ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
П-Т

П

Пайғамбар – өзінен алдыңғы елшінің шариғатын жал­ғастырып, халықты ақиқатқа үндейтін Алланың таңдаулы құлы. Қара: нәби, елші.

Пақыр  – нисапқа толатын қажетінен артық байлығы жоқ кедей. Оның тұратын баспанасы, мінетін көлігі, пайдаланатын заттары қажетіне жатады. Ал кімде-кімнің осы қажетінен артық нисапқа толмаған байлығы болса, ол пақыр деп есептелмейді.

Памдат намазы – таңғы намаз. Қара: таң намазы, бамдат намазы.

Парыз  – Алла тағала және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) бұйырған міндетті түрде орындалуы керек амалдар. Оны орындаған адам сауап алады, ал орындамаған адам күнәкар болады. Парыз екіге бөлінеді:

1) парыз айн  – әрбір мұсылман міндетті түрде орындау керек амал. Мысалы, күнделікті бес уақыт парыз намаздары;

2) парыз кифая  – бір топ адамның арасынан бірі немесе бірнеше адам орындаса, парыздық міндеті басқалардың мойнынан түсетін амал. Егер парыз кифаяны адамдардың ешқайсысы орындамаса, барлығы бірдей күнәкар болады. Мысалы, жаназа намазын оқу. Ислам шариғатында өтелетін әрбір құлшылық іштей: парыз, уәжіб, сүннет, мустахаб секілді амалдардан тұрады. Мысалы, намаздың парыздары, уәжіптері, сүннеттері. Егер намаз оқушы намаздың парыздарының бірін орындамаса, намазы бұзылады да сол намазды міндетті түрде қайта оқу керек болады.

Парыз ету – міндеттеу.

Пасық  – бұзық, пасық адам. Шариғат талаптарын өрескел бұзатын адам.

Пасықтық – бұзықтық.

Пәни  – баянсыз, өткінші, алдамшы, жалған дүние.

Пәтуа  – діни-құқықтық мәселе бойынша ғалым адамның шариғат негізінде шығарған шешімі, үкімі.

Пейіш – бейіш, жаннаттың бір атауы.

Пенде – біреуге тәуелді адам, құл. Бұл сөз көбіне «Алланың құлы» мағынасында жалпы адам атаулыға олардың кемшіліктерін, шарасыздықтарын баяндайтын кезде қолданылады.

Перғаун  – діни еңбектерде бұл атау Алланың елшісі Мұсаның айтқандарына қарсы келіп, өзін құдаймын деп, елге зәбір көрсеткен Мысыр елінің Мұса пайғамбар кезіндегі патшасына қолданылады.

Пері – жын.

Періште – Алланың нұрдан жаратқан, күнә істемейтін, тек қана Алланың бұйрығын орындайтын, таңдау еркі жоқ жаратылыс иесі.

Пида – құрбан, садақа.

Пұт – мүшріктердің қолдан жасап алған, табынатын тас, ағаш мүсіндері.

Підия – құн. Қара: фидия.

Пітір садақасы  – қажетінен артық нисапқа толған байлығы және бас бостандығы бар әрбір мұсылманның ораза айт намазына дейін шығаруы тиіс уәжіп садақасы. Ол «пітір зекеті» деп те аталады. Оның мөлшері бір сағ бидай не бір сағ басқа азық түрімен есептеледі.

 

Р

Рабб  – Алла тағаланың есімдерінің бірі. Мағынасы: Алла барлық пенделерге қамқорлық жасап, олардың тағдырын басқаратын, игіліктер беретін Ие, Қожайын.

Раббани  – тәңірлік дін жайлы ілімге ие болып, Алла­қа қалтқысыз бойсұнатын адам.

Рабиғ  – Мысыр, Шам мемлекеттері мен Солтүстік Африка тарапында орналасқан елдерден қажылық немесе умра өтеушілердің ихрам халіне өтетін Жухфа миқатына жақын орналасқан қала. Қазіргі кезде адамдар Рабиғ қаласынан ихрамға кіреді.

Рабиғ әл-ахир  – ай күнтізбесіндегі 4-айдың атауы.

Рабиғ әл-әууәл  – ай күнтізбесіндегі 3-айдың аты.

Радаға  – бала емізу, сүтбауырлық. Ислам шариғаты бойынша, екі жасқа толмаған сәбиді емізген әйел ол баланың өз анасы секілді үкімге ие болады. Сондықтан ол сәбиге оны емізген әйелдің балалары және басқа да туысқандарына өз бауырлары мен туысқандары сияқты үйлене алмайды. Ал мирас, қаражатпен қамтамасыз ету сияқты үкімдер сүтбауырлар арасында жүрмейді.

Радд  – қайтару, қабылдамау. Мирас ілімінде қайтыс болған адамның мұрасын бөліске салғанда асабалар болмай тек қана фард иелері болған жағдайда, асл әл-мәсәлә ретінде алынған ортақ санның мөлшері олардың үлестерінен артық болса, асл әл-мәсәләні қайта есептеп, оны фард иелеріне тиісінше бөліп беру «радд» деп аталады. Мұраны бұлайша үлестіру «әт-тәурис бир-радд» деп аталады.

Ражаб  – ай күнтізбесіндегі 7-айдың аты.

Ражм  – зина жасаған үйленген адамды тасборан қылып өлтіру жазасы. Қара: тасборан. 

Рай  – ой-пікірге сүйенген көзқарас, шешім. Қара: ой-пікір мектебі және хадис мектебі.

Раййан (раян)  – жаннаттың ораза тұтқандар ғана кіретін қақпасы.

Ракағат (ракат)  – белгілі бір іс-қимылдар жиынтығы мен Құран аяттарын оқудан тұратын намаздың бір бөлігі.

Рамазан (рамадан)  – һижра жыл санауы бойынша тоғызыншы ай. Ислам дінінде бұл айда ораза ұстау парыз. Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) Құранның алғашқы аяттары да осы айда түскен. Сондықтан бұл ай мұсылмандар үшін өте қадірлі болып табылады.

Ратл  – 450 грамм шамасындағы өлшем бірлігі.

Рауатиб намаздар  – парыз намаздарының алдында және кейін оқылатын сүннет намаздар. Ол намаздар: муаккада (бекітілген) және муаккада емес (бекітілмеген) деп екіге бөлінеді.

Рауатиб емес сүннет намаздар – күнделікті бес уақыт оқылатын парыз намаздарға байланысы жоқ, жеке оқылатын намаздар. Бұл намаздар да муаккада және муаккада емес болып екіге бөлінеді.

Рауда  – бақша. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) мешітінің ішінде оның (с.ғ.с) үйі мен мінберінің арасындағы орын «рауда» деп аталады. Пайғамбар (с.ғ.с): «Менің үйім мен мін­берімнің арасы жаннат бақшаларының бір бақшасы», – деген.

Рауи  – хадисті риуаят еткен адам, риуаятшы.

Раус  – қашыр, ат және есектің тезегі.

Рахим  – туыстық байланыс, ағайындық қатынас.

Рәмл  – Қағбаны айналып тауап жасаған кезде алғашқы үш айналымда иықты селкілдетіп тез жүру.

Риба  – өсімқорлық, қарызға ақшаны үстеме пайыз қосып беру. Ақшаны қарызға өсіммен беру харам, күнәлі іс. Рибаның екі түрі бар:

1) Риба ән-нәсия  – заттың біреуге белгілі бір уақыттан кейін артығымен қайтарылу шартымен берілуі немесе дәл осындай шартпен қарызды қайтару мерзімін ұзарту. Мысалы, қарыз беруші кісінің қарыздарға құны бес мың теңгелік затты бір айдан кейін қайтарсаң жеті мың, екі айдан кейін он екі мың етіп қайтарасың деп шарт қоюы.

2) Риба әл-фадл  – заттардың немесе бір тектес құнды тауарлардың бір-біріне әртүрлі мөлшерде айырбасталуы. Мысалы, жаңа мың теңгені ескі мың бір жүз теңгеге немесе осы жылғы 1 тонна бидайды былтырғы 1,5 тонна бидайға, сапасы нашар 10 гр алтынды сапасы жоғары 8 гр алтынға айырбастау сияқты.

Рибат  – Алла жолында күресу, мұсылман мемлеке­тінің шекарасын күзету және жүректі харам істерден тыйып, нәпсіні шайтанның азғыруынан сақтау.

Рида  – белден жоғары киілетін киім. Рида екі түрлі мағынада қолданылады:

1) Қажылық кезінде киілетін екі ақ матаның белден жоғары киілетін бөлігі.

2) Қайтыс болған адамды кебіндеген кезде белінен жоғарғы жағын жабу үшін қолданылатын ақ мата. Қара: ихрам киімі.

Ридда  – Ислам дінінен шығу, мұсылман адамның Ислам дінінен бас тартуы. Ислам дінінен бас тартқан адам «муртад» деп аталады. Әбу Бәкір халиф болғаннан кейін Ислам дінінен шыққан араб тайпаларына қарсы болған соғысты «Хуруб әр-ридда» (Муртадтарға қарсы соғыс) деп атайды.

Ризық  – несібе.

Риказ  – Алла тағаланың жер қойнауында жаратқан қазба байлығы және адамдардың көмген қазынасы. Яғни риказ кәнз бен мағданды қамтиды. Шафиғи мазһабында риказ – Исламға дейінгі дәуірлерде өмір сүргендердің, яғни мұсылман еместердің көмген қазынасы.

Риуаят  – хадистердің жету жолы немесе хадисті бір адамнан екінші адамға жеткізу. Риуаят ету – жеткізу.

Риуаятшы – хадис жеткізуші адам.

Рия  – Алла ризалығы үшін емес, адамдар көрсін деп, мақтаныш үшін орындалатын амал

Ружға  – жұбайына бірінші және екінші талақ тас­тағаннан кейін қайтарып алу. Қара: талақ ражғи. 

Руйя  – жақсы түс.

Рукн  – негіз, тірек, парыз. Намаздың рукндері: намаздың ішінде орындалатын парыз амалдар.

Рукуғ  – намаз оқу кезінде екі алақанмен тізені жа­уып, арқаны тік ұстап тұратын сәт. «Рукуғ» сөзі араб тілінде «еңкею», «иілу» деген мағына береді. Рукуғ жасау намаздың парыздарына жатады.

Руқба  – бір адамның екінші біреуге бір затты берер кезде, мәселен: «Мен үйімді өмір бойы пайдалануыңа беремін, егер мен бірінші өлсем, үй сенде қалады, ал егер сен бірінші өлсең, үй қайтадан өзіме өтеді» деп айтатын сыйлық түрі.

Руқия  – дем салу.

Рух І  – жан.

Рух ІІ – Жәбірейлі періштенің екінші аты. Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерінде  Жәбірейіл періште «Рух» және «Әр-Рух әл-әмин» деп те аталады.

 

С

Сабиқ және ләхиқ  – алдағы және арттағы (озушы және ілесуші). Хадис ілімінде егер бірі ерте қайтыс болған, ал екіншісі кеш қайтыс болған екі рауи бір ұстаздан хадис ри­уаят етсе, оларды «сәбиқ» және «ләхиқ» деп атайды. Сәбиқ ерте қайтыс болған рауи, ләхиқ кеш қайтыс болған рауи. Мысалы: Мәликтен әз-Зуһри (һижраның 124 ж. қайтыс болған) және Ахмад ибн Исмағил (һижраның 259 ж. қайтыс болған) ри­уаят еткен. Екеуінің қайтыс болған жылдарының арасы 135 жыл. Әз-Зуһриді «сәбиқ», Ахмадты «ләхиқ» деп атайды.

Сабхалә  – «CубханАлла» деп айту.

Сабыр  – төзімділік, шыдамдылық. Ислам дінінде ең жақсы қасиеттердің бірі сабырлық болып табылады.

Сабыр айы  – ораза айы. Бұл айда ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан бас тартып сабыр сақтайтындықтан «сабыр айы» деп те аталады.

Сағ  – өлшем бірлік. Ол төрт муддіге немесе 4,212 литр­ге тең. Сағ орта ғасырдағы арабтар қолданған су және басқа да сусындар мен астықтар сақталатын ыдыстың аты. Мұсылман­дар зекет, садақа бергенде оның көлемін осы ыдыспен есептейтін болған.

Сағат  – Қиямет күні атауларының бірі.

Сағи  – умра мен қажылықтың міндетті жоралғыла­рының бірі болып табылатын Қағбаға жақын орналасқан екі төбенің, Сафа мен Маруаның арасында жүгіру.

Сағира  – кіші күнәлар.

Садақ  – қалың мал. Қара: мәһр.

Садақа  – Алла ризалығы үшін кедейлерге, мұқ­таждарға ақшалай не заттай берілетін көмек.

Салауат  – намаздың соңғы ракағатында «әт-та­хият» дұғасын оқып болғаннан кейін Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) арнап оқылатын дұға.

Салауат айту – Алла тағаладан Пайғамбарымызды (с.ғ.с) періштелер арасында мақтауын сұрау.

Саләһ  – намаз. «Саләһ» сөзі араб тілінде «дұға» және «тілек» деген мағыналарда қолданылады. Қара: намаз.

Әс-Саләһ әл-мактубә  – парыз намаздар.

Салих  – жарамды. Салих – сахих және хасан хадистердің іске жарамдылығын ескере отырып екеуіне бірдей қолданылатын термин. Кейде көңіл бөлінетін хасан хадис пен дағиф хадистің арасындағы дәрежеде тұратын дағиф немесе хасан ли ғайриһи хадис те «салих» деп аталады. Яғни хасан хадистен дәрежесі төмендеу амал етуге жарамды хадистің дәрежесі.

Самуд  – Салих пайғамбардың қауымы.

Сарп ету – жұмсау.

Сауаиб  – Исламға дейінгі араб мүшріктерінің пұттарға арнап, олар бір істе жәрдемдескен жағдайда еркіндікке босатып жіберуге нәзір еткен түйелері.

Сауап  – марапат, сыйлық.

Саум  – ораза. Ораза араб тілінде «саум» немесе «сиям» деп аталады. Ораза – таң атқаннан күн батқанға дейін тамақ ішіп-жеуден және әйелмен жыныстық қатынаста болудан ты­йылу.

Сафа  – Қажылық кезінде үстіне шығып дұға ететін төбе. Ол Қағбаға жақын орналасқан. Сафа мен Маруа төбелерінің арасында жүру рәсімі сағи деп аталады. Сағи жасау Сафа төбесінен басталады. Қара: сағи, Маруа.

Сафар  – айлық күнтізбесіндегі 2-айдың аты.

Сах  – ескі қолжазбаларда түп нұсқадағы тіркестен түсіп қалған сөздің орнын көрсету үшін сілтемеде жазылатын сөз. «Сах» сөзін түсіп қалған тіркес немесе сөз біткеннен кейін жазады. Ескерту: көне қолжазба кітаптарында сілтеме қатардың үстіне немесе жанына жазылатын болған. Сол сияқты «сах» сөзін тіркестің мағынасы және риуаяты дұрыс екендігін, қолжазбаны тексерген және жазған адамның тексеруінен өтті деген мағына береді. Қара: тадбиб .

Сахаба  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) көзін көріп, ол (с.ғ.с) тірі кезінде Ислам дінін қабылдаған және сол сенімде дүниеден өткен мұсылман адам. Яғни сахабалар – Пайғамбардың (с.ғ.с) жанында жүрген серіктері, ізбасарлары. Хадис ілімінде сахабалардың басқа рауилерден ең басты айырмашылығы: олардың әділдігі сенімділігі туралы сұралмайды. Хадис іліміндегі жарх және тағдил (ақтау және сынау) тарауында сахабалардың барлығы әділ және сенімді деп есептеледі. Яғни хадистің сәнәдінде келген сахабаны «ол әділ болған ба, яки сенімді ме?» деп қарастырмайды. Өйткені  Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі олардың барлығын әділ және сенімді деп сипаттап кеткен. Ер кісілерден ең бірінші Ислам дінін қабылдаған Әбу Бәкір, әйел адамдардан Хадижа (Пайғамбардың жұбайы), жас балалардан Али, құлдардан Биләл, құлдықтан азат етіліп бостандыққа шыққандардан Зәйд болған. Ең соңғы қайтыс болған сахаба Әбу әт-Туфайл Амир ибн Уәсилә һижраның жүзінші жылы қайтыс болған (кей дереккөздерінде жүз оныншы жылы қайтыс болған делінеді). Ең көп хадис риуаят еткен Әбу Һурайра.

Сахих  – дұрыс, рас. Ол «кемшіліктер мен айып-нұқсандардан аман» деген мағынаны білдіретін араб тіліндегі сөз. Бұл сөз термин ретінде Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) келіп жеткен сахих хадистерге және мухаддистердің сахих санаған хадистер жинағына қолданылады.

Сахих хадис  – иснад-тізбегі басынан аяғына дейін үзілмеген, әділ, сенімді әрі есте сақтау қабілеті мықты рауидің өзі сияқты әділ, сенімді және есте сақтау қабілеті жоғары рауиден жеткізген, хадистің дұрыстығын жоятын қайшылығы және жасырын кемшілік-кінәраты болмаған хадис. Басқаша айтқанда, Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) бізге дұрыс жолмен, қатесіз жеткен, сенімді, шариғат үкімдеріне дәлел болатын хадис. Сахих хадистің дәрежелері:

1) Сахих хадистің ең жоғарғы дәрежесі әл-Бұхари мен Муслим риуаят еткен хадис. Оны «муттафақун алаиһи» деп те атайды.

2) Әл-Бұхаридің жалғыз өзі риуаят еткен хадисі.

3) Муслимнің жалғыз өзі риуаят еткен хадисі.

4) Әл-Бұхари мен Муслимнің шартына сай, бірақ ол екеуі риуаят етпеген хадис.

5) Әл-Бұхаридің шартына сай хадис.

6) Муслимнің шартына сай хадис.

7) Әл-Бұхари мен Муслимнен басқа имамдар риуаят еткен сахих хадистер.

Сахих лиғайриһи  – өзгемен сахих хадис. Сахих лизәтиһиде бар шарттардан қарағанда шарттары әлсіздеу хадис. Хадисті риуаят еткен жолдардың көп болуынан күш алып сахих дәрежесіне көтерілген хадис. Басқаша айтқанда, хасан лизәтиһидің (өздігінен хасан) жолдары көбейіп, бірін-бірі күшейтетін болса, сахих лиғайриһи дәрежесіне көтеріледі. Хадистің бұл түрі сахих хадистен төмен, хасан хадистен жоғары дәрежеде тұрады.

Сахих лизәтиһи  – өздігінен сахих хадис. Сахих хадис шарттарының барлығы бір риуаяттың бойынан табылса, ол хадис «сахих лизәтиһи» деп аталады.

Сахих хадистің шарттары . Хадис сахих болу үшін мынандай бес шартты қамту керек:

1) Хадистің сәнәді (тізбегі) жалғаспалы болуы қажет, яғни үзілмеу керек.

2) Сәнәдтағы рауилердің барлығы әділ, сенімді болуы қажет.

3) Рауилердің есте сақтау қабілеті өте жоғары болуы тиіс.

4) Шәз (өзінен күшті басқа сахих хадистерге қарама-қайшы мағынада) болмауы керек.

5) Хадисті әлсіз ететін жасырын себеп не кемшілік болмау керек. Осы аталған сипаттары бар сахих хадиске қатысты мына мәліметтерді білу керек:

1) Бұл хадис Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) телінеді. Яғни бұл хадисті Алла елшісінің (с.ғ.с) сөзі немесе ісі деп білу.

2) Осы хадис мансух, яғни үкімі жойылмаған жағдайда онымен амал жасау уәжіп. Ең алғашқы тек қана сахих хадистерді Имам әл-Бұхари одан кейін Имам Муслим жинаған.

Әс-Сәбғ әл-мәсәни (әс-сәбғул-мәсәни)  – екі рет түскен жеті аят. «Фатиха» сүресі атауларының бірі. Сүре Құран нұсқаларында Меккеде түскен деп көрсетілгенімен, тәпсір кітаптары мен хадистерде Мәдинада түскен деп айтылады. Сондықтан да, ол осылай аталған.

Әс-Сағир  – тозақтың бір аты.

Сәжде  – намаз оқыған кезде, маңдайды, мұрынды, екі қолды, екі тізені және екі аяқтың басын жерге тигізе еңкею. «Сәжде» сөзі араб тілінде мойынсыну, бағыну, маңдайын жерге тигізу деген мағыналарды қамтиды.

Сәжде аяты  – оқығанда не естігенде тіләуат сәжде­сі уәжіп саналатын Құран аяттары. Құран Кәрімнің он төрт жерінде сәжде аяты бар. Қара: тиләуәт сәждесі.

Сәйиб  – бұрын үйленген адам. Бұл термин зина жасаған адамға үкім шығаратын кезде ер кісі мен әйел адамға бірдей қолданылады.

Сә-имә  – жылдың көп мезгілінде өз тұяғымен қорегін тауып жейтін мал. Яғни өріске шығып, уақыттың көп мезгілінде жайылымда жүретін мал.

Сәйфуллаһ (Сейфуллаһ) – Алланың қылышы. Көреген қолбасшылығымен даңқы шыққан сахаба Халид ибн Уәлидтің (Алла оған разы болсын) лақап аты. Оған бұл атты Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі берген.

Сәкинә  – тыныштық, жүрек тыныштығы, жан рақаты.

Сәқаләни  – адамзат пен жын. Алла тағаланың сансыз жаратқан жаратылыстарының арасында адамзат пен жынға қалау еркіндігі берілген және осы екеуі істеген істеріне Қиямет күні жауап беретін болады. Сондықтан оларды «сәқаләни» (екі ауырлық немесе екі салмақ) деп атайды.

Сәләм  – тауардың құнын алдын ала төлеу арқылы жасалатын сауда-саттық түрі.

Сәләф  – Исламның алғашқы үш буын өкілдері. Олар: сахабалар, табиғиндер және табиғиндердің шәкірттері. «Сәләф» сөзі араб тілінде «бұрынғы», «алдынғы өткен» деген мағыналарды береді. Қара: халәф.

Сәлде – ер кісілердің бас киімі, ол басқа оралатын матадан тұрады, шалма.

Сәлем  – амандық, есендік.

Сәлем беру  – амандасу. Намаз оқыған адам намазын алдымен оңға, содан кейін солға сәлем беру арқылы аяқтайды. Намаз оқушы бұл кезде басын оңға және солға бұрып «Әс-сәләму аләйкум уә рахмәтуллаһ» деп сәлем береді.

Сәлем тауабы – Қағбаға алғаш келгенде бірінші жасалатын тауап. Қара: тауаф әл-қудум.

Сәм  – өлім.

Сәмәуи діндер  – көктен түсірілген діндер. Алла тағала пайғамбарлар жіберіп, белгілі бір шариғат негізінде құрылған діндер. Оған Ислам, христиан және иудаизм діндері жатады. Бұл діндер іштей екіге бөлінеді:

А) Ислам;

Ә) Христиан және яһуди. Христиандар мен яһудилер «кітаб иелері» деп те аталады.

Сәмуд  – Салих пайғамбар жіберілген қауым. Бұл халықтан иман келтірмегендердің бәрін Алла тағала жойып жіберген.

Сәнә, дәсәнә   –  – бұл екі сөз хадисті сәнәдімен риуаят еткен кезде қолданылатын  (хәдәсәнә), яғни «бізге айтты» сөзінің қысқартылған түрі. Кей жерлерде  (сә) әрпі түсіп қалып,  (нә) түрінде қолданылуы да мүмкін.

 «Сәнә» дұғасы  – намазда «Фатиха» сүресінің алдында оқылатын сүннет дұға. «Сәнә» сөзі араб тілінде «мақтау», «мадақтау» деген мағыналарды береді.

Сәнәд  – хадисті өзінен кейінгілерге жеткізген рауи­лердің тізбегі, шежіресі, мәтінге жететін жол. Яғни хадистің Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) бастап мухаддис ғалымдарға де­йінгі тізбегі немесе шежіресі. «Сәнәд» және «иснад» терминдері кейде бір мағынада қолданыла береді. Екеуі де хадистің мәтінге жеткізетін жолдары. Ал хадистің жолы дегеніміз хадисті риуаят еткен адамдардың, яғни рауилердің есімдері мен олардың арасын жалғастырып тұратын сөздер.

Сәни, дәсәни  –  – бұл екі сөз хадисті сәнәдімен риуаят еткен кезде қолданылатын  (хәдәсәни), яғни «маған айтты» сөзінің қысқартылған түрі.

Сәһм  – үлес. Мирас ілімінде қолданылатын термин. Қайтыс болған адамның мұрасына ие болатындардың үлесі. Қара: фард.

Сәһу  –жаңылысу, шатасу, бір істі аңғармай жасау.

Сәһу сәждесі  – намаз уәжібтерінің бірін қателесіп не ұмытып тастап кеткенде, намаздың бір амалы артық орындалғанда және оқыған ракағат санынан жаңылыс­қан жағдайда намаз соңында жасалатын екі сәжде.

Сәресі  – ораза ұстауды ниет еткен адамның таң атпай тұрып ішетін тамағы. Ол араб тілінде «сухур» деп аталады.

Сәресі  уақыты (сухур) – таң алдындағы уақыт. Мұсыл­ман­дар рамазан айында ауыз бекітерден бұрын осы уақытта тамақтанады.

Сәрия  – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) соғысқа әскер жасақтап, бірақ өзі араласпай сахабаларды жіберген жорықтар. Сонымен қатар кез келген бестен үш жүзге дейінгі жасақ та «сәрия» деп аталады. «Сәрия» сөзі араб тілінде «түнгі жорық» деген мағынаны береді. Мұндай жорықтар көп жағдайда түнде орын алатындықтан ол «сәрия» деп аталып кеткен. Ал күндіз шығатын жорықтар «сәрия» () деп аталады. Бұл екі сөздің араб тіліндегі жазылуында айырмашылық бар. Соңғы сөзде «сә» әрпінен кейін созылыңқы «әлиф» әрпі бар.

Себеп  – себеп. Усул әл-фиқһ (Фиқһ негіздері) ғылымында оның болуынан екінші нәрсенің болуы және оның болмауынан екінші нәрсенің болмауы тиіс нәрсе «себеп» деп аталады. Мысалы, таңның атуы таң намазының парыз болуының себебі. Яғни таң атқанға дейін таң намазын оқу парыз емес, ал таң атқаннан кейін оны оқу парыз болады.

Серік қосу (ширк)  – Алла тағаладан өзге құлшылық етуге лайықты құдай бар деп есептеу. Онымен қатар бір нәрсеге табыну, сыйыну. Қара: ширк.

Сиқыр  – шариғат тыйым салған және үлкен күнә деп есептелетін, адамдарға зиян тигізетін, оларды естерінен айрылтатын, жын-шайтандардың көмегіне сүйенетін амал.

 Симағ  – есту. Хадис ілімінде ұстазының сөзін есту. Ұстазы жатқа айтқан немесе кітаптан оқып берген риуаятты шәкіртінің естуі. Шәкірт немесе хадисті естіген адам естіген риуаятын жазса да, жазбаса да болады. Бұл жерде шәкірттің ұстаздың өз аузынан естігендігі маңызды. Сондықтан «есту» сәнәттің арасын жалғастыратын ең күшті сөз болып есептеледі.

Симсар  – делдал.

Сира  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаяны. «Сира» сөзі араб тілінде «жол», «өмірбаян» деген мағыналарды береді. Сира – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өмірбаянын зерттейтін ғылым.

Сират көпір (қыл көпір)  – Қиямет күні тозақтың үстінде құрылатын қылдан жіңішке, қылыштан өткір, жабысқақ ілмек тікенектері бар, тайғанақ көпір. Ол көпірден мүмін-мұсылмандар аман өтеді, ал кәпірлер өте алмай тозаққа құлайды. «Сират» сөзі араб тілінде «көпір», «өткел», «жол» деген мағыналарды береді.

Сиуак  – ауыз тазалау. Ислам дінінде әрдайым ауызды тазалап тұру сүннет амал болып табылады. Сиуак ретінде пайдаланатын құрал «мисуак» деп аталады. Ауыз тазалауға арналған ең пайдалы зат Арабия түбегінде өсетін арак деген бұтаның тамыры. Қара: мисуак.

Сиям  – ораза. Қара: ораза, саум.

Соңғы қуғуд (соңғы отырыс)  – намаз соңындағы отырыс. Намаздың ең соңында «ташаһһуд» дұғасын оқитындай уақыт отыру намаздың парызына жатады.

Сопы   – сопылық бағытты ұстанаты адам. Қара: суфи.

Сопылық – Алланы зікір етуді және тәркідүниелікті басшылыққа алатын діни ағым. Кейбір ғалымдар «ихсан», «зуһд» және «уарғ» сопылықтың негізгі үш тірегі деп есептеген.  Қара: тасаууф.

СубханАлла  – Алла барлық кемшілік атаулыдан пәк. Бұл тіркес кейде одағай сөз ретінде таңырқауды білдіреді.

Сулх  – татуластық, ымыра, араздасқан не жауласқан екі тараптың бітімгершілікке келуі.

Сунән (сунан)  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерін фиқһ ілімінің тақырыптарына сай жинақтаған хадис кітабы. Яғни бұл кітаптарда тек қана фиқһ (шариғат) іліміне қатысты хадистер жинақталады. Мысалы: «Әбу Даудтың сунаны». Ал жауамиғ (жамиғ) кітаптарда ақида, мінез-құлық, пайғамбардың өмірбаяны және басқада дін салаларын қамтыған барлық хадис­тер жинақталады.

Сунна  – сүннет, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жолы. «Сунна» (сүннет) сөзі араб тілінде «салт-дәстүр», «әдет-ғұрып», «үлгі-өнеге» деген мағыналарда қолданылады. «Сунна» (сүннет) термині діни еңбектерде бірнеше мағынада қолданылады.

1) Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өнегелері. Расында да, оның нұсқаулары мен өнегелері мұсылмандардың күнделікті өмір салтына, әдет-ғұрыпқа айналып, «сүннет» деген ұғым аясында қарастырылды.

2) Хадис ілімінде сүннет – Алла елшісінің (с.ғ.с) айтқан сөздері, істеген істері және құптаған амалдары. Яғни хадис ілімінің термині ретінде «сүннет» сөзі хадиспен мағыналас. Көбінесе хадис деп – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сөздерін, ал сүннет деп істеген амалдарын атайды. Бірақ бұл екі термин синоним ретінде қолданыла береді.

3) Фиқһ ілімінде сүннет – орындалуы міндетті емес, орындағаны үшін сауап алатын, орындамағыны үшін күнәкар болмайтын амалдар. Мысалы, егер намаз оқушы намаз сүннеттерінің бірін немесе бірнешеуін орындамаса, намазы бұзылмайды және ол сәһу сәждесін жасамайды. Сүннетті орындағаны үшін сауап алады, ал әдейі орындамау мәкруһ. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) бізге жеткен сүннет намаздар рауатиб және рауатиб емес деп екіге бөлінеді.

Сунна ғайр муәккәдә  – бекітілмеген сүннет. Бұған Алла елшісі (с.ғ.с) бірде орындап, бірде орындамаған құлшылықтары жатады. Мысалы, аср (екінті) және құптан намаздарының алдындағы төрт ракағаттық сүннет намаз.

Сунна муәккәдә  – бекітілген сүннет. Муаккада сүннеттерін Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) үнемі тастамай оқыған, бірақ кей кездерде мұсылмандар ол амалдардың парыз емес екендігін білсін, сезінсін деген ниетпен орындамаған. Мысалы, таң намазының екі ракағат сүннеті.

Сур  – сарқыт су. Сур – адам не басқа бір жануар ішкен аз судан қалған қалдық су. Ислам шариғатында мұсылман және кәпір деп бөлместен, барлық адамдардың және қой, ешкі, сиыр, жылқы сияқты еті жеуге жарамды малдардың сарқыт суы таза деп есептеледі және ол сумен дәрет алуға болады. Шошқа, ит және қасқыр секілді жыртқыш аңдардың сарқыт немесе қалдық суы нәжіс деп есептеледі және ол суды ішуге, дәрет алуға пайдалануға болмайды. Тышқан аулап жейтін үй мысығы мен нәжіс жерлерден қорегін шоқып жейтін тауық тұқымдас құстардың қалдық суы мәкруһ тәнзиһи болып табылады.

Сутра  – намаз оқып тұрған адамның алдына басқалардан қалқалап тұру үшін қойылатын зат. Шариғатта жақын аралықта намаз оқып тұрғандардың алдынан кесіп өтуге тыйым салынған. Сондықтан намаз оқушы алдына басқалардан қалқалап тұратын бір затты қоюы керек. Ол зат «сутра» деп аталады.

Суфи  – сопы.

Суфизм  – сопылық.

Суффа  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) заманында Мәдина шаһарындағы Пайғамбар мешітінің жанында баспанасы жоқ мұсылмандар тұрған үй.

Суфиянәни  – екі Суфиян. Олар: Суфиян ибн Сағид әс-Сәури және Суфиян ибн Уяйнә.

Сухур  – ораза ұстаушы адамның таң атардан бұрын ауыз жабуы, тамақтануы. Қара: сәресі.

Сүр  – керней. Сүр үрілу – дүниеде ең ақырғы болатын жағдай. Бұл істі Алла тағала Исрафил періштеге жүктеген.

Сүре (сура)  – Құранның бір бөлігі (тарауы), бірнеше немесе көптеген аяттар жиынтығы. Араб тілінде «сүре» сөзі «дәреже», «орын» деген мағыналарды береді. Құранда бір жүз он төрт сүре бар. Бұл сүрелердегі аят сандары әртүрлі. Ең қысқа «Кәусар» сүресі үш аяттан тұрса, ең ұзын «Бақара» сүресі екі жүз сексен алты аяттан тұрады, әрі «Бақара» сүресінің көпшілік аяттары ұзын және Құрандағы ең ұзын аят та осы сүреде келген.

Сүтана – нәрестені емізген анасынан басқа әйел.

Әс-Сыддық (әс-Сиддиқ)  – шыншыл. Әбу Бәкірдің (Алла оған разы болсын) құрметті лақап аты.

 

Т

Табиғин (тәбиғин)  – сахабаға серік болған адам. Кейбіреулер тәбиғинді сахабаны көрген және мұсылман болып қайтыс болған адам дейді. Тәбиғин сахабадан хадисті алған немесе естіген кезде мұсылман болуы шарт емес. Егер ол хадисті бір сахабадан кәпір кезінде естіп, сол сахаба қайтыс болғаннан кейін Ислам дінін қабылдап, естіген хадисін риуаят етсе, оның риуаят еткен хадисі қабыл етіледі және ол тәбиғин деп есептеледі.

Табиғу табиғин  – табиғиндердің көзін көрген буын өкілдері.

Табақа  – жастары шамалас және бір-бірінің ұстаздары бір немесе ұстаздары бір-біріне жақын ғалымдар тобы. Хадис ілімінде қолданылатын термин. «Табақа» араб тілінде «саты», «қабат», «тап» және «дәреже» деген мағыналарды береді.

Табақат әр-рууат  – рауи­лер­дің дәрежелері. Хафиз ибн Хажардың рауилер дәрежелерін бөлуі:

1) Сахабалар.

2) Үлкен табиғиндер дәрежесі. Мысалы, Ибн әл-Мусайяб.

3) Орта табиғиндер дәрежесі. Мысалы, Ибн Сиррин, Хасан әл-Басри.

4) Көп риуаяттарын үлкен табиғиндерден алғандар. Мысалы: әз-Зуһри және Қатада.

5) Кіші табиғиндер. Олар бір-екі сахабаны ғана көргендер және олардың көпшілігі сахабалардан өздері естіп риуаят етпеген. Мысалы: әл-Ағмаш.

6) Бесінші топтағылармен бір заманда өмір сүргендер, бірақ олар сахабаларды көргендіктері дәлелденбеген. Мысалы, Ибн әл-Журайж.

 7) Табиғиндердің үлкен ізбасарларының дәрежесі. Оларды араб тілінде  «әтбәғу әт-табиғин» деп атайды. Яғни табиғиндердің ізбасарлары, орынбасарлары, ілесушілері. Мысалы, имам Мәлик және әс-Сәури.

8) Тәбиғиндердің орта ізбасарларының дәрежесі (сатысы). Мысалы: Ибн Уяинә және Ибн Уләйя.

9. Тәбиғиндердің кіші ізбасарларының сатысы (дәрежесі). Мысалы: Язид ибн Һарун, Имам Шәфиғи, Әбу Дауд әт-Таялиси және Абдур-Раззақ.

10. Тәбиғиндердің ізбасарларының үлкен шәкірттері. Олар тәбиғиндердің өздерін кездестірмегендер. Мысалы: Ахмад ибн Ханбал.

11. Тәбиғиндердің ізбасарларының орта шәкірттері. Мысалы: әз-Зуһли және Имам әл-Бұхари.

12. Тәбиғиндердің ізбасарларының кіші шәкірттері. Мысалы: Имам әт-Тирмизи.

Табиғин  – сахабаның көзін көріп, тәлім алған мұсылман.

Табыт – өлген адамның денесін алып жүретін арнаулы қорап.

Тағала  – жоғары мәртебелі. Бұл сөз «Алла», «Құдай», «Хақ» сөздерімен қосарланып қолданылады.

Тағдил  – сәнәдта келген рауилердің сипаттарын зерттеп, олардың әділдіктерін анықтап, хадистерін жарамды етіп шығару.

Тағдил әл-аркан (тағдил әл-әркән) – намаз парыздарын дұрыстап, әрбір парызды өз орнымен толық орындау.  Имам Әбу Ханифа мен Мұхаммед әш-Шәйбәнидің пікірінше, намаз барысында «тағдил әл-аркан» – уәжіп. Ал Әбу Юсуф пен имам Шафиғидің пікірінше, бір тәсбих айтатын уақыттың көлеміндей «тағдил әл-аркан» жасау – парыз.

Тағдыр – Алла тағала алдын ала жазып қойған, болып өткен және болатын жайттардың барлығын, сондай-ақ барлық жаратылғандар мен оларға қатысты істерді қамтитын Алланың даналығы мен ерік-қалауына сәйкес өз уақытында орындалатын істер.

Тағут  – жалған құдайлар, пұттар және өзіне құлшылық етуді талап еткен зұлым патшалар.

Тадбиб  – қолжазбаларда бір тіркестің немесе сөздің немесе сөйлемнің мағынасы түсініксіз болып тұрған кезде сол түсініксіз тіркестің үстіне қойылатын белгі. Кейде «тамрид» деп те аталады. Ол жуан «сад» әрпінің сөз басындағы жазылу үлгісіне ұқсайды (  ). «Тадбиб» араб тіліндегі «дабаб» ( – тұман) деген сөзінен алынған. Яғни сөйлемнің мағынасы бұлыңғыр,  тұманды, түсініксіз деген мағына береді.

Тажал – өтірікші, бүлікші. Қара: дажжал.

Тақуа  – Алладан қорқатын, харам нәрселерден бойын аулақ ұстап, Алланың бұйрықтарын орындайтын мүмін адам.

Тақуалық – Алладан қорқу, Алланың және Оның ел­шісінің (с.ғ.с) бұйрықтарын бұлжытпай орындап, шариғат ты­йым салған амалдардан аулақ жүру.

Талақ  – ерлі-зайыптылардың ажырасуы. Шариғат бойынша, ер адамның әйеліне: «Сен талақсың» немесе дәл осы мағынаны беретін сөздерді қолдануы арқылы олардың арасындағы некенің үзілуі.

Талақ бәйн  – анық айырылысу. Талақ бәйн іштей талақ бәйн бәйнунә суғра және талақ бәйн бәйнунә куб­ра болып екіге бөлінеді. Талақ бәйн бәйнунә суғрадан (кіші анық айырылысу) кейін ер адам талақ етілген әйелін тек жаңа неке қидыру және жаңадан мәһр беру арқылы ғана қайтарып ала алады.  Талақ бәйн бәйнунә куб­радан (үлкен анық айырылысу) кейін ер адам талақ етілген әйеліне тек ол әйел басқа еркекке тұрмысқа шығып, одан ажырасқаннан соң ғана қайта үйлене алады. 

Талақ ражғи  – ажырасудың ер адам әйеліне талақ берген соң, оны өзіне қайтарып алуға құқы болатын түрі. Ер адам мұндай жағдайда әйелінің келісімінсіз оны қайтарып ала алады.

Тамрид  – хадис ілімінде сәнәдтағы рауилердің арасын жалғастыратын сөздер. «Тамрид» сөзі араб тілінде «ауру адамға қарау» деген мағына береді. Бұл сөздер көбінесе әлсіз (дағиф, жарамсыз) хадистердің сәнәдінде кездеседі және ырықсыз етіс түрінде қолданылады. Мысалы:  «қилә» (айтылды),  «руия ан» (риуаят етілді),  «юруа» (риуаят етіледі),  «юзкар» (еске түсіріледі) және т.б.

Тамұқ – тозақтың бір атауы.

Танғим  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) заманында Харам аймағының сыртында болған жердің аты. Мекке тұрғындары умра жасау үшін Харам территориясының сыртына шығып ихрам хәліне өтеді. Олар көп жағдайда осы Танғимге барады. Сол сияқты умра немесе қажылыққа келген Меккеден басқа елдің тұрғындары да Меккеде болған кездерінде қайта умра жасағылары келсе, Мекке тұрғындары секілді Харам территориясының сыртына шығып ихрам хәліне өтеді. Олар да  көп жағдайда осы Танғимге барады. Танғимде Айша анамыздың атындағы мешіт бар. Сондықтан ол жер «Айша мешіті» деп те аталады.  

Таразы – Қиямет күні адамдардың осы дүниедегі амалдары, жақсылықтары мен жамандықтары тартылатын таразы. Қара: Мизан таразы.

Тарауих (тарауық) намазы  – рамазан айында құптан намазынан кейін жамағатпен оқылатын, жиырма ракағатты бекітілген сүннет намазы. Тарауих намазы ер және әйел кісілер үшін бірдей суннә муаккада (бекітілген сүннет). Оны кейде «қиямул-ләйл» деп атайды. Себебі ол рамазаннан басқа кездердегі түнде оқылатын намаздың орнына жүреді. «Тарауих» сөзі араб тіліндегі «дем алу» деген түбірден шыққан. Сол себепті де бұл намаз «тарауих», яғни арасында дем алатын деп аталған.

Таржиғ  – азан айтқан кезде алдымен іштей азанның бір сөйлемін айтып алып, сосын дауыстап қайта айту. Азан айт­қан кезде таржиғ жасау мәлики және шафиғи мазһабтарында ғана бар. Ал барлық мазһабтарда қамат айтқан кезде таржиғ жоқ.

Таржих  – таңдау, екі заттың бірін басым яки дұрыс деп есептеу. Егер екі хадис бір-біріне сыртқы мағыналары қарама-қарсы болып келсе, ол екеуін бір-біріне қарама-қарсы келмейтіндей мағыналарымен түсіндіреді немесе екі хадистің нені меңзеп отырғандығын ашып береді. Егер сол екі хадистің мағыналарын бір-біріне қарсы емес мағынада түсіндіру мүмкін болмаса, екеуінің бірін таңдайды. Міне осыны «таржих» деп атайды. Көп жағдайда хадисті рауилердің сипаттарына қарап дұрысын анықтайды.

Тариқ.  «тариқ» сөзі араб тілінде жол деген мағынаны береді. Хадис ілімінде хадисті жеткізген рауилердің аттары деген мағынаны береді.

Тасаттық – құрғақшылық кезінде Алладан жаңбыр сұрап,  құрбандыққа мал шалу салты.   

Тасаууф – сопылық.   «Тасаууф» сөзінің шығу тегіне қатыс­ты ғалымдар арасында әртүрлі көзқарас бар. Мысалы:

1. Ішкі дүниенің пәктігі мен сыртқы пішіннің тазалығы. Бұл «тасаууф» сөзінің түбірі «саф» (таза, пәк) деген сөз деп есептейтіндердің пікірі;

2. Намазда бірінші сапта тұру;

3. Суффада отыру. Суффа – Мадинадағы Пайғамбар (с.ғ.с) мешітінің жанындағы көтеріңкі орын. Әдетте, Пайғамбардың заманында сол жерге Меккеден Мадинаға қоныс аударған кедей мұсылмандар жиналып отыратын;

4. Жүннен тоқылған киім кию. Бұл «тасаууф» сөзінің түбірі «суф» (жүн) деген сөз деп есептейтіндердің пікірі. Қара: сопылық.

Тасборан (ражм) – адамды зина жасағаны үшін таспен атқылап өлтіру. Исламда мұндай жазаға некеде бола тұра, ойнастық жасаған еркек пен әйел ұшырайды.

Тасил  – мирасты мұрагерлердің арасында бөліске салғанда олардың үлестерін бөліп беру үшін үлестердің әрқайсысына бөлінетін ортақ санды табу.

Тасуға (тәсуға)  – ай күнтізбесі бойынша мухаррам айының тоғызыншы күні. Бұл күнді мухаррам айының оныншы күніне қосып ораза ұстау – сүннет.

Тасхиф  – хадисті жазу барысында сөздің қаңқасы сақталып, бірақ әріптің нүктелерінде кеткен қателер. «Тасхиф» сөзі араб тілінде «қате айту», «қате жазу» деген мағыналарды береді. Мысалы,  және  сөздері,  және  сөздері сияқты. Тасхиф хадистің мәтінінде және сәнәдінде де кездесе береді және есту кезі мен көру кезінде де болады. Қара: мусаххаф.

Тасхих  – түзеу, дұрыстау. Мирас ілімінде мәселенің негізі (асл әл-мәсәлә) ретінде алынған ортақ санды мұрагерлер үлестері арасында дұрыс бөліну үшін оны түзету немесе дұрыстау «тасхих» деп аталады.

Тауап (тауаф)  – Қағбаны қара тас бұрыштан бастап, сағат тіліне қарама-қарсы бағытта жеті рет айналу.

Тауаррук  – намазда екі аяқты оң жаққа жіберіп, құйрықпен жерге отыру.

Тауаф әл-ифада  – зул-хижжа айының оныншы жұлдызында құрбандық шалу күнінен бастап қажылардың Қағбаны тауап етуі. Бұл «парыз тауабы» деп те аталады.

Тауаф әл-қудум  – Қағбаға келгенде сәлемдесу ретінде жасалатын тауап. Бұл «сәлем тауабы» деп те аталады.

Тауаф әл-уадағ  – қажылардың Меккеден қайтардағы қоштасу тауабы.

Тауаф әз-зияра  – қажылықтың парыз тауабы. Қара: тауаф әл-ифада.

Тауқифи іс  – Алланың қалауымен ғана болатын, адамдардың шешімі араласпайтын іс.

Таурат (Тәурат)  – Алла тағаладан Мұса пайғамбарға түскен кітап.

Таурис  – мирасты үлестіру.

Таурия (тәурия)  – сырттай жалған айтқан болып көрінгенмен, адамның өзі үшін дұрыс мағынаны меңзеп айтқан, бірақ екінші адамның сұрағына басқа ұғым беретіндей етіп жауап беруі. Шариғатта соғыста, адамдарды татуластыруда, мұсылмандардың арасында ірікті үшін және басқа да қиын жағдайға тап болғанда таурия әдісін қолдануға рұқсат етіледі.

Таухид  – Алла тағаланы бүкіл әлемді жалғыз Жаратушы, Одан басқа құдай жоқ екендігіне және Оның есім-сипаттарында Дара екендігіне сену. Таухид, сонымен қатар осы аталғандарда Аллаға ешкімді серік етпеуді, Одан басқа құлшылық етуге лайық тәңір жоқ екендігін де қамтиды.

Тафсир (тәпсір)  – Құран Кәрім сүрелері мен аят­тарының мағынасын ашу, түсіндіру.

Тахаруж  – мұрагерлердің өзара келісулері негізінде олардың бірінің мирасқа қалған дүние-мүліктен өзіне тиесілі үлестен орнына басқа бір зат не құқық алу арқылы бас тартуы.

Тахрим  – бір нәрсені харам ету, одан тыю. «Тахрим» сөзі араб тілінде «харам» сөзінен шыққан туынды сөз.

Тахрима  – Аллаға деген шынайы ықыласпен намазды бастау.

Таһажжуд намазы (тәһажжуд)  – түн ауа бас­тап, таң намазының уақыты кіргенге дейін оқылатын түнгі нәпіл намаз. Оны екі ракағаттан екі, төрт және сегіз қылып, қалағанынша оқуға болады.

Таһарат  – мұсылманның намаз оқудан бұрын дененің тиісті бөліктерін жуу арқылы орындалатын тазалану шарасы. Қараңыз: дәрет алу.

Таһир уа мутаһһир  – таза және тазалаушы. Фиқһ ілімінде таза және басқа заттарды нәжістен тазалауға жарамды су «таһир уа мутаһһир» деп аталады. Яғни ол суды ішуге, дәрет алуға және нәжісті кетіру үшін пайдалануға болады. Бұл суға құдық, өзен, көл, теңіз, жаңбыр, қар, бұршақ, бұлақ және т.б. ащы және тұщы судың барлығы жатады. Бұл сулардың тазалығына жер қыртысындағы темірдің және тағы басқа металдар мен топырақтың дәмі және исі әсер етпейді. Сол сияқты осындай суларға түскен ағаш пен өсімдік тамырының, жапырақтарының және жемістерінің дәмі оның тазалығын жоймайды. Мұндай суларда құрбақа және басқа да бақа-шаяндардың мекендеуі оны ластамайды.

«Ташаһһуд» дұғасы (тәшаһһуд)  – намаздың әр екі ракағатынан кейінгі отыруларда оқылатын дұға. Қара: әт-тахият.

Ташриқ күндері  – құрбан айттан кейінгі зул-хижжа айының 11,12 және 13-күндері. «Ташриқ» сөзі араб тілінде етті жіліктеп, күнге кептіру деген мағынаны береді. Айттан кейінгі күндерде құрбандыққа сойылған малдың еті жілікке бөлініп, кептірілетін болғандықтан, бұл күндер «ташриқ күндері» деп аталған.

Ташриқ тәкбірлері  – Арафа күнінің таңынан бастап, айт күндерінің төртінші күнінің екінді намазына де­йін, парыз намаздарынан соң айтылатын тәкбірлер. Бұл тәкбір­лерді айту – уәжіп.

Тәбәрік (теберік) – естелік үшін алынатын не пайдаланатын қастерлі зат.

Тәбәттул  – өмірден безіну, тәркі дүниелік, өмірден үйленбей бойдақ өту.

Тәғаууз  – «Ағузу билләһи минәш-шайтанир-ражим» деп айту.

Тәдлис әл-атф  – тізбектеу жалғандығы. Рауи хадисті өзінің бір ұстазынан риуаят еткенін ашық айтады да, одан кейін сол хадисті екінші бір ұстазына да теледі. Яғни ол алғашқы ұстазынан естіген хадисті екінші ұстазынан естімеген.

Тәдлис әл-биләд  – елді мекен жалғандығы. Мысалы, Мысырдағы бір рауи: «Маған бұл хадисті пәленше Андалуста (Андалус Испанияның мұсылмандар билік жүргізіп тұрғандағы аты) айтты», – десе. Әлемге танымал Андалус (Испания) біреу ғана. Бірақ, әл-Қарафа деген жерде «Андалус» деген елді мекен бар. Рауи осы екінші Андалусты мақсат етіп отыр. Хадисті бұлай риуаят ету макруһ. Себебі естіп отырған адам рауи хадис жинау мақсатымен танымал Андалусқа барған екен деп ойлайды. Тек рауидің қай жерді айтып отырғандығы естіп отырғандарға түсінікті болса ғана хадисті бұлай риуаят етуге болады.

Тәдлис әл-иснад  – сәнәдтағы жалғандық. Ол өзі жолықтырған бірақ одан сол хадисті естімеген кісінің сол хадис­ті жолықтырған адамнан риуаят етуі. Мысалы, пәленше айтты, пәленшеден естідім немесе жай ғана пәленшеден деп айтуы.

Тәдлис әл-қадғ  – үзу жалғандығы. Кейде оны «жасыру жалғандығы» деп те атайды. Рауи хадисті сәнәдімен риуаят етіп жатқан кезде жасыру немесе үзу мақсатымен кідіру (тоқтау, үзіліс жасау).

Тәдлис әт-тәсуия  – сәнәдті реттеудегі жалғандық. Ол рауи бірін-бірі көрген сенімді ( – сиқа) екі адамның арасындағы әлсіз адамды әдейі түсіріп тастауы. Бұл жағдайда хадистің сәнәді толығымен тура болуы мүмкін сол үшін әлсіз рауиді хадистің сәнәдінен алып тастайды. Сол арқылы хадистің сәнәді дұрыс болып шыға келеді. Бұл жалғандықтың ең жаман түрі. Бұл атаққа Бақиа ибн әл-Уалид әл-Киләби ие болған. Ғұламалар: «Бақианың хадисінен сақ бол. Оның хадисі таза болмайды», – деп ескерткен.

Тәдлис әш-шуйух  – ұстаздардың (шейхтардың) атындағы жалғандық. Рауи өзінің шейхін, яғни ұстазын адамдар арасында танымал емес атымен, лақабымен атау немесе си­паттау. Рауидің ұстазын бұлай атауының бірнеше себептері бар:

1) Ұстазы әлсіз немесе сенімсіз болуы мүмкін.

2) Ұстазы рауидің өзінен жас болуы мүмкін.

3) Ұстазынан көп риуаят еткеннен кейін оны қайта-қайта бір атпен атай бергеннен әртүрлі есімдермен, лақаптармен атағанды жөн көруі мүмкін.

Тәйәммум (таяммум, тәяммум)  – су жоқта немесе суды пайдалануға шамасы келмеген кезде дәреттің немесе ғұсылдың орнына бетке және екі қолға таза жер жынысымен мәсіх жасау. «Тәйәммум» сөзі араб тілінде «мақсат» деген мағына береді.

Тәкаппарлық  – ақиқаттан бас тарту және адамдарға менсінбей қатынас жасау. Тәкаппарлық шариғат тыйым салған ең жаман күнәлардың бірі.

Тәкбир (тәкбір)  – Алланы ұлықтау. «Аллау әкбар» (Алла ұлық) деп айту. Тәкбір айту – «Аллау әкбар» деп айту.

Тәкбирату әл-ихрам (тәкбиратул-ихрам)   – намазды бастаған кезде айтылатын алғашқы тәкбір. Тәкбиратул ихрамды «Аллау әкбар» сөзімен бастайды. Бұлай аталу себебі, намаз ішінде намаз сыртында істелетін істерге тыйым салынады.

Тәлбия  – қажылық және умра кезінде миқаттан бастап, Қағбаны көргенге дейін айтылатын дұға. Айтылуы: «Ләббәйкә Аллаумма, ләббәйк! Ләббәйкә, лә шәрикә ләкә ләббәйк! Иннәл-хамдә уән-ниъмәтә ләкә уәл-мулкә! Лә шәрикә ләк. Мағынасы: Құзырыңдамын, уа, Алла, құзырыңдамын! Сенің серігің жоқ, құзырыңдамын. Расында, мадақ пен игілік және иелік Саған тән, Сенің серігің жоқ.

Тәмәттуғ (таматтуғ)  – қажылықты өтеудің бір түрі. Онда алдымен умра жасап, одан кейін ихрам халінен шығады. Одан кейін қажылық уақытына дейін оған ихрам кезінде тыйым салынатын барлық нәрселер рұқсат етіледі. Қажылық уақыты басталғанда қайтадан ихрамға кіріп қажылығын жалғастырады.

Тәмлик  – зекет ретінде шығарылған байлықты толығымен зекет алатын адамның иелігіне, меншігіне өткізу.

Тәнзил – Құран Кәрім кітабының бір атауы. «Тәнзил» сөзі араб тілінде «түсірілген» деген мағына береді. Ендеше бұл атау­дан «Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) алып келген бұл сөздері – Алланың түсірген кітабы» деген ұғым шығады. Алла тағала: «Расында, ол – әлемдердің Раббысының Тәнзилі»,– деген [«Шуғара» сүресі, 192-аят]. 

Тәпсір  – Құран аяттарының түсіндірмесі. Қара: тафсир.

Тәпсірлеу – түсіндіру. Құран Кәрім аяттарының мағыналарын ашып, тарқатып түсіндіру.

Тәпсірші – тәпсір ғылымымен айналысушы адам.

Тәрассул  – азанның әр сөйлемінен кейін бір сәт тоқтау.

Тәрк ету – тастау, безу, баз кешу.

Тәруия күні  – зул-хижжа айының сегізінші күні. Қажылар осы күні Минаға барып, онда түнейді.

Тәсбих  – Алланы ұлықтап, оны кемшіліктен пәктеу. «Субхана Алла» (Алла кемшілік атаудан пәк) деп айту.

Тәсбих айту – «СубханАлла» деген сөзді айту, Алланы дәріптеу.

Тәслим  – намазды аяқтаған кезде оңға және солға сәлем беру.

Тәсмия  – «Бисмилләһир-Рахманир-Рахим» деп айту.

Тәубе  – істегеніне өкініш білдіріп, күнәдан қайту, Алладан кешірім сұрау, пенденің Аллаға жек көрінішті нәрселерден жан-тәнімен бас тартып, Ол жақсы көретін нәрселерге жан-тәнімен ұмтылуы.

Тәуекел  – пенденің барлық діни және дүниелік бастамаларында Алла оны жақсылыққа жеткізіп, жамандық атаулыдан сақтайтынына бүкіл жан-дүниесімен арқа сүйеп, үміт артуы және алдына қойған мақсатына жететініне нық сенімде болуы.

Әт-Тәурис бир-рад  – қайтару бойынша мұраны үлеске салу. Қара: радд.

Тәхәюл  – шариғаттың бір міндетін орындамау мақсатында айла қолдану. Мысалы, ораза ұстамау үшін сапарға шығу, зекет бермеу үшін малдарын сату.

Тәхияту әл-мәсжид (тахиятул-мәсжид)  – мешітке кіргенде отырмастан бұрын оқылатын екі ракағатты мешіттің сәлем намазы. Бұл намаз «мешіт ақысы» деп те аталады.

Тәхмид (тахмид)  – Алланы мадақтау, мақтау. «Әл-Хамду лилләһ» (Аллаға мадақ) деп айту.

Тәхник  – жаңа туылған сәбидің әкесі немесе бір игі адамның құрманы шайнап, оны сәбидің аузына салып, жайлап жағу.

Тәһлил  – «Лә иләһә иллАлла» (Алладан басқа құдай жоқ) деп айту.

Тәяммум  – су жоқ немесе сумен дәрет алуға шамасы келмеген кезде тазалану ниетімен екі алақанмен жерді ұрып, бетті және екі қолды сүрту. Тәяммум соққанда таза жер қыртысына алақанды сүйкейді де, саусақтарының ұшын бір-біріне ұрып, шаңын қағып тастап, екі қолмен бетке және екі қолдың шынтаққа дейінгі аралығына мәсіх тартады.

Теберік – қараңыз: тәбәрік.

Тепшу – денеге инемен шаншып өрнек немесе бейнелер салу. Жәһилият дәуірінде араб әйелдері қай руға жататынын білдіру үшін денелеріне тепшу салдыратын. Исламда бұл іске тыйым салынған.

Тиләуәт сәждесі  – сәжде аяттарын оқығанда не естігенде жасалатын қиямсыз, рукуғсыз бір реттік сәжде. Құран Кәрімнің он төрт жерінде үсті сызылған сөздер бар және сол сөз келген аяттың соңында ерекше белгі кездеседі. Осы аяттарды оқыған не естіген кезде бір рет сәжде жасау уәжіп. Бұл сәжде «тиләуәт сәждесі» (яғни Құран оқу) деп аталады.

Тиуал сүрелер  – ұзын сүрелер. Ғалымдар сүрелердің ұзын-қысқалығына қарай бірнеше топқа бөлген. Тиуал сүрелердің қатарына Құран Кәрімдегі ең ұзын жеті сүре кіреді. Олар: Бақара, Әлі Имран, Ниса, Мәидә, Әнғам, Ағраф сүрелері және Әнфәл сүресі. Бірақ ғалымдар арасында соңғы сүрені тиуал сүрелердің қатарына қоспайтындар да бар.

Тозақ – Алланың кәпірлерге, мұнафық екіжүзділерге арнап жаратқан о дүниедегі мәңгілік мекені.

Төрт мазһаб – фиқһ іліміндегі ханафи, мәлики, шафиғи және ханбали мазһабтары.

Тура жол (һидая) – Алланың игілігі мен марапатына апаратын жол. Тура жолмен жүру – ақиқатты біліп, соған сәйкес амал қылу; Аллаға және Оның елшісіне (с.ғ.с) қалтқысыз, бұлжытпай бойсұну;

Туһр  – хайыз қаны тоқтағаннан кейінгі тазалық.

Тұрақсыз қарыз  – қарызын өтеуге дәрменсіз (банкротқа ұшыраған) адамдағы қарыз, қарызға алған адамды таппай қалған жағдайдағы қарызды немесе қарызға алған адам тән алмай қойғанда және қарыз иесінің нақты дәлелі болмаған жағдайдағы қарыз. Мұндай жағдайда қарыз иесіне қарызын қайтарып алғанға дейін, оның зекетін беру парыз емес.

Тіләуат қылу – Құран аяттарын оқу.

Жоғары