ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Имам Әбу Мансур әл-Матуридидің басты шәкірттері және Матуриди мектебінің негізгі жалғастырушылары

Имам Әбу Мансур әл-Матуридидің  басты шәкірттері және Матуриди мектебінің негізгі жалғастырушылары

Имам Матуриди ұстанымдарын артынан шәкірттері жалғастырған болатын. Солардың өмірі мен шығармашылығына жеке-жеке тоқтала кетсек:

1. Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед әс-Самарқанди (342/953).

Хаким ас-Самарқанди. Көпшілікке осылай танылған. Ғалымның толық аты Латиф Әбул Қасым Исхақ ибн Мұхаммед ибн Исмайл әл-Қади әл-Ханафи. Имам Матуридиден фиқһ, кәлам саласы бойынша дәріс алған. Балхтың алдыңғы қатарлы ғалымдарынан дәріс алып, білімін жетілдірген. Самарқандта ұзақ мерзім қазылық қызметін атқарған.

Еңбектері:

Хаким ас-Самарқанди кәлам, фиқһ және Құран тәуилі тақырыптарында еңбектер қалдырған. Олардың кейбірі «Сауадул-Ағзам», «Ақидату-л-имам Шарху Фиқһи-л акбар» және «әл-Әсила уә-л әжуиба».

«Сауадул-Ағзам» Матуриди кәлам мектебінің алғашқы дәуір еңбектерінің маңызды еңбектерінен. Бұл еңбек өзге еңбектерге қарағанда тақырыптарды кеңінен қарастырған. Онда асхабус сунна уәл жамағаттың ұстануы керек болған ақидаға қатысты (алпыс екі) тақырыптарды тізбектеп көрсеткен.      

2. Әбул Хасан Әли ибн Саид ар-Рустуғфани әл-Ханафи (345/956).

Рустуғфани жайлы толық мағлұмат жоқ. Деректердің кейбірінде оның аты − Рустуфағни деп те кездеседі. Алғашқы білімін Рустуғфанда алған. Кейіннен білім алуды Самарқанда жалғастырған.

Әбул Муин ән-Нәсафи кей еңбектерінде Рустуғфаниді Матуридидің досы десе, басқа бір еңбектерінде шәкірті деп жазады[1]. Бұл да болса, Рустуғфани Матуридидің шәкірті әрі ең жақын досы екендігін білдіреді. Сондай-ақ, Рустуғфани Матуридимен фиқһ тақырыптарында пікірталас жасай алатындай деңгейдегі білімді ғалым болған.

Қысқа уақыт аралығында Рустуғфани Самарқанд пен Мауараннаһрда есімін ел білетін «Ханафи» және «Матуриди» ғалымы ретінде танылды.

Еңбектері:

Нәсафи, Рустуғфанидің кәлам ғылымына қатысты «Иршаду-л Мухтади», және «аз-Зауайд уә-л Фауайд» атты еңбектерімен қатар, басқа да кітаптарының бар екендігін айтса[2], Лакнауи «Китаб фи-л Хилаф», Фуат Сезгин «әл-Әсила уә-л Әжуиба» атты еңбектерінің болғандығын алға тартады[3]. Аталмыш еңбектерде бірқатар танымал ғұламалардың есімдерімен қатар араб тілі және әдебиеті, Ислам діні негіздері жайлы тақырыптар да қамтылған.  

3. Әбу-л Ләйс әл-Бұхари ас-Самарқанди (373/983).

Әбу-л Ләйс Наср ибн Мұхаммед ас-Самарқанди, фиқһ және кәлам ғылымын меңгерген. Білімді Самарқанд, Балх, Бұхара және Бағдатқа барып алған. Алғашқы сабақты әкесінен алса, фиқһ және кәлам сабақтарын Әбу Ахмед әл-Ядиден үйренген. Әсіресе, фиқһ саласындағы негізгі ұстазы «кішкентай Әбу Ханифа» деген атпен танымал Балхтық Әбу Жағар әл-Хиндууани (362/973) болған. Ханафи фиқһамен қатар тәпсір, хадис салаларын да меңгерген. 

Ханафи мәзһабының дамуына ерекше еңбек сіңірген. Әбу-л Ләйс ас-Самарқанди алғашқы ханафи фиқһ жүйесін дамытқан. Сондай-ақ, фиқһқа қатысты мәзһабтар арасында туындаған түрлі пікірлерді жинақтап зерттегендіктен, осы саланың негізін қалаушы ретінде танылған. Және де Ханафи мәзһабының фақиһ ғалымдары мен олардың көзқарастыры туралы жазылған алғашқы үлгі еңбек осы Әбу-л Ләйс әл-Бұхари ас-Самарқандиге тән. III/IV ғасырларда өмір сүрген маңызды кейбір ханафи фақиһтарының көзқарастары Әбу-л Ләйс ас-Самарқандидің осы еңбегі арқылы кейінгі ұрпаққа жеткен.

Уақыт өте келе, имам Матуриди секілді «Имамул Һуда» (тура жол көсемі, Һидаят көшбасшысы) деген лақап атқа ие болған.

Әбу-л Ләйс Самарқанди − уағыз-насихат және ғылымхал секілді еңбектерінің арқасында Ислам әлемінде ең танымал ғалымдардың бірі болған. Еңбектері Индонезия, Андалусияға дейін таралған. Сондай-ақ, еңбектері бірнеше тілге аударылған. 

Еңбектері:

«Хизанату-л фиқһ» алғашқы ханафи мұхтасарының бірі. Салахаддин ән-Нахи тарапынан автордың «Уйун ал-масаил» атты еңбегімен бірге (Бағдат, 1385-1387/1965-1967 жылдары) жарияланды.

«Нәуазил» (әл-Фәтауа). «әл-Фәтауа» еңбегі − кей деректерде «ән-Нәуазил минәл Фәтауа», «Фәтауа-н Нәуазил» және «Мұхтарату-н Нәуазил» деп те кездеседі.

«Муқаддима фис-салат». Сондай-ақ, «Муқаддимату Абу Лайс  ал-Муқаддима фил Фиқһ» деп те аталады. Мұнда намаз құлшылығымен қатар, кейбір ақида тақырыптарына да тоқталған. Көптеген ғұламалар тарапынан еңбекке түсіндірме (шарх) жасалған. Олардың арасынан Хасан ат-Тулунидің «Шарху Муқаддимати Абу-л Лайс фи-л фиқһ» және Муслихуддин ибн Мұстафа ибн Айдогмуштың «ат-Таузиһ әла Муқаддиматис-Салат ли Аби-л Лайс ас-Самарқанди» атты еңбектерін атап кетуге болады.

«Бәйану Ақидати-л Усул» Әһли сүннеттің сенім негіздері түрінде жинақталған рисаласы Индонезияда, Малайзияда және Оңтүстік Африкада кеңінен таралған. 

«Тәнбиһу-л Ғафилин». Бұл еңбек Пайғамбарымыз және сахаба ғалымдардың риуаяттарынан жинақталған уағыз-насихаттан тұратын құнды еңбек. Сондай-ақ, бұл еңбекте ақида, фиқһ (құлшылық), ахлақ, Құран және рамазан айының ерекшелігі секілді тақырыптар баяндалады. Ең көп оқылған еңбектердің қатарында. Тіпті, Испан диалектісіне де аударылған. Еңбек тұрақты түрде 1311-жылы Каирде, «Бустану-л арифин» (уағыз-насихат кітабы) деген атпен бірнеше рет (1869-жылы Калькуттада, 1303, 1306, 1309, 1319-жылы Каирде, 1304-жылы Бомбейде, 1403/1983-жылы Бейрутта, 1405/1985-жылы Дамаскіде) басылды.

4. Әбу Мұхаммед Абду-л Кәрим ибн Мұса ибн Иса әл-Паздауи (390/1000).

Әбу-л Йуср әл-Паздауидің атасы. Матуридиден фиқһ және кәлам сабақтарын алған. Әсіресе, фиқһ саласында маманданды. Абдулқадир әл-Қураши, Паздауидің 390-жылы Рамазан айында дүние салғандығын айтады. Жакардизеде жерленген.[4]

5. Әбу Ахмед әл-Йади (IV/X ғасырдың басы)

Ахмед ибн Әбу Наср Ахмед ибн әл-Аббас Матуридидің ұстазы болған Әбу Насыр әл-Йадидің ұлы. Өз әкесі және Самарқанда орналасқан «Дару-л Жүзжания» атты білім орталығында имам Матуридиден фиқһ, кәлам және мәзһабтар тақырыбында дәріс алған.



[1] Әбу-л Муин ән-Нәсафи, Табситатул әдилла, баспаға дайындаған: Клод Салам, Дамаск, 1990, 1-т., 28-б. 359-б.

[2]  Нәсафи, Табсира. 1-т., 91-б. 358-б.

[3]  Ислам энциклопедиясы. Стамбул, 2008. 297-б.

[4]  Ибн Кутлұбұға. Табақатул Ханафия. 1-т., 327-б.; Паздауи, Әхли суннат ақайды (ауд: Ш.Голжук), Стамбул, 1988, 3-б.

Жоғары