ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Матуриди мектебінің өкілі имам ән-Насафи

Әбу-л Муин Мәймун ибн Мұхаммед
ән-Нәсафи (508/1114)

Әбу-л Муин ән-Нәсафи 1047-жылы (хижра 438) Мауараннаһр аймағындағы Насаф (негізгі атауы – Нахшаб, кейіннен – Қарши деп аталды) қаласында зиялы отбасында дүниеге келіп, 1115-жылы (хижра 508) Бұхарада қайтыс болған. Толық аты Әбу-л Муин Мәймун ибн Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Мутамид ән-Нәсафи. Ғылыми зерттеулерде оның атасы Әбу-л Мути Макхул ибн Фадл ән-Нәсафидің Ханафи мәзһабының алдыңғы қатарлы ғалымы болғандығы айтылады.

Әбул Муин ән-Нәсафидің ілімді қайдан және кімнен алғандығы жайлы мағлұматтар жоқ деуге болады. Алайда, оған туып өскен ортасындағы ғылыми ортаның әсері болғандығы анық. Сол кездері Насаф қаласы Мауараннаһр аймағындағы ғылым-білімнің бірден-бір орталығы еді. Алайда, бұл күндері қаланың орны қалмағанымен, біз бұл қаланы сол жерден шыққан ғұламалар арқылы білеміз.

Әбу-л Муин ән-Нәсафи Ислам құқығы мен Ислам дінінің сенімге қатысты мәселелерін қарастыратын ғылым салаларын жіті зерттеп, Мауараннаһр өлкесіндегі кәлам мен Ислам құқығы саласында Матуриди мектебі ғалымдарының имамы болып саналған. Ол сол дәуірдегі Нәжмуддин Омар ән-Нәсафи, Алауиддин ас-Самарқанди, Ахмед әл-Паздауи, Исмаил ибн Ади ат-Талақани, Ахмед ибн Фарах ас-Суғди және Әбул Хасан әл-Балхи сынды т.б. бірнеше танымал ғұламаларға дәріс берген. Матуриди мәзһабының күшеюіне, Самарқанд ислам құқығы әдістемесінің дамуына Нәсафидің қосқан үлесі мол.

Шәкірттерінің бірі − Алауиддин ас-Самарқандидің ол туралы жазғандары Нәсафидің сүннеттің таралуына Әбу Ханифа мәзһабының нығаюына үлес қосқандығын аңғартады.

Француз шығыстанушысы Луи Массиньон Нәсафидің атасы Каррамия[1] мектебінің өкілі Яхия ибн Муаз ар-Разиден дәріс алған. Сондықтан, ол Нәсафиді каррамия мектебінің кәламшысы деген пікір білдірген. Алайда бұл үстірт айтылған қате көзқарас. Керісінше, Нәсафи Каррамия мектебін сынап, тіпті оған қарсы еңбектер жазғандығы белгілі.

Матуриди мектебінің ғұламалары «Табсирату-л Әдилла фи Усулу-д Дин» (Дін негіздері дәлелдерінің түсі­ніктемесі) еңбегін маңызды қайнар ретінде қарастыруы − оның сүннит кәламшысы екендігінің бірден-бір дәлелі[2].

Нәжмуддин Омардың қалыптасуына ұстазының ықпалы болғанын, оның «Ақайд» атты еңбегінен байқаймыз. Оның бұл еңбегі Әбу-л Муин ән-Нәсафидің «Табсирату-л Әдилланың» мазмұны іспетті.

Әбу-л Муин ән-Нәсафи тафсир, хадис, Ислам құқығы және кәлам салаларында құнды еңбектер жазып қалдырған. Оның «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегі Матуриди мәзһабындағы ең ауқымды, әрі мәселелерді терең қамтитын құнды еңбек. Еңбектің мазмұнында таным теориясы, әлемнің жаратылысы, Аллаһтың бар екендігінің дәлелдері мен сипаттары қамтылған.

Бұл еңбек 1977-жылы Мысырда Мұхаммед әл-Әнуар Хамид Иса Абдуззахир, 1993-жылы Дамаскте Клод Салам (Claude Salame) және Түркияда Анкара университеті теология факультетінің докторы, профессор Хұсейн Атай тарапынан зерттеліп кітап болып жарыққа шықты.

Белгілі дінтанушы Фатхулла Хулейф Әбу-л Муин ән-Нәсафидің «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегін Матуридидің «Китабу-т Таухид» атты кітабынан кейінгі маңызды әдебиет екендігін айтады[3].

Осы еңбекті арнайы қарастырған Мұхаммед ибн Тауит ат-Танжи Стамбул кітапханасындағы алты нұсқаға арқа сүйеп, бұл еңбектен Матуриди мектебінің басты ерекшеліктерін байқауға болатындығын жазған болатын.

Атақты түрік саяхатшысы Челеби (ө.1067/1657) де Нәсафидің бұл еңбегінде қарсы пікірде ұстанғандарға әһли сүннет сенімі шеңберінде ықшамды әрі нақты дәлелдермен жауап қатқандығын мақтанышпен айтады[4].

Нәсафидің замандасы әрі Матуриди мектебінің өкілі Бұхаралық Нуреддин ас-Сабуни (ө.580/1184), Әшғари кәламының өкілі Фахр ад-дин ар-Разимен болған пікірталаста: «Мен Нәсафидің «Табсиратул Әдилла» атты еңбегін оқыдым. Дәл осы тәрізді терең, әрі жан-жақты зерттелген еңбекті көрмедім», − дейді[5]

Нәсафи еңбегінде тақырыптардың жүйелілігі мен түсіндірілуі жағынан Матуридиден ерекшеленген. Әр тақырыпты Матуриди сенім аясында жоспарлы әрі жүйелі бастап, бірнеше жерде Матуридиге сілтеме жасап отырған, тіпті кейбір жерлерде Матуридидің пікірлерін толық берген[6]. Демек, біз бұл жерден Әбу-л Муин ән-Нәсафидің Матуриди сеніміне берік болғандығын көреміз.

Қазіргі таңда Нәсафидің «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегінің бірнеше қолжазба нұсқалары түрлі кітапханаларда сақталған. Стамбул кітапханасының өзінде бірнеше нұсқасы бар[7].

Нәсафидің «Табсирату-л Әдилла» атты еңбегінен басқа, «Баһру-л кәлам фи ақайди әһлил-ислам» (Мұсылмандар ақидасындағы сөздер теңізі) атты мұхтасар кәлам тақырыптарына арналған кітабы бар. Бұл еңбектің аты кейбір кітаптарда «Ақаид» және «Мубахасату Әһли-с Суннати уа-л Жамаа» (Әһли сүннет және жамағатының ізденістері) деп те аталады.

«Баһрул кәлам» атты еңбегі 59 бөлімнен тұрады. Кейбір деректерде оның 64 бөлім екендігі де айтылады. Еңбектің кіріспесінде таухид, сенім және дін терминдерінің анықтамасы беріліп, екінші бөлімінде Аллаһ жайында таным (мағрифатуллах), сенім, ерік және т.б. осыларға қатысты мәселелер туралы мәзһабтардың түрлі көзқарастары қамтылған. Еңбектің бір нұсқасы Ташкент кітап қорларының бірінде сақтаулы.

Иман шарттары, мұғжиза, керемет және Мұхаммед пайғамбардың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) миғражы, періште секілді т.б. тақырыптарға тоқталған. Сондай-ақ, «Жәбрия», «Харижия», «Жәһмия» және «Муржия» секілді ағымдардың пікірлеріне жауап берген. Соңғы бөлімде қабір азабы, есеп, таразы, қыл көпір, жұмақ пен тозақ сынды тақырыптар қарастырылған.

Бұл еңбекке Хасан ибн Әли әл-Мақдиси мен Ахмед ибн Махмуд әл-Бұхари түсіндірме жазып, ол түсіндірмесі 1911-жылы Каир мен Түркияда басылып шыққан.

Келесі бір еңбек Таухид негізін қамтыған «ат-Тамхид ли Қауаиди-т Таухид» (Таухид қағидаларына кіріспе) шығармасы. Еңбек ақыл арқылы және аят-хадис жолымен Матуриди мәзһабының негізгі сенім негіздерін дәлелдеген шығарма. Еңбекте «Танымға ие болу жолдары қандай?», «Аллаһқа деген сенімге қалай ие болу керек?», «Пайғамбарлық не үшін қажет?», «Тағдырға деген сенімнің мағынасы не?» деген секілді сұрақтарға Матуриди сенімі аясында жауап берілген. Демек, бұл еңбекті тек кәламшыларға ғана емес, күллі оқырмандарға арналған еңбек деуге әбден болады. Қолжазба «Табсирату-л Әдилла» еңбегінің мазмұны іспетті. Еңбек 33 тараудан тұрады. Қазіргі таңда «ат-Тамхид ли Қауаиди-т Таухид» атты еңбегінің бірнеше қолжазба нұсқалары түрлі кітапханаларда сақталған. Мәселен Стамбул қаласының кітапханасында бірнеше нұсқасы бар[8].

Бұл еңбекке Сыр бойынан (Сығанақ шаһарынан) шыққан жерлесіміз ғұлама Хұсейн ибн Әли ас-Сығнақи «әт-Тастид фи шархи-т Тамхид» деген атпен түсіндірме жазған[9].

Әбу Бәкір әл-Бақиллани (ө.403/1013) мен Әбу Мұхаммед әл-Ғазалидің (505/1111) Әшғари Кәлам мектебінде орны қандай болса, Әбу-л Муин ән-Нәсафидің де Матуриди мектебінде орны сондай болған.

Нәсафидің артына қалдырған ғылыми мұралары мазмұны жағынан да, құндылығы жағынан да, бүгінгі қазақ қоғамына қажетілігі жағынан да өте маңызды. Әр мәселені бүге-шүгесіне дейін зерттеп-зерделеп, әбден пісіріп жазатын көне көз ғалымдардың қатарына имам Нәсафиді де жатқызуға болады.



[1] Каррамия ағымының негізін Әбу Абдуллаһ Мұхаммед ибн Каррам әл-Сижистани (ө.255/869 Иерусалим) қалаған. Мұхаммед ибн Каррам Аллаһ тағалаға заттық бейне бергендіктен, Мужассима ағымынан саналды. Сондай-ақ Исламның сенімдік және ғибадат негіздерін өз көзқарастарына сай жорамалдады.

 [2]  Ислам энциклопедиясы. ТДВ. Стамбул. т.ХХХІІ. 2006. 569-570-б.

 [3]  Матуриди. «Китабу-т Таухид» (ауд:Фатхулла Хулейф). «Муқаддима» 5-б.

 [4]  Челеби. «Кашфу-з Зунун ән-Әсамил Кутуби уә-л Фунун». Тегеран. 1947. I/337-б.

 [5]  Матуриди. «Китабу-т Таухид». 5-б.

 [6] Языжыоғлы С.М., «Матуриди ве Насафие гөре инсан хурриети каврамы». Анкара. 1988. 20-б.

 [7] Нури Османия, 2097, 1121ж. 224-б.; ІІІ Ахмед (Топкапы сарайы) 1894, 662ж. 270-б.; Атыф эфенди, 1215, 249-б.; Салим аға, 586, 252-б.; Баязид, 3063, 393 ... т.б.

 [8]  Баязид, №3078, 158 парақ, Атыф эфенди, 1221, Стамбул, 648. 117 парақ

 [9] Кайышоғлы Нурулла, «Әбу-л Муин ән-Насафие гөре исбаты нубууа». Стамбул. 1999. 11-б.

Жоғары