құлшылықтың ешбір мәні жоқ.

Қажылық – Ібіліс пен азғындардан алыс тұру. Азғындардың қатарына кейбір пайғамбарларды да жатқызады. Осы сенімдері арқылы Исламның пайғамбарларына, иман негіздеріне қарсы шығады. Тіпті, Хазіреті Адам, Нұх, Муса, Иса және Мұхаммед (ﷺ) пайғамбардың әкелген шариғаттарына қарсы шығады.

Кәлима-и шаһадат – Хаким Биәмрилләһті әрбір дәуірде құдай деп қабыл ету. Өзгелердің қасында көзге түсіп қалмау үшін сенімін жасыруға болады. Егер өміріне қауіп төнсе, Хакимге тіл тигізуге рұқсат етіледі. Шииттерге ортақ «тақия» (сенімін жасыру) жасау сенімі дүрзилерде де бар. Олар 1860 жылға дейін өз сенімдерін жасырып келген.

Жиһад – Хакимнің үкімімен амалына ризашылық таныту. Яғни Хакимнің әрбір ісінде хикмет бар деп сену.

Өсиет – Хакимнің үкімдеріне мойынсұну[4].

1918 жылы ағылшын және француз әскерлері Шамды басып алғанда дүрзилер солардың сойылын соғып жақтасады. Соңынан бір тобы ағылшын, екінші бір тобы француз билігін қолдайды. Билікті таңдау үшін дауыс бергенде басым көпшілігі француз билігін таңдайды. Осыдан кейін Франция 1921 жылы Сирияда Дүрзи автономиясын құрады. Автономия әміршісі етіп Салим әл-Атрашты сайлайды. 1923 жылы Салим Атраш өлген соң, дүрзилер өзара билікке таласады. Мәселені ушықтырмау үшін француздар билікті бақылауға алады. Бұған наразы болған дүрзилер 1925 жылы француздарға қарсы көтеріліс жасайды. Генерал Гамелин бастаған француз армиясы оларды аяусыз қырады. 1930 жылғы жарлыққа сәйкес, «Дүрзи автономиясы» таратылады.

Шам аймағы ыдыраған соң, әлем картасында төрт мемлекет пайда болды: Сирия, Ливан, Палестина, Иордания. Дүрзилердің көпшілігі қазіргі Сирия аймағында қалса, теңізге жақын орналасқандары Ливан республикасына өтті. Сондықтан Сирия мен Ливанда дүрзилер көбірек шоғырланған. Олардың Сирия мен Ливанда саяси, әлеуметтік әрі экономикалық тұрғыдан өзіндік үлес салмақтары бар[5].

 б) Қасиетті жазбалар және  оның діни түсінігі

Дүрзи ағымының қасиетті жазбаларын «Рәсәил-и хикмә» немесе «әл-Хикмәтуш-шәрифа» деп атайды. Онда 111 рисала (трактат) қамтылған. Ең көне трактаттары 1017 жылы шілде айында жазылған. Дүрзилер жеке ағым ретінде 1838 жылға дейін Ислам әлемінде толыққанды мәлім болмаған. Себебі олар жабық қоғам ретінде өмір сүрді. 1831-1838 жылдары Осман империясының генералы Ибраһим пашаның Сирияға жасаған жорығынан кейін дүрзи деген ағым, олардың қасиетті жазбалары, өзіндік діни түсінігі бар екендігі мәлім болды. Осы жорықта олардың кітаптары қолға түсіп, ғалымдар тарапынан зерттеледі. Сондай-ақ 1860 жылы Ливандағы азаматтық соғыстан кейін ғалымдарымыз дүрзилерді жақыннан тани түседі.

Қасиетті жазбалардың алғашқы төртеуінің авторы Хаким Биәмриллаһ болса, 30 рисала Хамза ибн Алиге, 5 рисала Мұхаммед әт-Тәмимиге тиесілі. Ал өзге жазбалардың авторлары беймәлім.

Қасиетті жазбалар бойынша, дүрзи әйел мен ер кісі бауыр және ер жігіт үйленген жағдайда өз дүниесін әйелімен бөлісуі тиіс. Қыз баласы 17-ге, жігіт 18-ге толса, үйлендіру қажет. Исламның 4 әйел алу кеңшілігіне қарсы шығып, бір әйелмен шектейді[6] және 4 әйел алуға тыйым салады. Дүрзи болмағанға үйленуге, тұрмысқа шығуға болмайды. Неке барысында мәһірді[7] қазының белгілеуіне құқы бар.

Некелесудің тәртібі болғандай, ажырасу мәселесінде де оларда қатаң заңдылық бекітілген. Мәселен, әйел ажырасқан жағдайда күйеуімен қайта табыса алмайды. Әсілінде шариғатымыз мұндай қатаң тыйым салмағандығын білеміз. Ерлі–зайыптылар ажырасып, қайта табысқысы келсе, әйел басқа бір еркекке тұрмысқа шығып, одан да ажырасып, бұрынғы күйеуіне қайта тұрмысқа шыға алады. Әрине, бұлай табысу кімге болсын оңай емес. Дүрзилер шариғаттың осы рұқсатына тыйым салған. Сол секілді «зина еткен жанның некесі бұзылады да оның  ажырасуы тиіс» дейді. Дінімізде  мұндай үкім жоқ. Шариғат бойынша, үйленген мұсылман зина жасаса, рәжім (тас боран) жазасы қолданылады.

Олар екі айт мерекесін тойлайды. Харам мен халал мәселесін шариғатымыз бекіткендей қабыл етеді.

Дүрзи жамағаты өзара екіге бөлінеді. Діни сауаттыларға, яғни ағымның діни ұстанымдарын орындап, жаман қылықтардан бойын аулақ ұстаушыларға «уққал» дейді. Бұл топқа кіретіндер көбіне сәлде киіп, көк түсті шапанмен жүреді. Әйелдері болса, орамал және «ниқаб» (пәренже) тағып, тәнін толық жауып жүреді*.

Уққал тобына 40 жастан асқандар ғана кіре алады. Егер уққал тобына жататын біреу күнә істеп қойса, тәубе етпейінше, топқа қабыл етпейді. Олардың беделді, абыройлы діндарларына «Шәйхул-ақл» немесе «Шуюхул аср» деп атайды. Дүрзи жамағатының жалпы 15 пайызын уққал тобы құрайды. Жамағаттың қалған 85 пайызын құрайтындарға «жуһһал» дейді. Олар діни жазба мәтіндері мен қағидаттарды білмейтіндер. Тек естіп-білумен ғана шектелетін, сауап пен күнәні ажырата алмайтын бұқара халықтан тұрады[8].

Дүрзилердің сенімі бойынша, адамның жаратылу мақсаты Аллаға құлшылық ету, Оның бірлігін тану. Адамдардың рухтары әу баста шектеулі болып, барлығы жаратылып қойылғандықтан, адамдардың саны шектеулі, артпайды. Адам өлсе оның рухы жаңа туған сәбиге өтеді деп сенеді. Теология ғылымында мұндай сенімді «ренкорнация» (рухтың бір тәннен екінші тәнге өтуі) дейді. Ал ислами ғылымдар бойынша, ренкорнацияға сену ақыретке сенімді терістеу болғандықтан, ондай сенімдегі жан діннен шығады.

Дүрзилер рухтың бір тәннен екінші тәнге өту сенімін білдіретін «тәнәсух» сөзін қолданбастан «тәкәммус» (көйлек ауыстыру), яғни «рухтар тәнді көйлек секілді пайдаланады» деп түсіндіреді. Тәкәммус сенімі бойынша, түрлі бәле-жала қиындықтар адамның көйлегі болған тәніне ғана зиянын тигізеді. Рух өзгермейді, тек мәртебесі жоғарылау үшін түрлі бейнеде көрініс табады. Рухтың екінші бір тәнге өту процесі пайғамбарлар мен ұлы тұлғаларға да ортақ қағида. Мәселен, Хамза ибн Али бұл өмірге келместен бұры Хазіреті Салман Фариси болған-мыс. Кімде кім өлгеннен кейін өмірге басқа тәнмен қайта келуге сенбесе, келесі өмірде табысқа жете алмайды деп сенеді.

Индуизм мен буддизм сенімі бойынша, адамның жаны өлген соң екінші тәнге өтіп, тіршілікті жалғастырады. Адамның бойындағы кемшіліктер, яғни көзі көр, аяғы ақсақ болуы немесе кедей болуы оның алдыңғы өміріндегі күнәсінен деп біледі. Міне осындай сенімді дүрзилер де қабыл етеді. Адам түрлі бейнеде келуі мүмкін деген дүрзилер рух екінші тәнге өткенде жынысы өзгермейді, алдыңғы өмірде әйел болса, әйел, ер болса, ер халінде келеді деп сенеді. Сонымен қатар ренкорнация барысында адамның білімділігі мен парасаттылығы рухпен бірге сақталады деп сенеді. Олар ренкорнация сенімін Құран аяттарымен дәлелдеуге тырысады. Негіз ретінде «Бақара» сүресінің 28-ші аяты мен «Рум» сүресінің 19-шы аятын келтіреді[9].

 

كَيْفَ تَكْفُرُونَ بِاللَّهِ وَكُنتُمْ أَمْوَاتاً فَأَحْيَاكُمْ   ثُمَّ يُمِيتُكُمْ ثُمَّ يُحْيِيكُمْ ثُمَّ إِلَيْهِ تُرْجَعُونَ

«Өлі денелеріңе жан берген, кейін өлім беретін, сонан соң тағы тірілтетін, кейін Өзіне қайтарылатын Алла Тағалаға қалайша қарсы боласыңдар?» (2.Бақара сүресі, 28-аят).

Осы аяттың мағынасына бойласақ, оның өмірге қайта келумен ешқандай байланысы жоқ. Аяттың мағынасы адамның алғаш рет балшықтан жаратылғандағы өлі сипатына Алла Тағаланың жан бергендігімен байланысты. Содан кейін дүниеге келген адам дәм-тұзы таусылып, қайтыс болып, ақыретте Алланың әмірімен қайта тіріледі.

 

يُخْرِجُ الْحَيَّ مِنَ الْمَيِّتِ وَيُخْرِجُ الْمَيِّتَ مِنَ الْحَيِّ وَيُحْيِي الْأَرْضَ بَعْدَ مَوْتِهَا وَكَذَلِكَ تُخْرَجُونَ

 

«(Алла) өліктен тіріні шығарады, тіріден өлікті шығарады және жерді өлгеннен кейін, (көктемде қайта) тірілтеді. Сендер де (ақырет күнінде қабірлеріңнен) осылай шығарыласыңдар» (30.Рум сүресі, 19-аят).

Бұл аятта Алла Өзінің шексіз құдірет Иесі екенін білдіруде. Бір-біріне қайшы болған өліден тірі, тіріден өлі шығару Алла үшін қиын болмайтындығын пендесіне ескертуде. Аяттың мағынасы өмірге қайта келуді, яғни ренкорнация сенімін меңземейді[10].

Дүрзилер ақыретке иман келтіру мәселесінде де күпірлік етеді. Құран ақыретте болатын мизан (таразы), сырат көпірі, амал дәптері, тозақ, жұмақ жайында тиісінше хабар бергендіктен, мұсылманның міндеті – айтылғанға сену. Ал оларды бұл өмірдегі ешбір затқа ұқсата алмаймыз. Санамызда мизанды (тараз) бір нәрсеге ұқсату мүмкін емес. Дүрзилер болса, есепке тартылу, сауап, күнә, тозақ, жұмақ – ақыретте емес, осы өмірде болады дей келе о дүниенің қорқынышы Хамзаға сенбейтіндер үшін ауыр тиеді деп сенеді[11].

 

в) Дүрзилердің мекен еткен аймақтары

Дүрзилер негізінен төрт әулеттен тарайды: танухи, шиһаби, мағни, жанболат. Осылардан жанболат әулеті сан жағынан көп әрі ықпалды.

Қазіргі таңда әлемдегі дүрзилердің нақты саны белгісіз. Дегенмен болжам бойынша, 500 мыңға жуықтайды. Олар негізінен Ливан, Сирия, Палестина және Иорданияда көбірек шоғырланған. Дерек бойынша, Ливанда 150 000 – 170 000 арасында, Сирияда 260 000 (Алеппода 20 000, Дамаскте 25 000, Катана мен Кунайтарда 200 000), Иорданияда 3000, Израилде 30 000 дүрзи бар. Ал ХІХ ғасырда түрлі себептермен Ливан мен Сириядан көшіп кеткен дүрзилер АҚШ, Австралия және Батыс Африкаға қоныстанған. Венесуэла, Бразилия, Аргентина, Мексика, Чили мен Колумбияда 40 000-дай дүрзи өмір сүруде[12].

Дүрзилер адамға құдай деп сенгені үшін төрт мәзһаб ғалымдары оларды мұсылман санатына жатқызбайды. Олардан «жизя» (мұсылман емес кісіден алынатын жан салығы) алынуына, Ислам билігіне қарасты елде тұруларына қарсы. Кәлиманы айтса да, мұсылмандығы қабыл етілмейді деп пәтуа берген. Олар Исламнан тыс ағым саналады.

 



[1] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 193-194-бет.

[2] Islam ansiklopedisi, Turkiye Diyanet Vakfi, Istanbul 1994, 10-том, 40-бет.

[3] Islam ansiklopedisi, ж.к.е., 10-том, 42-бет.

[4] Islam ansiklopedisi, ж.к.е., 10-том, 43-44 -бет.

[5] ttp://www.nedirbilelim.com

[6] Ислам 4 әйел алуды міндеттемейді, тек алуға ниет еткендерге әділдікпен қарай алса, алуға рұқсат бергендігін шатастырмауымыз қажет.

[7] Мәһір - әйел затының неке қиылмай тұрып болашақ жарынан сыйлық алуы.

* Шариғат әйел затына қолдың білезікке, аяқтың тобыққа дейін және беттің ашық болуына рұқсат еткен.

[8] Islam ansiklopedisi, ж.к.е., 10- том, 44-45 -бет.

[9] Islam ansiklopedisi, ж.к.е., 10 - том, 42 -бет.

[10] Ренкорнация сенімінің Ислам дініне қайшы екендігіне қатысты кеңірек мәлімет алу үшін қараңыз: С.Сейтбеков, Иман негіздері, Алматы 2010, 186-194-беттер. Фетхуллаһ Гүлен. Ғасыр тудырған күмәндар. Алматы 2009. Көкжиек баспасы. 1-том, 45-56-беттер

[11] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 200-бет.

[12] Islam ansiklopedisi, ж.к.е., 10-том, 47-бет.

 

Жоғары