ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
А-Д

А

Абадилә  – Абдуллаһ атты төрт сахабаның ортақ атауы. Олар:

1.  Абдуллаһ ибн Аббас (68һ. қ.б.).

2.  Абдуллаһ ибн Омар (73 һ. қ.б.)

3.   Абдуллаһ ибн Амр ибн әл-Ас (73 һ. қ.б.)

4.  Абдуллаһ ибн әз-Зубайр (63 һ. қ.б.).

Ал Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) Абдуллаһ ибн Масғуд атты атақты сахабасы абадиләлардың қатарына жатпайды. Ахмад ибн Ханбалдан: «Абадилә кімдер?» – деп сұрағанда, ол: «Абдуллаһ ибн Аббас, Абдуллаһ ибн Омар, Абдуллаһ ибн әз-Зубайр және Абдуллаһ ибн Амр», – деп жауап берген. Сонда: «Абдуллаһ ибн Масғуд ше?» – деп сұрағанда имам Ахмад: «Жоқ, Ибн Масғуд абадиләлардан емес», – деп жауап берген [Әл-Хафиз әл-Ирақи. Шарх әт-табсира уа әт-тәзкира, 210-б].

Абд -  құл, пенде.

Ағраби  – көшпенді дала арабы.

Ағраф  – жаннат пен тозақ арасындағы мекен. Бір ғалымдардың пікірінше, ол мекенде жаннатқа да тозаққа да кірмегендер болады. Екінші бір топ ғалымдар жаннат пен тозақты бөліп тұратын дуалды «Ағраф» деп есептеген.

Ад  – Һуд пайғамбардың қауымы. Алла тағала оларды Һуд пайғамбарға сенбегендіктен және айтқандарына құлақ аспағандықтан, күшті дауылмен жермен жексен еткен.

Адам ата  – Алла тағала топырақтан жаратқан алғашқы адам, бүкіл адамзаттың атасы.

Адалату әр-рауи – рауидің әділдігі.

Адл  – әділ, әділдік. Хадис ілімінде әділ адам деп балиғат жасына толған, ақыл-есі бүтін, пасықтықтан аулық, үлкен күнәларды жасамайтын, кіші күнәлардан таза болуға тырысатын және адамның бойындағы ерлік, парасаттылық, адамгершілік секілді қасиеттеріне нұқсан келтіретін сипаттардан аман болған адам. Егер хадисті жеткізуші рауидің бойында осы шарттар бар болса, ол әділ рауи (жеткізуші) деп есептеледі. 

Адын  – жаннаттардың бірі.

Ажал  – адам өмірінің аяқталу мерзімі, өлім.

Ажуа  – мәдиналық құрма сұрпының атауы. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) бұл құрма сұрпының шипа екендігін айтып кеткен.

Азан  – арнайы сөздер арқылы мұсылмандарды ғибадатқа шақырып, намаз уақыты кіргенін жариялайтын үндеу. «Азан» сөзінің араб тіліндегі лексикалық мағынасы: «жариялау», «хабар тарату».

Азаншы – азан шақыратын адам.

Азаб – азаб // азап

Азиз  – араб тілінде «күшті», «сирек» және «құнды» деген мағыналарды белдіреді. Хадис термині ретінде «тек қана екі рауи риуаят еткен хадис» деген мағына мағынада қолданылады. «Азиз» деп бұл хадистің сирек кездесуінен немесе бір рауидің риуаятын екінші рауи қуаттап күш беріп тұрғандықтан, «азиз» деп аталған. Мысалы, имам әл-Бұхари мен Муслим Әнәс ибн Мәликтен және әл-Бұхаридің өзі Әбу Һурайрадан риуаят еткен хадисте Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Сендердің еш қайсыларың мені әкесінен, баласынан және адамдардың барлығынан артық жақсы көрмейінше иман келтірмейді», – деген. Осы хадисті Әнәстән Қатада мен Абдул-Азиз ибн Суһайб риуаят еткен. Қатададан Шуғба және Сағид, ал Абдул-Азизден Исмағил ибн Ғулайя және Абдул-Уарис риуаят еткен.

Әл-Азиз  – Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Үстем, Қуатты, Құдіретті. Бүкіл жаратылысқа күші жететін, Үстімдік ететін Жаратушы.

Айт  – діни мейрам. Ислам дінінде ораза және құрбан айт деп аталатын екі діни мейрам бар. «Ъид» сөзі араб тілінде «қайта оралу» деген мағына береді. Бұл мейрамның «айт» деп аталу себебі оның жыл сайын қайта айналып келіп отыруында.

Айт намазы  – жылына екі рет қана оқылатын  өзге намаздардағы тәкбірлерден артық тәкбірлері бар уәжіп намаз. Айт намазы ораза және құрбан айт намазы деп екіге бөлінеді. Ораза айт намазы – ай күнтізбесі бойынша рамазан айы біткеннен кейін, шәууәл айының алғашқы күні сәске уақытында оқылатын екі ракағатты уәжіп намаз. Оның «ораза айт» деп аталу себебі: бұл мейрам мұсылмандар оразаны аяқтағаннан кейін болады. Құрбан айт намазы – ай күнтізбесі бойынша зул-хижжа айының оны күні сәске уақытында оқылатын екі ракағатты уәжіп намаз. Оның «құрбан айт» деп аталу себебі: бұл күні Алла тағалаға арналып құрбандық шалынады.

Ақаба  – Меккеге таяу Мина жазығындағы жердің аты. Пайғамбарлықтың 12-жылы қажылық кезінде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) Мәдинада тұратын аус және хазраж руларының он екі өкілі келді. Олар Алла елшісіне (с.ғ.с) осы хадисте және «Мумтахина» сүресінің 12-аятында неге тыйым салынған болса, соны істемеуге және Исламға адал болуға ант берді. Ислам тарихында бұл оқиға «Алғашқы Ақаба» айдарымен белгілі. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) бір жылдан кейін жетпістен астам мәдиналықпен кездесіп, Мәдинаға қоныс аудару мәселесін тиянақты шешкен кездесуі «Екінші Ақаба» деп аталады. Сол кездесуде Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бұл істі жүзеге асыру үшін он екі өкілін белгілеген, солардың бірі Ғұбада ибн Самит (Алла оған разы болсын) еді.

Ақиб  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) бірнеше есімі болған. Сол есімдерінің бірі – Ақиб. Мағынасы: ең соңынан келуші. Яғни пайғамбарымыз Мұхаммедтен (с.ғ.с) кейін ешқандай пайғамбар келмейді.

Ақида  – діни сенім; ұстаным. Ислам ақидасы деген – Аллаға, Ақырет күніне т.с.с. иман негіздеріне илануды білдіреді. Бұл сенім-нанымдар мен ұстанымдар өз алдына бір ғылым ретінде қалыптасқан.

Ақида ілімі – Аллаға, Ақырет күніне, пайғамбарларға және басқа да иман негіздеріне сенуді зерттейтін ғылым. Ол «таухид ғылымы» деп те аталады.

Ақиқа  – бала туылғанда жасалатын той (шілдехана). Шариғатта ұл бала үшін екі қой, қыз бала үшін бір қойды құрбандыққа шалып, ақиқа жасаған абзал.

Ақил  – адамды өлтірген қылмыскердің қайтыс болған адам үшін құн төлеуге қатысатын туысқандары. Қара: диет.

Ақса мешіті  – Құдыстағы мұсылмандар қасиетті санайтын үш мешіттің үшіншісі. Оның негізін Сүлеймен пайғамбар салғызған және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) сол мешіттен «Миғраж» түні аспанға көтерілген.

Ақсам әл-ъулуу    – жоғарғының түрлері. Хадис ілімінде қолданылатын термин. Жоғарғының бес түрі болады. Олар:

1. Пайғамбарға сахих сәнәдімен жақын болу. Яғни пайғамбарға дейінгі сәнәдтің адамдары аз әрі сахих болуы керек. Бұл жоғарғы хадистің ең абзал түрі. Оны кейде «шексіз жоғары» деп те атайды.

2. Хадис ілімінің бір имамына жақын болу. Мысалы: Имам Мәликке жақын болу. Бұл жерде де сәнәдтің сахих болуы шарт.

3. Алты сахих кітаптарының немесе басқа да сенімді кітаптардың бірінің риуаятына жақын болу.

4. Рауидің ерте қайтыс болуымен жоғары болу. Мысалы: бір Ахмад деген кісіден Зейд және Махмуд деген екі кісі хадисті риуаят етті. Ал Зейдтен Абдуллаһ ал Махмудтан Әли осы хадисті риуаят етті. Зейд Махмудтан бұрын қайтыс болады. Сонда осы хадистің Зейд арқылы жеткен сәнәді Махмуд арқылы жеткен сәнәдінен жоғары болады. Имам Нәуәуи: «Хакимнен әл-Байһақи, одан үш адам риуаят еткен хадис Хакимнен Әбу Бәкр ибн Халәф, одан үш адам риуаят еткен хадистен жоғары. Себебі әл-Байһақи 458 һ.ж. ал Әбу Бәкр ибн Халәф 487 һ.ж. қайтыс болған», – деді. 

Ақырет (ақирет)  – Алла тағала адамдарды есеп-қисап үшін қабірлерінен тірілтіп, олардың арасында төрелік етіп, іс-амалдарының қарымтасын беретін мезгіл. Ақыретке иман келтіру діннің басты тіректерінің бірі болып табылады.

Ақырзаман – қиямет қайым жақын қалған кез.

Аләйһис-сәләм  – Пайғамбарлар мен періш­телердің аты аталғаннан кейін оқылатын дұға. Мағынасы: оған сәлем болсын.

Аләйһис-саләту уәс-сәләм  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) аты аталған кезде айтылатын дұға. Мағынасы: оған салауат пен сәлем болсын.

Алғашқы қуғуд (алғашқы отырыс)  – үш не төрт ракағатты намаз оқыған кезде екінші ракағаттан кейінгі отырыс. Алғашқы отырыстың үкімі уәжіп болғандықтан, оны шатасып не ұмытып орындамай кеткен жағдайда намаз соңында сәһу сәждесі жасалады.

Алғашқы тәкбір  – намазды бастайтын кезде  алынатын бірінші тәкбір. Қара: тәкбиратул-ихрам.

Алла елшісі  – Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) қатысты айтылатын құрметті атау. Яғни Алланың адамзатты дұрыс жолға шақыру үшін жіберген елшісі. Жалпы Алла елші етіп жіберген пайғамбарлар көп. Бірақ мұсылмандардың еңбектерінде «Алла елшісі» деген атау көп жағдайда Мұхам­мед пайғамбарға (с.ғ.с)  қатысты қолданылады.

Алланың кітабы  – Құранның атауы. Ислами еңбектерде «Алланың кітабы» деген тіркес Құран Кәрім кітабына қатысты қолданылады.

Аллаһу әкбар  – Алла ұлық. Аллаға айтылатын мадақ сөздердің бірі. Бұл көбіне одағай сөз ретінде бір нәрсеге қуанғанда айтылады.

Аллаһумма  – «Уа, Алла!» деген мағынада. Көп жағ­дайда дұға оқыларда, Аллаға жалбарынғанда қолданылады.

Амал дәптері – адамдардың осы дүниеде жасаған амалдары жазылған ақыретте өздеріне көрсетілетін дәптер.

Аманат  – «амн» (қауіпсіздік, тыныштық) деген сөзден туындаған «амана» сөзі, «иман» (сенім) сөзімен түбірлес. Ол – көп мағыналы сөз, негізінен, «сенімділік» және «сеніп тапсырылған зат не сенім артылған міндет» дегенді білдіреді. Жаратушы алдындағы пенденің кез келген міндеті және адамдардың бір-бірінің алдындағы міндеттері өздеріне сақтауға берілген нәрсе болып табылады, оларды қайтару, яғни орындау қажет. Жалғыз Аллаға ғибадат ету және Исламның барлық бұйрықтары мен тыйымдарын орындау ұлы аманат (әл-аманат әл-кубра) саналады.

Ансар  – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударған кезде оған және қоныс аударған меккелік муһажирлерге көп көмек берген мәдиналық сахабалар. «Ансар» сөзі араб тілінде көмекшілер, жәрдемшілер деген мағына береді.

Аттахият дұғасы  – намазда отырған кезде оқылатын дұға. Ол «тәшәһһуд дұғасы» деп те аталады.

Арайа  – сауда-саттық түрі. Мұнда қолында жеуге азығы жоқ адамның ағаш басындағы піспеген жемісін піс­кен немесе кептірілген жеміске айырбастауы орын алады. Шариғатта арайа саудасына аз мөлшерде ғана рұқсат етіледі. Көп мөлшердегі арайа саудасына рұқсат етілмейді.

Арафат  – Минадан шамамен жиырма шақырым жерде орналасқан үлкен жазық. Ол жазықтың аумағында Рахма тауы бар. Кейбір риуаяттарда Адам ата мен Хауа ана жерге түскеннен кейін осы тауда кездескен. Көп адамдар осы тауды Арафат тауы деп те атап кеткен. Зул-хижжа айының тоғызыншы күні күн батқанға дейін Арафатта тұру қажылықтың ең маңызды парызы.

Арафа күні  – Құрбан айт күнінің алдындағы күн, яғни зул-хижжа айының тоғызыншы күні «арафа күні» деп аталады. Бұл күні қажылар күн батқанға дейін Арафат аймағында тұрады. Қажылыққа бармаған мұсылмандар үшін бұл күні ораза ұстау сүннет.

Ард  – ұсыну, көрсету (ұстазына оқып беру). Бұл хадисті жеткізу жолдарының бірі. Шәкірт ұстазына жатқа немесе жазғанын оқып беруі яки біреу оқып ол тыңдап отыруы мүмкін. Сол сияқты ұстазы шәкірттің оқығанын жатқа білуі немесе жатқа білмеуі мүмкін. Осылай жеткізілген хадисті екінші біреуге айтатын кезде: «Пәленшеге оқып бердім немесе пәленшеге оқып беріп жатқан кезде естіп отырдым», – деп айтады. Осы жолмен жеткен риуаят сахих риуаят деп есептеледі.

Арраф  – ұрланған, жоғалған затты тауып беремін деп, бал ашатын балгер. Ислам дінінде балгерлікпен айналысуға қатаң тыйым салынған және ол үлкен күнә болып табылады.

Аршы  – Алла тағала жаратқан ең үлкен және ең жоғары жаратылыс.

Асаба  – асаба. Мирас ілімінде қолданылатын термин. Араб тілінде «асаба» сөзі  адамның әкесі жағынан еркек туысқандарына қолданылады. Қара: Асиб.

Асиб  – асиб. Мирас ілімінде қайтыс болған адамның дүние-мүлкін мұрагерлері арасында бөліске салғанда үлестері алдын-ала белгіленбеген мұрагерлер. Олардың үлестері фард иелері мұрадан үлестерін алғаннан кейін анықталады. Қара: Асхаб әл-фуруд (фард иелері).

Асл әл-мәсәлә  – мәселенің негізі. Мирасты бөліске салғанда үлестерді дұрыс бөлу үшін қажетті ортақ санды анықтау.

Асы  – асы. Құдайға қарсы шығушы, күнәкар.

Асылық – қарсылық, Алла тағалаға бағынбау. Асылық қылу – қарсы шығу, бағынбау, күнәкарлық.

Аср намазы  – түс қайтқаннан күн батқанға дейін оқылатын төрт ракағатты парыз намаз. Ол намаз қазақ тілінде «екінті» және «намаздыгер» деп те аталады.

Асхаб әл-фуруд  – фард иелері. Мирас ілімінің термині. Қайтыс болған адамнан қалған мал-мүлікті мұрагерлері арасында бөліске салғанда үлестері алдын ала шариғатта белгіленіп қойған мұрагерлер.

Атәмә  – түннің алғашқы үштен бірінде оқылатын құптан намазы.

Атира – Исламға дейінгі араб мүшріктерінің ражаб айында шалатын құрбандығы.

Атраф  – автор хадистің қалған бөліктеріне дәлел болатын бір бөлігін ғана жазып, одан кейін әрбір мәтіннің сәнәдтарын ( тізбектерін) толық немесе бір кітаптарға сілтеме жасап кеткен кітаптар. Бұл хадис ілімінің термині. Мысалы: әл-Мәзидің «Тухфатул ашраф»  кітабы.

Аул  – аул. «Ъаул» сөзі араб тілінде «зұлымдық», «артық» және «жоғарылау» деген мағыналарды береді. Мирас ілімінде мұрагерлердің үлестері үлеске салынатын ортақ саннан (асл әл-мәсәлә) асып кету «аул» деп аталады.

Ауызашар – ораза тұтушылардың күн батқаннан кейін тамақтануы.

Ахауан (екі бауыр) – Құран қырағаттары ілімінде қолданылатын термин. Ол Хамза мен әл-Кәсәидің ортақ аты.  

Ахмад  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) есімдерінің бірі. Ол «мақтауға лайықты» деген мағынаны білдіреді.

Ахнаф  – ханафи мазһабын ұстанушылар. «Ахнаф» араб тілінде «ханафи» сөзінің көпше түрі.

Ахуал шахсия  – фиқһ ғылымының адамдар арасындағы үйлену, ажырасу тәрізді азаматтық істерді зерттейтін саласы.

Әл-Ашара әл-мубашшаруна бил-жәннә  – жаннатпен сүйіншілендірілген он сахаба. Мұхаммед пай­ғамбардың (с.ғ.с) көзі тірісінде ол сахабаларды жаннатқа кіреді деп сүйіншілендірген. Олар:

1.  Әбу Бәкр (13 һ).

2.  Омар ибн әл-Хаттаб (23 һ).

3.  Осман ибн Аффан (35 һ).

4.  Али ибн Әбу Талиб (40 һ).

5.  Талха ибн Убайдуллаһ (36 һ).

6.  әз-Зубайр ибн әл-Ауам (36 һ).

7.  Сағд ибн Әбу Уаққас (55 һ).

8.  Сағид ибн Зайд (51 һ).

9.  Абдур-Рахман ибн Ауф (32 һ).

10.  Әбу Убайдата ибн Амир ибн әл-Жаррах (18 һ).

Ашғари (Әшғари)  – имам Әбу әл-Хасан Али ибн Әбу Бишр Исмаил ибн Исхақ әл-Ашғари (260-324 һ.ж. // 874-936). Алғашқы кезде муғтазила пікірін қолдаған имам Ашғари қырықтан асқаннан кейін ол пікірден бас тартып, саналы ғұмырын Ислам ақидасын, әһлу әс-суннә уа әл-жамаға ұстанымын әртүрлі теріс пиғылды көзқарастардан қорғауға арнаған. Әсіресе муғтазила ағымының қателіктерін көрсету және оларға қарсы Құран мен сүннет негізінде жауап берумен айналысқан.  

Ашғария  – Ислам дінінің көпшілік ғалымдары ұстанатын ақидадағы әһлу әс-суннә уа әл-жамаға жолы. Бұл жолдың негізін имам Әбу Муса әл-Ашғари салған.

Ашағира  – ашғари ақидасын ұстанушылар.

Ашура  – ай күнтізбесі бойынша мухаррам айының оныншы күні. Бұл күнге алдыңғы немесе кейінгі бір күнді қосып ораза ұстау – сүннет. 

Аян – Алла тағаланың ерекше құлдарына беретін белгілері.

Аят  – Құран сүрелерінің бір шумақ (сөйлем) тәрізді бөлігі.

Аятул-курси  – «Бақара» сүресінің 255-аяты.

 

Ә

Әбәбил  – Құран Кәрімнің «Фил» сүресінде аталған, Қағбаны құлатып, арабтарды өзіне бағындыру үшін пілді әскерін бастап шыққан Эфиопияның Йемендегі әкімі Абраһа мен оның әскерін балшық кесектермен атқылап қырып салған құстар.

Әбдәл  – қара: бәдәл.

Әбдес – дәрет.

Әдә  – парыз амалды уақытында өтеу. Яғни мойнына жүктелген міндетті өтеу.

Әзләм  – бал ашатын жебелер. Исламға дейін арабтар бал ашу үшін жебелерді қолданатын болған.

Әлсіз қарыз  – зекет төлеушінің мирастан, өсиеттен немесе мәһрден (қалыңмал) алуы керек үлесі. Бұл термин зекет тарауында қолданылады. Мұндай жолдармен келген байлық адамның толық иелігіне өткенге дейін оның зекетін шығару міндет емес. 

Әмір  – бұйрық, әмір. Шариғатта бұйрық райында келген етістіктер әмір ретінде, яғни оларды орындау міндет деген мағынада көп қолданылады.

Әлмисақ  – адамдардың аталары Адамның (аләйһис-сәләм) белінде болған кезде «Жалғыз Аллаға құлшылық етеміз» деп Аллаға берген уәделері. Бұл туралы «Ағраф» сүресінің 172-аятында айтылған. Сондықтан қазақ халқында «Қашаннан бері мұсылмансың?» деген сұраққа «Әлмисақтан бері» деп жауап береді.

Әлхамду лилләһ  – «Аллаға мадақ болсын!» деген сөз. «Әлхамду лилләһ» көбінесе Аллаға шүкіршілік қылғанда, бір нәрсеге қол жеткізгенде айтылатын зікір сөзі.

Әммә бағд  – содан кейін. Бұл тіркес сөз бастағанда Аллаға мадақ, Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтып, Алланы еске алғаннан кейін негізгі тақырыпқа кірісер кезде айтылады.

Әмин  – «Уа, Алла! Дұғамызды қабыл ет» деген сөз. Бұл сөз дұға жасалғанда, намазда «Фатиха» сүресін оқығаннан кейін айтылады.

Әмир  – мұсылман мемлекеттерінде ел басқаратын адамға берілетін лауазым. Кейде бір ғылым саласы бойынша, танымал болған ғалымдарға да қолданылады.

Әсәр  – сахабалар мен табиғиндерден риуаят етілген сөздер мен амалдар. Көптеген мухаддис ғалымдар әсәрді хадистің синонимі деп қарастырады. Қара: хабар, хадис.

Әс-Сәләму аләйкум  – «Сіздерге сәлем болсын» деген мағынаны білдіретін мұсылмандардың сәлемдесу сөзі.

Әт-Тахият – намазда отырған кезде оқылатын дұға. Қара: «Ташаһһуд» дұғасы.

Әурет  – «Әурет» сөзі араб тілінде «нақыс», «кемшілік» және «олқылық» деген мағыналарды береді. Шариғатта: адамның жабуы міндетті және оған қарау харам етілген дене мүшелері. Әурет екіге бөлінеді: «аура муғаллаза» (ауыр әурет, яғни екі ұятты жер) және «аура хафифа» (жеңіл әурет, яғни кіндік пен тізенің арасы). Аура муғаллазаның дирһам (қазіргі жүз теңге көлеміндей) көлеміндей жерін көрсетуге, ал аура хафифаның төрттен бірінен артық ашуға тыйым салынады.

Әһлу әл-бәйт  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) жанұясы, ет жақын туыстары және олардың ұрпақтары.

Әһлу әл-китаб  – кітаб иелері. Ислам дінінде мұсылмандардан басқа Алла тағала оларға кітап түсірген үмбетті «кітаб иелері» деп атайды. Олар: яһудилер мен христиандар.

Әһлу сунна уәл-жамаға  – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сүннеті мен мұсылман жамағатымен бірге жүретін мұсылман үмбетінің негізгі бөлімі.

Әфақ аумағы  – Миқаттың сырт жағы. Қажылық құлшылығын бастау үшін ихрамға кіретін бес миқаттан тысқары барлық жерлер «Әфақ аумағы» деп аталады.

Әфақи  – Әфақ аумағының тұрғыны.

Әранәәнә     бұл екі сөз хадис ілімінде сәнәдта келген адамдардың бір-біріне хабарды жеткізгендігін білдіретін  әхбәранә, яғни «бізге хабарлады» сөзінің қысқартылған түрі.

Әфрад  – фәрд сөзінің көпше түрі. Араб тілінде «фәрд» сөзі «жалғыз», «дара» деген мағына береді. Хадис ілімінде фәрд: шексіз фәрд және қатысты фәрд болып екіге бөлінеді. Қатысты фәрдтың бірнеше түрлері бар:

1) Сенімді адамның хадисті жалғыз өзі риуаят етуі. Мысалы: «оны пәленше дегеннен басқа ешқандай сенімді адам риуаят еткен жоқ» деген сияқты.

2) Белгілі рауиден белгілі рауидің жалғыз риуаят етуі. Мысалы: «Оны пәленшеден тек қана пәленше риуаят етті» деген сияқты. Егер осы хадисті басқа рауиден басқа келесі бір рауи риуаят етсе де, алғашқы сәнәдта жалғыз рауи бар деп есептеледі.

3) Бір елді мекеннің немесе бір жақтың адамдары ғана риуаят еткен хадис. Мысалы: «бұл хадисті тек қана Мекке немесе Шам тұрғындары ғана риуаят еткен» деген сияқты.

4) Бір елді мекеннің тұрғындары ғана екінші бір елді мекеннің тұрғындарынан риуаят еткен хадис. Мысалы: «бұл хадисті Мәдина тұрғындарынан тек қана Басра тұрғындары риуаят еткен» деген сияқты.

 

Б

Бай  – Ислам шариғатында қолында бір жыл тұрған, нисапқа жететін, негізгі қажетінен артық байлығы бар адам бай деп есептеледі. Кімде-кімнің бойында осы анықтамадағы шарттар табылса, ол адамға зекет алуға болмайды.

Байғат  – келісім анты. Ислам мемлекеті басшысына бағынуға, шығарған заңдарына мойынсұнуға келісім беру.

Байғату әр-ридуан (Байғатур-ридуан)  – ризашылық келісім анты. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) Мәдина қаласына қоныс аударғаннан кейін алғашқы рет Меккеге умра жасауға барған кезде мүшріктер мұсылмандарды Меккеге кіргізуден бас тартады. Сонда мұсылмандар құрайыштармен қақтығыс бола қалса, ауыртпалық жүгін бірге көтеруге және Пайғамбарға (с.ғ.с) бағынуға ағаш түбінде ант береді. Сол берген ант «Байғатур-ридуан», яғни «ризашылық анты» деп аталады.

Бақи  – мәңгілік өмір, ақырет өмірі.

Әл-Бақи  – Алла тағаланың есімі. Мағынасы: Алла тағала мәңгі-бақи бар болады, Оның соңы болмайды.

Бақилық – о дүниелік.

Бақилық болу – қайтыс болу.

Бақиғ  – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мешітінің жанында орналасқан үлкен қорым. Онда Айша анамыз, Осман ибн Аффан мен көптеген сахабалар (Алла оларға разы болсын), имам Мәлик және басқа да үлкен-үлкен имамдар мен көрнекті ғалымдар жерленген.

Балиғат  – шариғат бойынша өз іс-әрекетіне жауап беріп, діни парыз-міндеттерін толық орындауға кірісетін ересектік.

Балиғатқа толу – адамдарға діни үкімдерді орындау міндеті жүктелетін жасқа толу. Шариғат заңы бойынша, ер бала ихтиләм арқылы, қыз бала хайыз қанын көрумен балиғатқа толады. Біздің аймақта ер балалар шамамен он екі жастан, қыз балалар тоғыз жастан балиғатқа толады деп есептеледі. Егер ихтиләм болмаса және етеккір келмесе, ер балаға да қыз балаға да һижра жыл санауы бойынша, он бес жасынан намаз оқу және басқа да шариғат талаптарын орындау парыз болады.

Бамдат намазы (памдат) – таң атқаннан күн шыққанға де­йін оқылатын намаз. Қара: таң намазы.

Барзах  – қайтыс болған адамдар үшін қияметке дейін жалғасатын кезең.

Барзах әлемі  – қайтыс болған адамдардың әлемі.

Басрияни (екі басралық) – Құран қырағаттары ғылымында қолданылатын термин. Бұл басралық екі ғалым Әбу Амр мен Яғқубтың ортақ атауы.

Бәдәл қажылық – басқа адамның атынан қажылық жасау. Шариғатта қажылық жасауға денсаулығы жарамайтын және қайтыс болып кеткен адамның атынан қажылық ғибадатын өтеуге болады.

Бәдәл  – ауыстыру, алмастыру. Ол әбдәл  деп те аталады. Хадис ілімінде кітап жазған бір ғалымның шейхының шейхына басқа бір қысқа жолмен, яғни сәнәдпен жету. Мысалы: Имам Муслим Яхиядан, ол Мәликтен, ол Нәфиғтен, ол Ибн Омардан риуаят еткен хадисін Мәликтен басқа бір қысқа сәнәдпен риуаят ету.

Бәдәуи  – мал шаруашылығымен айналысатын сахаралық араб.

Бәдір  – Мәдина қаласының оңтүстік-батысында 150 км қашықтықта орналасқан жердің аты. Ол жерде һижраның екінші жылы мұсылмандар мен меккелік мүшріктер арасындағы алғашқы үлкен қақтығыс болған. Сол соғыс «Бәдір соғысы» деп аталады. Ол соғыста саны екі-үш есе аз мұсылмандар жеңіске жеткен.

Бәйт  – үй, баспана. Қағба діни еңбектерде «бәйт», яғни «үй» деп те аталады.

Әл-Бәйт әл-Мағмур  – періштелердің көктегі Қағбасы.

Бәйт әл-Мақдис  – мұсылмандар үшін қасиет­ті үш мешіттің үшіншісі. Ол Құдыс қаласындағы әл-Ақса мешіті.

Бәну Исрайл  – Исрайл ұрпақтары, яһудилер.

Бәну надир – мұсылмандармен одақтастық келісімін бұзғаны үшін һижраның 4 жылы Мәдинадан қуылған яһуди тайпасы.

Бәрр  – игі, ізгі.

Бейіш – жаннат.

Бейіт – өлген адамды жерлейтін қабір, мола.

Бекітілген сүннет – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) әрдайым орындаған құлшылықтары. Тек Алла елшісі (с.ғ.с) мұсылмандар ол құлшылықты парыз амал деп ойлап қалмас үшін анда-санда орындамай отырған. Қара: суннә муәккәдә.

Бекітілмеген сүннет – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) бірде істеп, бірде істемеген құлшылықтары. Қара: суннә ғайр муәккәдә.

Берекет  – береке, ырыс.

Бесін намазы  – күн тас төбеден ауғаннан кейін әр заттың көлеңкесі екі есе ұзарғанға дейін оқылатын намаз. Ол төрт ракағат сүннет, төрт ракағат  парыз және екі ракағат сүннет намаздан тұрады. Діни еңбектерде кей жағдайда «бесін намазы» деп тек төрт ракағат парыз намазы да аталады.

Биғса  – миссия, пайғамбарлық міндеттің келуі. Мұхаммедке (с.ғ.с) пайғамбарлықтың келуі.

Бидғат  – дінде негізі жоқ жаңа құлшылық пен діни жоралғы. Яғни Құран мен сүннетте негізі жоқ, шариғат амалы деп енгізілген жаңалық. Ондай бидғаттар Мұхаммед пайғамбардан (с.ғ.с) жеткен таза дінді бұзатын болғандықтан, тыйым салынған, онымен амал жасауға болмайды.

Бидғатшы – дінге шариғаттан негізі жоқ жаңалық енгізуші және бидғат амалды жасаушы адам.

Әл-Бинә ала ас-саләһ (намазды қайта жалғастыру)  – намазда тұрып дәреті бұзылған кезде, дәретін жаңартып, намазын жалғастыру. Ханафи мазһабында намазда тұрғанда күтпеген жерден намаз оқушының ықтиярынан тыс дәреті бұзылса, ол дәретін жаңартып, намазын дәретін бұзған жерден қайта жалғастыруына болады, бірақ намазды қайта бастау абзал. Мысалы, намаз оқып тұрып, мұрны қанап кетсе, ықтиярынан тыс жел шығып кетсе т.с.с. Мұнда дәретін бұзғаннан бастап, дәрет алып, қайта намазға тұрғанға дейінгі уақытта сөйлемеу шарт. Егер ол осы уақыт аралығында сөйлеп қойса, намазын басынан бастайды. Шафиғи мазһабында намаз оқып тұрып дәрет бұзылса, намаз қайта оқылады. Оны дәретін жаңартып келіп жалғастыруға болмайды.

Бисмилләһ  – «Алланың есімімен» деген мағынада. Ислам дінінде әрбір істі Алланың атымен бастау маңызды болып табылады. Өйткені Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с): «Алланың атымен басталмаған әрбір сөздің немесе маңызды істің жалғасы жоқ не үзілген», – деген [Ахмад]. Қазақ тіліндегі «Әуелі «бисмилла» деп сөз басталық, Алланың хақ жолынан адаспалық» деген нақыл сөз осыдан қалған.

Бой дәрет – ғұсыл.

Буғас  – мұсылмандар Мәдинаға қоныс аударудан екі жылдай бұрын мәдиналық аус пен хазраж рулары арасында шайқас жүрген Мәдинадан екі миль қашықтықтағы шатқал.

Бурақ (пырақ) – пайғамбарлар мінген қашырдан кішірек, есектен биіктеу мініс көлігі.

 

 Ғ

Ғазауат (ғазуа)  – соғыс, ғазауат. Сира кітаптарында, көбінесе, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі қатысқан жорықтар «ғазауат» деп аталады.

Ғайбат  – қасында жоқ адамды ол жақтырмайтын сөздермен еске алу. Яғни біреудің сыртынан өсек тарату, жалған сөйлеу. Шариғатта ғайбат айтуға қатаң тыйым салынған.

Ғайып  – көмескі, жасырын, көзбен көру мүмкін емес жаратылыстар. Шариғатта Алла тағалаға ғана аян және Өзі қалаған құлына ол туралы білдіртетін, басқалардан жасырын, көмескі жаратылыстар «ғайып» деп аталады.

Ғалуф  – жылдың көп мезгілінде қолдан қорек­тендірілетін мал. Яғни малдың иесі жылдың көп уағында малды қорада ұстап, оған арнайы шөп егіп немесе сатып алып, бағатын мал. Бұл термин зекет кітабында қолданылады.

Ғанам  – ұсақ, уақ мал. Араб тілінде ұсақ мал «ғанам» деп аталады. Ол қой мен ешкіні қамтиды. Фиқһ ғылымының зекет тарауында қолданылатын термин.

Ғариб  – бөтен, ала бөтен, жат, таныс емес. Хадис ілімінде «ғариб» деп сәнәдтің бір немесе бірнеше сатыларында тек бір ғана рауи риуаят еткен хадисті айтады. Ғариб хадистің сәнәдінде келгендей мәтінінде де келуі мүмкін. Ғариб мутлақ (шексіз) және нисби (қатысты) болып екіге бөлінеді.

1. Ғариб мутлақ  – шексіз (мутлақ) ғариб. Кейде оны  фәрд мутлақ деп те атайды. Ол хадис сәнәдінің негізгі сатысында болған жалғыздық, жаттылық. Ол сахабалардың сатысы. Бір сахабадан бір ғана тәбиғин риуаят еткен хадис. Басқаша айтқанда,  егер хадис сәнәдінің түпкі, негізгі сатысында бір ғана рауи болса, оны «мутлақ ғариб» хадис деп атаймыз. Яғни жалғыз ғана сахаба риуаят еткен хадис. Мысалы: Омардың жалғыз өзі риуаят еткен «Амал ниетке қарай...» деген хадис.

2. Ғариб нисби  – қатысты (нисби) ғариб. Егер жалғыздық, жаттылық (ала бөтендік) хадистің сәнәдінің алғашқы, негізгі (түп) сатысынан басқа сатыларында кездесетін болса, ол хадис «ғариб нисби» деп аталады. Басқаша айтқанда, хадистің сәнәдінің алғашқы сатыларында бірнеше рауи болып, кейінгі сатыда бір ғана рауи болса, ол хадисті «ғариб нисби» деп атаймыз. Яғни бірнеше адамнан бір ғана адам риуаят еткен хадис. Мысалы: Мәлик әз-Зуһриден, ол Ибн Әнәстән риуаят еткен хадисте Пайғамбар (с.ғ.с) Меккеге кірген кезде басында  (муғаффар) дулығасы болған екен. Бұл хадисті әз-Зуһриден тек қана Мәлик риуаят еткен. Қара: фәрд және афрад .

Ғариб әл-хадис  – хадис ілімінің бір саласы. Бұл салада хадистің мәтінінде аз қолданылатын және мағынасы көмескі сөздер зерттеледі.

Ғассандықтар  – Византияның қарамағындағы Ефраттан Ақаб бұғазына дейінгі аймаққа билік жүргізген араб әмірлері.

Ғафу ету – кешіру, кешірім жасау.

Ғибадат  – құлшылық. Алла тағала жақсы көретін барлық сөздер мен жасырын және жария істер.

Ғибадат кітабы  – Дәрет, намаз, ораза, зекет және қажылық тарауларын зерттейтін фиқһ ғылымының саласы «ғибадат кітабы» немесе «фиқһ әл-ғибадат» деп аталады.

Ғибрат  – сабақ, өнеге.

Ғибта  – қызғаныш, біреудің қолындағы нығметтің кетуін армандамай, ондағы нығметтің өзінде де болуын қалау. Шариғатта ғибта жасауға тыйым салынбаған.

Әл-Ғуруат әл-усқа (ең берік тұтқа) – Ислам дінінің теңеуі.

Ғұзза  – араб мүшріктері сиынған әйел пұттың аты.

Ғұмра  – адам біреуге бір нәрсені өмір бойы пай­далануға беретін сыйлықтың түрі, егер бір затты ғұмра ретінде алған адам өлсе, онда берген адамның талап етуі бойынша, ол иесіне қайтарылады.

Ғұсыл  – ғұсыл алу, шомылу, жуыну. Шариғатта: ғұсыл – жүніптіктен, хайыздан, нифастан кейін және басқа да жағдайларда ауызды, мұрынды және бүкіл денені жуу.

 

Д

Дабт  – есте сақтау қабілеті өте мықты болу. Хадис ілімінде қолданылатын термин. «Дабт» сөзі араб тілінде «дәлділік», «анықтық», «дәлме-дәлдік», «бұлжытпай тану» деген мағыналар береді. Хадис сахих болуы үшін оны риуаят еткен адамның есте сақтау және жаттау қабілеті өте жоғары болуы керек. Яғни жаттаған хадисін қай уақытта сұраса да мүдірместен, дәлме-дәл, анық тура жаттағанындай етіп жеткізу. Рауидің бойындағы осы қабілеттің күшті не әлсіздігіне қарай хадисті сахих және хасан деп екіге бөледі. Дабттың екі түрі бар: есте сақтау қасиеті дәлме-дәл болу және жазған дүниесі анық, қатесіз болу.

Дағиф  – әлсіз, нашар.

Дағиф хадис  – әлсіз хадис. Сәнәді үзілген немесе риуаят еткен адамдарының бірі сенімсіз болған яки сахих хадиске қарама-қайшы және басқа да кемшілігі бар хадис. Хадис ілімінде сахих немесе хасан хадиске тән сипаттардың бірін яки бірнешесін жоғалтқан хадис «дағиф хадис» деп аталады. Кейде оны «қабыл етуге жарамайтын хадис»немесе «жарамсыз хадис» деп те атайды. Дағиф хадис қаншалықты әлсіз екендігіне қарай бірнеше дәрежелерге бөлінеді:

1)  дағиф (әлсіз).

2)  дағиф жиддән (өте әлсіз).

3)  уәһи (қауқарсыз, мардымсыз, нашар).

4)  мункәр (жаман, ұнамсыз). Имам әт-Тирмизиге де­йін мухаддис ғалымдар хадисті сахих және дағиф деп екіге, ал дағиф хадисті амал жасауға жарамды және амал жасауға жарамсыз деп екіге бөлген. Осы амал жасауға жарамды хадисті имам әт-Тирмизи кейіннен «хасан хадис» деп атап, хадистің үш түрі бар: сахих, хасан бұл екеуімен амал жасалынады және дағиф онымен амал жасалынбайды деп үшке бөлген. Яғни негізгі амалға дағиф хадис басты дәлел ретінде жүрмейді. Тек дағиф хадисті қосымша дәлел ретінде немесе қосымша амалда негізгі дәлел ретінде қолдануға болады.

Дағуат  – адамдарды Алла дініне, ақиқатты қабыл­дауға шақыру, үндеу.

Дажжал (Тажал)  – қияметтің алдында пайда болатын, адамдарды дұрыс жолдан тайдыратын, өзін құдаймын деп жариялайтын, бір көзі жоқ жалғаншы. Оны «Мәсіх Дажжал» деп те атайды. Оның пайда болуы қияметтің үлкен белгілерінен. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) мұсылмандарды Дажжалдың фитнасынан сақтануды ескертіп кеткен.

Дайюс (дәйіс) – намысы аяқасты етiлiп жатса да селт етпейтін, әйелін, әпке-қарындастарын қызғанбайтын ер адам. Яғни өзіне жақын әйел адамдарды өзге еркектерден қызғанбайтын еркек. Шариғатта мұндай сипат өте жаман сипаттардың қатарына жатады.

Даниқ – орта ғасырларда қолданылған дирһамның алтыдан біріне тең майда тиын.

Дәр әс-сәләм  – Бейбіт үй немесе Бейбітшілік үйі. Жаннаттың бір атауы. Қара: «Юнус» сүресінің 25-аяты.

Дәрет (удуу)  – кейбір құлшылықтарды өтеу үшін арнайы тазалану. Шариғатта намаз және басқа да ғибадаттардың қабыл болуы үшін таза сумен ауыз-мұрынды шаю, бетті, шынтақпен қоса екі қолды, тобықпен қоса аяқты жуу және басқа мәсіх тарту «дәрет» деп аталады.

Дәрет намазы – дәрет алғаннан кейін оқылатын екі ракағат намаз.

Дәреті бұзылу – үлкен немесе кіші әжетке отыру, жел шығару, жантайып жатып ұйықтау, құсу, денеден қан кету және т.с.с. шариғатта дәреттің бұзылуына себепші болатын қимыл-әрекеттердің орын алуы.

Дем салу – Құран мен Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) хадистерінде келген дұғалармен адамдарды емдеу. Бұл емнің шариғатқа сай болуы үшін емдеуші және емделуші адамның шипаны тек бір Алла қана беретініне нық сенуі керек.

Диет  (дия, ақл) – кісі өлтірген жақтың өлген адамның жақын туыстарына жүз түйе немесе соған тең ақша көлемінде төлейтін құн.

Динар  – орта ғасырлық алтын ақша, теңге. Зекет кітабында алтыннан соғылған ділдә «динар» деп аталады.

Дирһам  – орта ғасырлық салмағы 3,5 грамға тең күміс ақша. Зекет кітабында күмістен соғылған тіллә «дирһам» деп аталады.

Дия  – қара: диет.

Дулжә  – түннің соңғы үшінші бөлігінің ортасынан бас­тап таңсәріге дейінгі уақыт немесе түннің қараңғылығы.

Духа (сәске) намазы  – күн найза бойы көтерілгеннен дәл төбеге келгенге дейін оқылатын нәпіл намаз. «Духа» сөзі араб тілінде «сәске» деген мағынаны береді. Ол сәске уақытында оқылатындықтан «духа» намазы деп аталады. Оны екі, төрт және сегіз ракағатты қылып оқуға болады.

Дұға  – тілеу, сұрау, дұға жасау. Алла тағаладан жақсылыққа жеткізу мен жамандықтан құтқаруды өтінетін жалбарыну сөзі. Шариғатта дұға жасау ғибадат болып есептелетіндіктен, дұғаны тек Аллаға жасау керек.

Дүние  – жер бетіндегі өмір, тіршілік.

Дүние аспаны – жеті қат аспанның жер бетін көмкеріп тұрған ең төменгі қабаты.

Дүре соғу – қылмыскердің жон арқасын қамшымен не шыбықпен ұру. Шариғатта адамға жала жабушыға, ішімдік ішкенге және т.б. қылмыс жасағанға дүре соғу жазасы белгіленген.

Жоғары