ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Хира үңгірінде

ХИРА ҮҢГІРІНДЕ

       Өзіне пайғамбарлық келместен бұрын Мұхаммед (с.а.с.) Мекке сыртындағы таудағы Хира атты үңгірде Ибраһим пайғамбардың (а.с.) ғибадатымен жұрттан жырақ, оңаша жағдайда Алла Тағалаға құлшылық қылатын. Жасы қырыққа толған шағында сол әдетімен үңгірде құлшылық қылып жатқан оған (с.а.с.) Жебірейіл періште (а.с.) келіп: «Оқы!» – деп бұйырады. Ол (с.а.с.): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Сонда Жебірейіл періште (а.с.) оны қатты қысып, сосын босатып жіберіп тағы да: «Оқы!» – дейді. Мұхаммед (с.а.с.): «Мен оқи алмаймын», – дейді. Жебірейіл (а.с.) оны тағы да қысып: «Оқы!» – деп әмір етеді. Пайғамбар (с.а.с.): «Мен оқи алмаймын», – деп қайталайды. Сонда Жебірейіл (а.с.): «Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың сенің ардақты! Ол қаламмен үйреткен» (Ғалақ сүресі, 1-4-аяттар), – деп Құраннан алғашқы аяттарды уахи етеді. Сосын ол (а.с.): «Уа, Мұхаммед! Расында, сен Алланың елшісің!» – деді де көзден ғайып болады. Бұл ғажап оқиғадан қатты қорыққан Пайғамбар (с.а.с.) үйіне, жұбайы Хадишаға ентігіп жетіп, оған болған жайтты баяндап береді.

Жоғары