ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Сахабалар жайлы хадистер

Сахабалар жайлы хадистер

Ислам дінін жаю үшін машақатқа толы қиын жолда   Пайғамбарымызға (с.а.у.) серік болып, бүкіл тауқыметті арқалаған саңлақ сахабалар жайлы Пайғамбарымыз хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) хадистері көп. Қиыншылықтарға қарамастан, бұл жолда соңына дейін Алла Расулымен бірге болуға сөз беріп, уәделерінде тұрған адал достары жайлы  Алла Елшісінің (с.а.у.) мақтан тұтар сөздері қалайша көп болмасын?! Кішкене жақсылықтың өзін елеп-ескеріп жадынан еш шығармаған Ардақты Елшінің (с.а.у.) сын сағаттарда қасынан табылған сахабаларын ұмытуы мүмкін бе?! Төмендегі хадистер осының нақты дәлелі:

“Менің асхабымды жамандап сөз айтпаңыздар. Егер сіздерден біріңіздің Ұхұт тауындай алтыны болса және оның барлығын Алла жолында бағыштаса, бұл олардың бір уыстық бағыштарына, тіпті оның жартысына да тең келмейді[1]”.

“Адамдардың ең жақсылары менің ғасырымда өмір сүргендер (сахабалар), содан кейін олардан кейін келгендер (яғни, таби‘ун), содан кейін де олардан кейін келгендер (атбаут-табиин)…[2]”.

“Сахабаларым көктегі жұлдыздар секілді. Қайсысына ерсеңіз де тура жолды табасыз[3]”.

Әлемдерге рақым етіп жіберілген ақырғы Пайғамбарға (с.а.у.) серік болған сахабалар өздерінен кейін келетін бүкіл ұрпақтар үшін үлгі-өнеге. Шынайы Ислам түсінігі мен өмір сүру дәстүрі сахабалардың кезінде айқын көрініс тапты. Хадисте айтылғандай, олардың өмірі – кейінгі ұрпақ үшін қараңғы түнекте бағыт сілтейтін шамшырақ.  


[1] Бухари, Фадаилу-с-сахаба, 5; Муслим, Фадаилу-с-сахаба, 221.
[2] Бухари, Фадаилус-сахаба, 1; Муслим, Фадаилус-сахаба, 212.
[3] Ажлуни, Кашфул-хафа, Бейрут, 1351,1:132.

Жоғары