ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Матуриди мектебінің өкілі имам Нурид-дин ас-Сабуни әл-Бұхари

Әбу Мұхаммед Нурид-дин Ахмед ибн Махмуд ибн Әбу Бәкір ас-Сабуни әл-Бұхари (580/1184)

Матуриди мектебінің алдыңғы қатарлы өкілі Бұхаралық Нурид-дин ас-Сабуни. Туылған жылы туралы толық мағлұмат жоқ. Табақат кітаптарында «имам, Нурид-дин, Нурид-дин әл-имам, шейх әл-имам» деген аттармен кездеседі. Фахруддин ар-Рази Бұхарада оған Нур ас-Сабуни делінгендігін айтады. Десе де, ғалымға неліктен Сабуни (сабын шығарушы немесе сабын сатушы) деген есімнің таңылғаны белгісіз. Сондай-ақ, оның Бұхарада туып, сонда қайтыс болғандықтан, ғалымның аты-жөнінде Бұхари атауының болуы да заңды.

Қажылық сапарынан басқа жерлерге барғандығы туралы деректер кездеспейді. Тек, Фахруддин ар-Рази өзінің «Муназарат» атты еңбегінде Сабунидің қажылық сапарында Хорасан мен Ирактағы мешіттердің бірінде насихат айтқандығын жазады. Сондай-ақ, Бұхара және Мауараннаһрда танымал Әбу Ханифа мен Матуриди ғалымы екендігі, бақуатты отбасында дүниеге келгендігі де айтылады.

Кей дерек көздерінде Сабунидің қазақтың Кердері қаласы және тайпасынан (руынан) шыққан ғұламалардың бірі жерлесіміз Әбд әл-Ғафур (Әбд әл-Ғаффар) ибн Лұқман ибн Мұхаммед әл-Ханафи әл-Кердериден (ө.562/1167) фиқһ дәрісін алғандығы жайлы мәліметтер ұшырасады[1]. Кердери халық арасында «Шамс әл-Айимма» («Имамдардың шамшырағы») деген лауазыммен танымал[2].  

Еңбектері:

Сабуни алғашқы шығармасын Кәлам саласына арнап, «әл-Кифая фи-л һидая» атты еңбек жазды. Бірақ, бұл еңбегі көлем жағынан өте ауқымды болғандықтан, кейіннен оны ықшамдап, «әл-Бидая фи усули-д дин» атты екінші кітабын жарыққа шығарды. Келесі еңбегі − «әл-Мунтақа мин исмати-л әнбия». Бұл еңбек Сабуниге тән емес дегендер болса да, автор «әл-Кифая» атты еңбектің нубууат бөлімінде осы еңбек туралы жазады.

Сондай-ақ, Әбу Хафс Нәжм ад-дин Омар Нәсафи (-537/1142) «Ақидату-н Насафи»; Алауид-дин Әбу Бәкір ас-Самарқанди (540/1145) «Шарху Тәуилату әһли-с Сунна»; Бурхан ад-дин ән-Нәсафи (687/1289); Әбул Бәракат Хафизуд-дин Нәсафи (-710/1310) «әл-Умда әл иътимад»; Молла Алийул Қари (1014/1605), «Шарху Фиқһил Акбар» сынды тәпсір, әдебиет және тарих саласын жетік меңгерген ғалымдардың да Матуриди мектебіне сіңірген еңбегі зор.



[1]     Ислам энциклопедиясы, Түркия дианет вакфы, Стамбул 2008. 35-том, 360-б.

 [2]     «Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабы және қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары, Әбсаттар қажы Дербісәлі «Түркиядағы жазба жәдігерлеріміз», Алматы, 2009, 54-б.

Жоғары