





ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

Язидилік ағым
Язидилік ағымның тарихы жайында көптеген пікір бар. Кейбір ғалымдар аталмыш ағым Язид ибн Әбу Унайс тарапынан негізі қаланған харижиттік ағым деген пікір айтуда. Олардың сенімі бойынша, Алла тарапынан және де пайғамбар жіберілуі тиіс деп әһлу кітапты да мұсылман санаған[1]. Ғасырымызға дейін әлі де жалғасын тауып келген язидиліктің негізін қалаушы Шейх Ади ибн Мусафир. Шейх Ади ибн Мусафир ибн Исмайл ибн Муса ибн Маруан ибн Хасан ибн Маруан Сирияның Бағләбәккә аймағында дүниеге келген, Умея ұрпағынан шыққан. Өз заманында елге аты шыққан сопы болған. Халықты турға жолға салу мақсатында қызмет етіп, сопылық тариқат ашып, сүннит сенімін жайған. Амалды иманның бір бөлігі деген пікірді ұстанған олар әуелде әһлу сүннетті қолдайды және әһлу сүннет жолын ұстанушылардың жаннатқа кіретіндігін мойындаған.
Сол ғасырда шииттер Муауия ибн Әбу Суфянға лағынет айтып, күпірлікпен айыптайтын. Шииттердің бұлай әрекет етулерінің себебі, заманында Муауия Сирия әкімі болып тұрған кезінде Хазіреті Алидің халифалығын қабыл етпей, онымен 657 жылы соғысады. 661 жылы күшпен билікті алған соң Али ұрпақтарын қуғындайды. Ал Ади ибн Мусафир Муауия ибн Әби Суфянға шииттердің тіл тигізуін тоқтату үшін оны қорғаштап, сахаба екендігін, хадис риуаят еткендігін айтып, оны ақтауға тырысады. Оның күні бүгінге дейін кейбір кітаптары жеткенімен, оның қаламынан шықпағандығы анықталған. Ади ибн Мусафирдің тікелей өзі жазған және бүгінгі күнге дейін жеткен еңбегі – «Иғтиқаду әһлус-сунна уәл-жамағати» (әһлу сүннет және жамағаттың сенімі)[2].
Шейх Ади ибн Мусафир 1160 (һижраның 555 ж.) немесе 1162 (һижраның 557 ж.) жылы Мосул[3] маңында қайтыс болады. Ади қайтыс болған соң, орнына баласы шейх Хасан келеді. Ол кезде умеялықтарға, әсіресе Язид ибн Муауияға қарғыс айту үрдіске айналғандықтан әкесі секілді Язид ибн Муауияны қорғауға тырысты. Оны қорғаштаймын деп жүріп, әкесі шейх Ади және Язид екеуі жайында ақылға қонымсыз пікірлер айта бастаған. Нәтижесінде жақсы ниетпен басталған әрекеттің ақыры адасушылықпен аяқталады. Яғни шейх Хасан Исламнан алдыңғы наным-сенімнің әсерінен арыла алмай әкесі Ади мен Язидті тәңірі мәртебесіне жеткізе дәріптейді[4].
Негізінен ауылдық жерлерде шоғырланған язидилер діни сенімдерін әртүрлі діндерден алғандығы байқалады. Етхем Рухи Фыглалының айтуы бойынша, олар бүгінгі таңда Иран, Тиблиси, Баку, Батуми және Арменияның ауылдық жерлерінде, сондай-ақ Түркияның Мардин, Урфа, Сиирт, Бешири және Батман аймақтарында өмір сүруде. Жалпы сандары нақты емес, шамамен 275 мыңдай[5]. Язидилік ағымын ұстанушылардың басым көпшілігін күрдтер құрайды. Негізінен олар Ирактың Мосул қаласында көбірек шоғырланған. Ирак, Иран, Сирия, Түркия, Грузия мен Армениядағы язидилердің жалпы саны бір милион шамасында. Одан да көп болуы мүмкін. Өйткені Еуропаға көшіп, қоныстанғандардың саны белгісіз[6].
Язидиліктің шыққан жері мен тараған аймағы түрлі дін мен мәдениеттердің ошағы болғандықтан бұлардың да түсінігі әрқилы. Әсіресе жаратылыс жайлы діни түсініктері таңқаларлық. Олардың «Китәбул-жилуә» мен «Мусхафы-рәш» атты шейхтерінің кітаптарында жаратылысты қиял-ғажайып аңыз түрінде баяндайды. Бұл екі еңбек те Ади ибн Мусафир тарапынан қаламға алынған деп айтылғанымен, ақиқатқа жанаспайды. Шейх Ади бұл сияқты ақылға қонымсыз мәселені жазбаса керек.
«Китабул-жилуә» атты кітапта жаратылыстан бұрын Тауыс атты періште болғандығы баяндалады. Сонымен қоса, оны жерге жібергенде басы мен соңы болмаған «Аб» атты тауыстың болғандығы, «қораздың» қасиетті құс екендігі, соған ұқсастырып тауыс періште деп аталғаны айтылады. Ал «Мусхафы рәш» атты кітапта алғашқы жаратылған нәрсе ақ түсті маржан екен. Аллаһ ол маржанды Өзі жаратқан Әнфәр атты құстың үстіне қояды. Сөйтіп, Алла да соның үстінде қырық мың жыл бойы жүреді. Құстың үстінде жүріп, күн сайын үлкен періштелерді жаратыпты-мыс.
Олар үшін жеуге тыйым салынған тағам түрлері: қырыққабат (капуста), балық, киік, қораз еті. Әсіресе қораз қасиетті құс болғандықтан етін жеуге болмайды. Сол сияқты қою түсті көк киім киюге болмайды. Дәретхана мен моншаны шайтандардың отыратын мекені деп есептегендіктен, дәретханаға кіру, моншада жуыну – харам. Сондай-ақ шайтан, жіп, топан су, жер, малғұн, таға сөздерін де айтуға тыйым салады[7].
Бүгінде язидилерде заманның өзгеруі мен көне кітаптарының жоғалуына байланысты кейбір өзгешеліктер бар. Яғни олар жаратушы Алланың, жеті қабат аспан мен жерді жаратып, періштелер арқылы жүргізіп отырғандығына сенеді. Бірақ Алланың ең үлкен үш періштесін: Тауыс періште, шейх Һади (Ади) және Сұлтан Язид деп біледі. Әлемдердің Раббысы болған Алла жер бетіндегі адамдар адасқан сайын періштелерінен біреуін адам кейпіне енгізіп, адамдарды тура жолға салу үшін жер бетіне жібереді екен. Язидилер бойынша, Алланың ең әдемі, ең көп қолданылатын есімі – «Худа» (Құдай).
Язидилер иман еткенде: «Худаның бір және құдірет иесі, шейх Һадидің періштесі және язидилердің муршиді, Сұлтан Язид худаның періштесі, жердің нұры, адамдардың сүйіктісі екендігіне, Тауыс періштесі худаның періштесі әрі елшісі екендігіне иман келтіремін», – дейді.
Язидилердің діни құлшылықтары:
Намаз: Таңертең және кешке оқылады. Намаздың алдында қолы мен бетін жуады. Таңертең күн бозарып атқанда сыртқа шығып, күнге қарап дұға оқиды. Кешке күн батып бара жатқанда дұға оқиды. Бөгде кісілермен қатар оқып, құлшылық ететін болса, қолын күнге қарата созып, бетін сүртеді.
Ораза: Арнайы және жалпы болып бөлінеді. Арнайы оразаны дін адамдары ұстайды. Бұлар желтоқсанда жиырма, шілдеде жиырма күн ұстайды. Артынан Мосулдағы шейх Адидің кесенесін зиярат етеді. Сол жерде қалып тағы қырық күн ораза ұстайды.
Жалпы ораза – әрбір язидидің желтоқсан айының басында үш күн ораза ұстайды. Таңнан кешке дейін ешнәрсе ішіп-жемейді. Тек аузы берік кісіге бір нәрсе ұсынылса, кері қайтармай ішіп-жеуіне болады.
Қажылық: Ади ибн Мусафирдің Лалештегі кесенесін зиярат етумен шектеледі. Әр жылы 20-30 қыркүйек аралығы қажылық мезгілі болып саналады.
Зекет: Язидилікте муридтер жылдық табысынан зекет береді. Зекет бергенде табысының он пайызын – шейхтерге, бес пайызын – пірлерге, екі жарым пайызын – фақирлерге (насихат айтушылар) беруге мәжбүр[8].
Язидилікте индуизм сеніміндегі тәрізді тап жүйесі бар.
1. Мір: сенім бойынша шейх Ади ибн Мусафир жер бетінде қызметін аяқтаған соң, орнына Мала Мір руынан Баракатты қалдырған. Содан бастап осы әулеттің ішінен бір Мір сайланады. Мір діни істермен айналысады. Бұлар ешкімге қыз бермейді және алмайды. Мірлер олардың көсемі.
2. Баба шейх: Язидиліктің ең үлкен пәтуа орталығы. Мір жоқ кезде өкілдік етеді. Шаш пен сақалын ешқашан кеспейді. Бастан аяқ ақ түсті киім киеді.
3. Фақир: Уағыз-насихат айтып, ерлі-зайыптылардың арасын жарастырушы. Ауыр қызметі үшін жаннатпен сүйіншілейді. Үстіне киген шапанын өлгенше шешпейді. Фақир болудың бір шарты – бойындағы ешқандай қылын кеспеуі керек.
4. Қаууал: Ади ибн Мусафирдің кесенесінде отырады және жылына бір рет Язиди ауылдарын аралап, қажылыққа келмегендермен сөйлесіп қайтады. Осы сапарларында Ади ибн Мусафирдің қасиетті деген Тауыс періштенің мүсінін алып жүреді де, ауылдарға барғанда оны сүйдіріп, тәуаф еттіреді. Қаууалдың осы қызметі үшін қасиетті құтыға садақа салады.
5. Шейхтер: Оқу-ағарту ісімен айналысатындар. Ең маңызды қызметі – діни насихат. Жаназаны осылар басқарады. Ақ шапандарының үстіне қара және қызыл түсті лента асып жүреді. Зекет жинауға басшылық етеді және керекті жерге таратады.
6. Пір: Язидилерге жол көрсетуші қариялар. Тек өз руынан үйленеді. Қажылыққа келгендерге тамақ, сусын және өзге де қызмет жағынан көмек береді.
7. Кучек: Адидің кесенесін күзеткендерді бақылайды. Көбінесе қаууалмен бірге жүріп, мүсіндерді тасиды.
8. Мурид: Ауылда шаруашылықпен айналысатын ең төменгі дәрежедегі язидилер. Бірнеше ру мен тайпадан құралған. Бұлардың мақсаты мен міндеті – шаруашылықпен айналысып, тақсырларына қызмет ету және салық төлеу.
Язидилікте бұл таптық жүйе қатаң қадағаланады. Біреуінен екіншісіне өтуге болмайды. Сондай-ақ язидилікте жаңа туған сәбиді дереу сүннет ету дәстүрі бар. Туған соң бір апта ішінде немесе екі жасына дейін Ади ибн Мусафирдің кесенесі жанындағы зәмзәм деп атаған суға әкеліп үш рет батырып шомылдыру әдеті бар[9].
Язидиліктің сенімі мен діни түсініктері және құлшылықтары Исламнан ауытқығандықтан оларды ислам дінін қабылдап, сол бойынша өмір сүретін мұсылмандар санатына жатқыза алмаймыз.
[1] Ebu Mansur Abdulkaahir El-Bagdadi, ж.к.е., 216-бет.
[2] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 221-бет.
[3] Мосул – Ирак Республикасының негізгі қалаларының бірі.
[4] http://www.enfal.de/orta09.htm (авторы - Ахмад Өзалп).
[5] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 222-бет.
[6] http://tr.wikipedia.org/wiki/Yezidilik
[7] http://www.enfal.de/orta09.htm (авторы - Ахмад Өзалп)
[8] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 224-225 -бет.
[9] Fığlalı Ethem Ruhi, ж.к.е., 226-227-бет; http://www.islamgulu.org/frmp6800/
