





ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

Ш
Шағбан – ай күнтізбесіндегі 8-айдың аты.
Шадияр – Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) кейін Ислам мемлекетінің халифалары болған төрт сахаба Әбу Бәкір, омар, Осман және Әлидің ортақ лақабы. Қазақ тілінде бұл сөз «төрт шадияр» деп көп қолданылады.
Шайтан (сайтан) – Алланың әміріне қарсы шыққан. Шайтан жыннан да адамнан да болады. Олардың басты мақсаты тура жолдағы адамды адастыру.
Шаққ – жер құмдауытты болып, қабірдің жанынан лақат жасай алмайтын болған кезде, қабірдің түбінен тік қылып, мәйітті көметін жер қазу. Ол «жарма», «жарып қазу» деп те аталады.
Шақуат – нәпсі қалауы, жыныстық сезім құмарлығы. Бұл сөз кейде ұрық суына, шәуетке қолданылады.
Шақуаттану – құмарту, қозу, жыныстық сезімге берілу, жыныстық қатынас нәтижесінде, ұйқыда немесе т.с.с. жағдайларда ұрық суының бөлінуі, бойдан кетуі.
Шам намазы – күн батқаннан кейін оқылатын парыз намаз, ақшам намазы.
Шапағат – ара түсу, арашашы болу. Бұл сөз термин ретінде Алла елшісіне (с.ғ.с) ғана нәсіп болатын: оның бүкіл адамзатқа есеп-қисаптың басталуы үшін жасайтын ұлы шапағатын, жаннаттықтардың жаннатқа кіруіне шапағат етуін және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мен басқа да пайғамбарларға, періштелерге, мүмін пенделерге құқық берілетін: тозаққа кіруге лайық болған, бірақ Аллаға серік қоспаған күнәкар мұсылмандардың тозаққа кірмеуі, тозаққа түскен күнәкар мұсылмандардың қайта шығулары мен кейбір жаннаттықтардың жаннаттағы дәрежесін көтеру үшін жасалатын шапағатты білдіреді.
Шариғат – Исламның Құран мен сүннетте бекітілген заң-өкімдері.
Шарт – құлшылықтың өзіне кірмейтін, бірақ сол құлшылық орындалу үшін қажетті амал. Мысалы, намаз оқушының дәретінің болуы, әуретінің жабық болуы, жүзін құбылаға қаратуы және т.б. Бұлар «намаздың шарттары» деп аталады.
Шарт әш-шейхайн – екі шейхтың шарты. «Екі шейх» деп имам әл-Бұхари мен Муслимді атайды. Екі шейхтың немесе екеуінің бірінің шарты дегеніміз: хадисті екеуінің сахих немесе екеуінің бірінің сахих кітаптарында бар рауидің риуаят етуі және екі шейхтың сол рауиден хадисті қалай риуаят еткендігін сақтау (бақылау).
Шауафиғ – шафиғи мазһабын ұстанушылар. «Шауафиғ» араб тілінде «шафиғи» деген сөздің көпше түрі.
Шаут – айналу. Қағбаны айналу және қажылық амалдарының бірі сағиді өтеген кезде Сафа мен Маруаның арасында жүру. Тауаф (Қағбаны айналу) жеті шауттан тұрады. Ол қара тас тұрған тұстан басталып, сол тұстан аяқталады. Сағи да жеті шауттан тұрады. Сафадан Маруаға дейін бір шаут, Маруадан Сафаға дейін бір шаут.
Шафиғи – имам әш-Шафиғи мазһабының атауы және сол мазһабты ұстанушы.
Шаһадат – куәлік беру. Шаһадат айту – «Лә иләһә ИллАлла» деген сөзді айту.
Шәһид – Алла жолында мерт болған жан. Шәһидтер пайғамбарлар мен шыншылдардан кейінгі дәрежені иемденеді.
Шәһид – куәгер, неке, сауда-саттық сияқты келісімшарттарда, зинаны және басқа да қылмыстарды анықтағанда куәлік етуші. Хадис ілімінде басқа бір хадиспен мағынасы және сөздері сай келген немесе тек қана мағынасы сай келген хадис «шәһид» деп аталады. Бірақ осы екі хадисті екі сахаба риуаят етуі қажет. Шәһид пен мутабиғтің айырмашылығы: шәһидті екі сахаба риуаят етеді де, ал мутабиғті бір сахаба риуаят етеді.
Шәз – бір сенімді адамның бірнеше немесе көп адамдардың риуаятына қарсы мағынадағы хадисті риуаят етуі. «Шәз» сөзі араб тілінде «бөтен», «дөрекі», «ерсі» деген мағыналарды береді. Бұл жерде мынаны естен шығармау керек: егер бір ғана рауи басқалар риуаят етпеген хадисті риуаят етсе, ол «шәз» деп аталмайды. Немесе мақбулдің (хадисі қабыл болатын адамның) өзінен жоғары дәрежеде тұрған рауидің риуаятына қарсы мағынада риуаят еткен хадисі «шәз» деп аталады. Шәз хадистің сәнәдінде де, мәтінінде де кездесуі мүмкін. Шәзге қарсы мағынада «махфуз» термині қолданылады.
Шәууәл – ай күнтізбесі бойынша рамазан айынан кейінгі оныншы ай. Ол қажылық айларына жатады.
Шейх – мұсылман ғалымдардың құрметті атағы.
Шейхани - екі шейх: имам әл-Бұхари мен Муслим.
Шейіт болу – Алла жолында күресіп жүріп қаза болу. Қара: шәһид.
Шиғар некесі – екі кісінің бір-біріне қыздарын мәһрсіз әйелдікке беруі.
Ширк – Аллаға серік қосу, Онымен қатар бір нәрсеге табыну. Ширк – Алла кешірмейтін ең үлкен күнә. Жаратушы жалғыз Аллаға тән сипаттарды Одан басқа бір нәрсеге таңу да ширкке жатады. Мысалы, Алладан басқадан перзент сұрау, ауруына ем сұрау және т.б.
Шуфға – қандай да бір мүлікті сатып алуға қатысты құқық басымдығы. Ондай құқық басымдығы меншік иесінің серіктесі мен көршісіне беріледі.
Шүкір – алғыс.
Шүкіршілік – Алланың барлық игілігін мойындау, осы игіліктері үшін Оны мадақтау және оларды Аллаға құлшылық ету жолында пайдалану.
Шыншыл – арабшасы «сыддық». Бұл сөз термин ретінде пайғамбарлардан кейінгі дәрежені иемденген адамдарға қолданылады. Иса пайғамбардың анасы Мәриям мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) ұлы сахабасы Әбу Бәкір әс-Сыддық та осы шыншылдар қатарына жатады.
Ы
Ықылас – пенденің өз амалдарын тек жалғыз Алланың игілігіне қол жеткізу және Оның марапатына лайық болу ниетімен орындауы.
Ынсап – шектен шықпау, әділдікті ұстану.
Ысырап – кез келген істі тиісті мөлшерінен артық қажетсіз орындау, шашылып-төгілу; ынсапсыздық. Мысалы, қаржы-қаражатты шектен тыс жұмсау. Ислам дінінде ысырап жасау жақсы іс емес. Алла тағала: «Жеңдер, ішіңдер, бірақ ысырап қылмаңдар. Өйткені ол (Алла) ысырапшылдарды жақсы көрмейді», – деген [«Ағраф» сүресі, 31-аят]
І
Ібіліс – Алла тағала адамды жаратып, барлық періштелерге оған сәжде етуге бұйырғанда, Оның әмірін тәкаппарланып, орындаудан бас тартқан және сол себепті Алланың рақымшылдығынан қуылған жын. Ол шайтандардың ең үлкені.
Ізгі – арабшасы «салих». Бұл сөз термин ретінде шәһидтерден кейінгі дәрежені иемденетін ізгі жандарға қатысты қолданылады.
Ізін – рұқсат, кеңшілік.
Інжіл – Алланың Иса пайғамбарға (аләйһис-сәләм) түсірген кітабы.
Іріткі – фитна, адамдар арасына алауыздық салу, мұсылмандарды бір-бірімен шағыстыру. Адамдардың арасында іріткі салу шариғат тыйым салған күнәлі іс деп есептеледі.
Я
Яжуж-Мәжуж – қияметтің алдында шығып, жер бетін қанға бөгіп, қырғын салатын жаратылыс иесі. Кейбір ғалымдар оларды адамдарға ұқсас десе, кейбір ғалымдар оларды адам ұрпағынан болады деп есептейді. «Әнбия» сүресінің 96-аяты мен «Кәһф» сүресінің 94-98-аяттарын қараңыз.
Яләмләм – Йемен жақтан келе жатқандарға қажылық рәсімдерін бастайтын жер. Қара: миқат.
Ясриб – Мәдина шаһарының Исламнан бұрынғы атауы. Мұхаммед пайғамбар Ясирбке көшкеннен кейін ол қала «Мұхаммед пайғамбардың қаласы» аталып кеткен.
Яуму әт-тәруия – тәруия күні. Бұл зул-хижжа айының сегізінші күні. Бұл күні қажылыққа барғандар ихрам киімін киіп, ихрам халіне өтіп, Минаға барып түнейді.
Яһуди – иудей дінін ұстанушылар.
