ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Ыдырыс пайғамбар (а.с.)

Ыдырыс пайғамбар (а.с.)

Ыдырыс (а.с.) – Құранда аты аталған пайғамбарлардың бірі. Кейбір деректерде Нұхтың арғы атасы екендігі айтылған. Адам Атаның (а.с.) ізін ала жіберілген деген дерек те кездеседі. Ыдырыс пайғамбардың қасиеттері Құранның төрт аятында суреттеледі. Алғашқы екеуінде пайғамбарлығы мен шыншылдығы, жоғары мәртебеге көтерілгендігі сөз етілсе, ақырғы екеуінде сабырлығы, рақымдылыққа бөленгендігі, сондай-ақ игі жақсылардың қатарында болғандығы айтылған.

Әуелгісі «Әнбия» сүресінде Аллаһ тағала: «Исмайыл, Ыдырыс, Зүлкифл де сабырлы еді. Сондай-ақ оларды рақымымызға бөледік. Өйткені олар игі жақсылардан еді»[1], – дейді. Сабырлық – пайғамбарлардың ерекше қасиеттерінің бірі. Пайғамбарлардан өзге адамдар да сабырлық танытуы мүмкін. Бірақ пайғамбарлардың сабырлығы мүлде басқа. Сабырлық бейне бір олардың табиғаты сияқты. Пайғамбарлық – ауыр міндет. Ол үшін асқан төзімділік қажет. Задында, сабыр жоқ жерде алға қойған мақсатқа жету де жоқ. Сол себепті пайғамбарларға сабырлық ауадай қажет. Нәпсінің ығында кетпеудің де бір сыры осында. Құдай тағаланың сынынан сүрінбей өтудің жолы да сабырлықта жатыр.

Сынақ демекші, өмірде сынақтың ең ауырын пайғамбарлар бастан кешкен. Аллаһ тағала бұл хақында: «Осылайша әр пайғамбарға адамдар мен жынның шайтандарын дұшпан қылдық»[2], дейді. Сондықтан пайғамбарлардың арқалаған ауыртпалығын жай адамның көрген қиыншылығымен салыстыру қиын.

Құранда Исмайыл пайғамбардың қандай сынаққа түсіп, сабырлық танытқандығы айтылғанда, Ыдырыс пайғамбардың да есімінің қоса аталуы тегін емес. Демек, ол да дәл Исмайыл (а.с.) сияқты сынаққа душар болған. Өзінің Хақ тағалаға мойынсұнған сабырлы құл екендігін ісімен дәлелдеп, Исмайыл пайғамбардай сабырлық таныта білген. Яки ол өзге пайғамбарлар тәрізді бір елге жіберіліп, сол елден көп жапа көріп, сол халықты тура жолға шақыруда небір ауыртпалықтарға төзген болуы да мүмкін. Қай жағынан алғанда да біз оның барлық сынаққа шыдамдылық танытып, өзге пайғамбарлар сияқты сабырлықтың шыңын бағындырғанын байқаймыз.

Ыдырыс (а.с.) пайғамбарлықтан бұрын да, кейін де турашыл мінезінен қайтпаған. Өзінің абыройлы міндетіне сай бола білген. «Мәриям» сүресінде: «Кітаптан Ыдырысты есіңе ал. Ол турашыл пайғамбар еді. Оны жоғарғы орынға көтердік»[3], деп, оның осы турашыл мінезі сөз етілген.

Турашылдық – пайғамбарлардың бағыт түзер темірқазығы. Олар қашанда осы негізден ауытқымайды. Әр сөзі қоспасыз шындықтан құралады. Ақиқатты бұрмаламайды. Төрткүл дүние төңкеріліп кетсе де, шындықты паш етуден қаймықпайды. Үмбетке тура жолды көрсету үшін алдымен өздері сол жолдың сардары болып жол бастайды. Турашылдық – пайғамбарлыққа аса қажет қасиет. Ол қолдағы алдаспан іспетті. Пайғамбарлардың турашыл болмауы мүмкін емес. Өйткені өзі тура болмағанның сөзі тура болмайды. Сөзі тура болмағанның ісі тура болмайды. Бойында жамандығы бар адам ешқашан өзгелерді тура жолға сала алмайды. Сол себепті пайғамбарлар барлық жаман қасиеттерден пәк болады. Турашылдар жалғандықты ұнатпайды. Сол себепті жалған мен өтірікті жақтайтындар пайғамбарлармен ымыраға келе алмайды. Жер бетін жалғандық жайлаған заматтарда әлемде қара түнек орнаған. Адамзат күллі құндылықтарынан көз жазған. Бірақ осындай адасушылықтарға тап болған кезде, Хақ тағала рақым етіп, әр халыққа пайғамбарларын жіберіп отырған. Олар өз міндетіне сай жалғандықпен күресіп, саналы жандарды ақиқатқа бастаған.

Ыдырыс пайғамбар да адасқан қауымды жөнге салу үшін жіберілді. Ол да өзгелерге турашылдықты үлгі етті. Хақ тағала оған отыз беттік қасиетті жазба парақтар (сухуф) түсірген. Бірақ ел иліге қоймады. Иманға келгендер саны аз еді.

Аят-хадистерде Ыдырыс пайғамбардың қауымы, күресі жайлы деректер жоқтың қасы. «Исраилияттан» жеткен хабарлар болса, ақиқаттан алшақтау. Ыдырыс пен Адам атаның (а.с.) арасын мың жылдай уақыт бөліп жатыр дейтін деректер де ұшырасады[4].

Ыдырыс пайғамбар – алғаш қалам ұстаған адам. Яғни, жазу осы шақтан бастап дами бастаған деуге негіз бар. Уахи арқылы ең алғаш ине жасап, киім де тіккен. Бұл шаққа дейін адамдар аң терісін жамылып келген-ді. Сондай-ақ ол алғаш рет таразы жасауды игеріп, есеп-қисаппен де айналысқан[5].

Пайғамбарлар рухани жолбасшы болумен қатар қоғамдық тұрмыс пен өркениетті дамытуды да қолға алған. Айталық, ең алғашқы құрылысты Адам ата (а.с.) бастаған жоқ па? Сондықтан әр ел өз пайғамбарына толықтай бағынуы қажет. Өйткені пайғамбарға бағынбағандар рухани жағынан ғана емес, тұрмыстық және дүниеуи тұрғыдан да өрге баспайды. Ыдырыстан (а.с.) кейінгі Нұх пайғамбар алғаш рет кеме жасауды үйреткен. Мұса (а.с.) болса, аса таяғымен тасты түртіп су шығару арқылы жер қойнауынан сыр аңдатқан. Жер беті судан тапшылық көрсе, жердің астындағы қайнар суларды шығару жолдарын көрсеткен. Бұндай мұғжизалар – пайғамбарлар арқылы адамзатқа өркениет үйретілгендігінің белгісі.

Көкке көтерілуі

Ыдырыс пайғамбардың жер бетінде қайтыс болғаны туралы мағлұмат жоқ. Құранға көз салсақ, аятта оның көкке көтерілгендігі баяндалады. «Мәриям» сүресінде: «Біз оны жоғарғы орынға көтердік»[6]деп айтылады. Бұл аят турасында ғұламалар арасында айтылып жүрген пікірлер әр алуан болып келеді. Атақты тәпсірші ғұлама Фахреддин Рази «Жоғары орынға көтерілу» сөзін рухани мәртебе болуы мүмкін деп жорамал жасайды. «Аллаһ тағала оған пайғамбарлық және отыз беттік парақтар берген. Ендеше, оның «жоғары орны» осы болса керек» дейді. Бұған Құрандағы: «Біз сенің абыройыңды көтермедік пе?»[7] деген аятты айғақ етіп көрсетеді.

Келесі көзқарастағылар оның Иса (а.с.) тәрізді жоғары көтеріліп, көктің төртінші қабатын мекендегенін айтады. Оған айғақ ретінде Мұхаммед пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Миғражға шыққан кезде, төртінші қабатта Ыдырыспен (а.с.) кездесіп, сәлемдескендігін[8] алға тартады. Бұл қисынға сүйенсек, Ыдырыс (а.с.) тірі кезінде көкке көтерілген. Кейбір ғалымдар оны ажалы жетіп қайтыс болған десе, енді біреулері әлі күнге дейін тірі деп жорамалдайды. Ең дұрысы Аллаһқа ғана аян.

Кейбір деректерде Ыдырыс пайғамбардың ғұмыр жасы сексен екі жыл деп көрсетіледі. Демек, біреуіне мың, енді біріне жүз жыл сияқты Хақ тағала әр пайғамбарға әртүрлі өмір берген. Мәселен, Иса пайғамбардың небәрі отыз үш жыл ғана өмір сүргені мәлім. Бірақ өмір аз, мейлі көп берілсін барлық пайғамбарлар құлшылығын атқарып, өзіне тән қасиетті міндетін толық өтеген.



[1]       «Әнбия» сүресі, 85-86

[2]       «Әнғам» сүресі, 112

[3]       «Мәриям» сүресі, 56-57

[4]       Алуси. Рухул-Мәани. 16/105

[5] Рази. Тәфсирул-кәбир. 21/233

[6]       «Мәриям» сүресі, 57

[7]       «Инширах» сүресі, 4

[8]       Бухари. Саләт. 1 

Жоғары