ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Құлшылығы

Құлшылығы

Имам Ағзам Әбу Ханифаның түнгі намазын қиямда тігінен тік сағаттап ұзақ оқитындығына байланысты былайғы жұрт оны «Діңгек» деп атаған.  Бұл жайлы  көптеген риуаяттар бар. Солардың бірінде Әбу Асим Набил «Әбу Ханифа намазды ұзақ оқитыны сонша,  оны білетіндер «Діңгек» деп атап кетті» деген[1].

Әбу Ханифа өзі туралы жақсы ойлап, жағымды пікір қалыптасқандардың сөзін жалғанға шығармау үшін олардың сенімінен шығып, лайықты әрекет етуге тырысатын. Әбу Юсуфтың мына бір сөзі соған дәлел. «Әбу Ханифамен бірге кетіп бара жатқан едім. Анадай жерде екі адам өзара сөйлесіп тұрған. Кенет, біреуі екіншісіне: «Әбу Ханифа түнде ұйықтамайды» дегенін құлағымыз шалып қалды. Мұны естіген  ұстазым: «Аллаһқа ант етемін! Ешкім де менің істемеген ісімді айтпайды» деп, елдің өзі жайлы оң пікіріне лайық болу үшін сол күннен бастап түнгі уақытын намаз оқумен, Аллаһқа дұға етумен, құлшылықпен өткізетін болды».

Басқа бір риуаятта Яхия әл-Химани деген кісі әкесінің былай дегенін естіген: «Мен Әбу Ханифамен алты ай бойы таң уақытында бірге болдым. Ол құптан намазының дәретімен таңғы намазын оқитын және әр түні таңға дейін Құранды толық хатым ететін»[2].

Ал Ибн Мубарактың Әбу Ханифа жайында «Бір дәретпен бес уақыт намаз оқыған» дегені де бар. Бұл риуаяттар Әбу Ханифаның құлшылыққа барынша берілгендігін көрсетеді. Ол ел жастыққа бас қойғанда тынығып алудың орнына  құлшылық еткенді жөн көрген. Шамасы келсе, аз ұйықтап, көп құлшылық етуге тырысқан.

Оның құлшылық еткен уақыты ұйқыға жіберген уақытынан көп. Әбу Ханифаның баласының тәрбиешісі былай дейді: «Әбу Ханифаны танып-білгелі оның бар түнді толық ұйқымен өткізгенін көрмедім. Жаз мезгілінде бесін мен екінті намаздарының арасында ұйықтайтын. Ал қыс мезгілінде түннің алғашқы уақытында мешітте көз шырымын алатын», – дейді. Абдуллаһ ибн Муқри: «Егер сен Әбу Ханифаның намаз оқып жатқанын көрсең, оның бар тіршілігі тек намаз оқу шығар деп қаласың» деп[3], Әбу Ханифаның намазға деген ықыласының қаншалықты жоғары болғандығын айтады.

Әбу Ханифа Құран аяттарының мән-мағынасына бойлап, зер сала оқитын еді. Нәпіл намаздарында аяттың мағынасына бойлаған сайын айрықша толқитыны сонша, кейбір аяттарды оқығанда көзінен жас тоқтамай, таң ағарып атқанға дейін құлшылық ететін. Бұл жайында Қасим ибн Муғин: «Әбу Ханифа тахажжуд намазында «بَلِ السَّاعَةُ مَوْعِدُهُمْ وَالسَّاعَةُ أَدْهَىٰ وَأَمَرُّ» «Әлбетте, оларға уәде етілген қиямет күн өте  үрейлі, әрі тым ащы бір мезгіл»[4] деген аятты оқығанда еңкілдеп, Аллаһқа жалбарынып, таң атқанға дейін осы аятты  қайталаумен болды»  дейді.



[1]   әз-Зәхәби; Манақиб, 21-б.

 [2]  Бұл да сонда, 21-б.

 [3]  Бұл да сонда, 22-б.

 [4]  «Қамар» сүресі, 36-аят

Жоғары