





ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

ХУДАЙБИЯ БІТІМІ
(6 жыл)
Пайғамбар (с.а.с.) ұмра жасау үшін қасына мың төрт жүздей сахабасын ертіп Меккеге қарай шығады. Мұны естіген меккелік мүшріктер «ұмраны сылтауратып бізді басып алмақшы» деп қатты қауіптенеді. Пайғамбар (с.а.с.) өзінің тек құлшылық жасау ниетімен келе жатқандығын білдіру үшін құрайыштықтарға Осман ибн Аффанды елші етіп жібереді. Құрайыштықтар елшінің сөзіне сенбей, қажыларды қабылдаудан бас тартады. Осман оларды көндіруге тырысып Меккеде үш күн қалып қояды. Осыдан соң адамдардың арасында Осман өлтірілді деген қауесет тарап кетеді.
Ридуан серті. Османның өлтірілгендігі жайында хабар жеткен соң мұсылмандар құрайыштықтармен соғысу туралы бір ағаштың астында Пайғамбарға (с.а.с.) серт береді. Бұл серт туралы естіген құрайыштықтар бейбітшілік пейіл танытып, Пайғамбармен (с.а.с.) келіссөз жүргізу үшін Суһәйл ибн Амрды аттандырады.
Худайбия бітімінің басты шарттары:
1. Он жыл бойы бейбітшілік сақтап, соғыспау.
2. Бәкір тайпасы сияқты құрайышпен одақтасқысы келген тайпаларға да, хузаға тайпасы сияқты Пайғамбармен (с.а.с.) одақтасқысы келген тайпаларға да ешбір тосқауыл жоқ.
3. Ұмра жасау келесі жылға қалдырылады. Ол кезде Пайғамбарға (с.а.с.) Меккеде қару-жарақсыз үш күн ғана болуға рұқсат.
4. Құрайыштардан біреу иесінің рұқсатынсыз Пайғамбарға (с.а.с.) қарай өтсе қайтарылуы тиіс. Сондай-ақ, мұсылмандардан біреу діннен шығып, құрайыштықтарға өтсе де қайтарылады.
Бұл шарттар алғашында мұсылмандар үшін қиын соқса да түбінде қайырлы болып шықты.
