ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
Оразаға байланысты сауалдар

 

Сұрақ: менің басым қысып ауырады. Қан қысымы (давление) төмен. Уақтылы тамақ ішпесем түсіп кетеді. Не істегенім жөн? Марат.  

 

Жауап: жылдың басқа мезгілінде де ораза ұстауға шамасы келмейтін қария кісіге және ораза ұстай алмайтын ауруға (өмірбойы ауыратын) ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Оларға қазасын өтеу де шарт емес. Оларға тек күніне бір міскінді тамақтандыру - уәжіп.

قال تعالى: ﴿فمن كان منكم مريضا أو على سفر فعدة من أيام أخر و على الذين يطيقونه فدية طعام مسكين﴾ البقرة ۱٨٤

Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Егер сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде ұстасын. Және сондай оразаға күші жетпейтіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын берсін» ("Бақара" 184)- деген.    

 

ПӘТУА

Сұрақ: Мен жақында босанғам. Сүтім тапшы. Дәрігерлер «саған ораза ұстауға болмайды, баланы өлтіріп аласың» деді. Не істегенім дұрыс? Сәлима  

Жауап: Емшекте сәбиі бар аналар денсаулығына немесе баласына зиян келуінен қауіптенсе, оразаса ұстамайды. Өйткені шариғатта сәби емізетін ана науқас адамның үкімінде болады. Әбу Ханифаның (р.а) ұстанымы бойынша, ол әйелге підиясыз қазасын өтеу – міндет. Яғни кейін жағдай келгенде, қанша күн тұтпасаңыз, сонша күн қазасын өтейсіз.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: мен темекі тартамын. Ораза ұстауыма бола ма? Айдар.  

Жауап: ораза ұстау мұсылманның міндеті болғандықтан ораза ұстауыңыз қажет. Бірақ ауызашарға дейін темекі тартпай сабырлы болыңыз. Дегенмен оразаның берекесімен темекіні тіптен тастап кетсеңіз жақсы болады.

 

ПӘТУА

Сұрақ: ораза ұстауға ниетті болғаныммен, таңертең сәресі ішуге қиналамын. Сәресі ішпей ақ ұстай берсем бола ма? Ғалия.

Жауап: белгілі бір себептермен сәресіні іше алмаса, ораза ұстауға  болады, алайда сәресіге тұрып кішкентай нәрсе немесе бір жұтым су болсын ішу – сүннет. Қолдан келсе, сәресі ішкеніңіз абзал, сауабы мол. Өйткені сәресіде  берекет бар.

السحور على شئ و إن قل و لو جرعة ماء مستحب لقوله صلى الله عليه و سلم:" تسحروا فإن فى السحور بركة". و كلما تأخر السحور كان أفضل

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Сәресі ішіңдер сәресіде береке бар» деген және сәресіні кешіктіру абзал болады.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: ораза кезінде төсек қатынасын жасауға рұқсат бар дейді. Осы менің көңіліме қонбайды. Мұсылмандар нәпсісін бір ай тыйса  қайтеді? Серік.  

Жауап: ораза кезінде ауыз ашқаннан кейін таң сәресіне дейін ондай істерге шариғатымызда рұқсат етілген. Себебі бұл жолмен ер адам жаман оймен харамға қараудан сақтанады және әйелінің хаққысын береді.      

قال تعالى:﴿ أحل لكم ليلة الصيام الرفث إلى نسائكم﴾ البقرة ۱٨٧

Аллаһ Тағала ("Бақара" сүресінің 187-аятында): «Сендерге оразаның кешінде әйелдеріңе жақындасу халал етілді» - деген  

 

ПӘТУА

Сұрақ: өткен жылғы ораза кезінде бір кісі «мен ақынмын»- деп бөсті. Байқасам ішіп алған. Оразаны сыйламаған адамды қадірлеуге бола ма? Берік.  

Жауап: болмайды. Оған оразаның қадір қасиетін түсіндіру керек. Шариғатқа қайшы нәрсе көрсе мұсылман кісіге  Әмір мағруф жасау уәжіп.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: оразаның ең соңғы күні ауыз аштыруға бола ма? Бақтыбай.  

Жауап: оразаның соңғы күнінде ауыз ашар беру – шариғатымызда рұқсат. Өйткені ол кеште Аллаһ Тағаланың рахметі мол, сондықтан ауыз аштыру – үлкен сауап.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: ораза кезінде күн шыққанға дейін тамақ ішіп үлгеру керек пе, әлде намаз оқу дұрыс па? Қойшыбек.

Жауап: ораза ұстаудың уақыты таң намазының уақыты кіргеннен күн батқанға дейін. Сондықтан сәресі таң намазының уақытына 10 минут қалғанда тоқтатылады. Содан соң таң намазы оқылады.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: мен тарауих намазын үйде жалғыз оқимын. Мешіт үйден алыс, қайтуым қиын. Нұргелді.

Жауап: жалғыз оқуға болады, бірақ мүмкіндігінше мешітте оқыған абзал. Басында қиын болғанымен үйренген соң жеңіл болады.

قال رسول الله صلى الله عليه و سلم:" اللهم بارك لنا فى رجب و شعبان و بلغنا رمضان" .

Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Аллаһым ережеппен шағбанды бізге берекетті ет және бізді Рамазанға  жеткізе гөр!» деп дұға еткен. Рамазан айына аман-есен жеткен соң, оның сауабынан құр қалмау керек. Егер үзір болса яғни  өте қиын болса үйде жамағатпен (көршіңізбен, бала-шағаңызбен, әйеліңізбен) оқыңыз.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: ораза не үшін парыз болған? Бай-кедей демей жылына бір ай ашығу мақсат па әлде мұның тарихи мағынасы бар ма? Есенбек.  

Жауап: Аллаһ Тағала Құран Кәрімде ("Бақара" сүресінің 183-аятында): «Ей, иман келтіргендер! Тақуалықтан үміттерің болса, өздеріңнен бұрынғыларға ораза ұстау парыз етілгені сияқты, сендерге де ораза ұстау парыз етілді» деген. Ораза хижри жылының екінші жылында бізге парыз болған. Демек ораза тақуалық үшін. Сонымен қатар ораза ұстаған бай кісі ашыққан соң кедейдің жағдайын түсінеді де кедейлерге мейіріммен қарап көмектеседі. Тарихы Адам атадан (ғ.с.)  басталады. Адам  ата (ғ.с.) Аллаһ Тағаланың тиым салған жемісін  жеп күнәһар болды. Сол күнәсінен тазару үшін 30 күн күндіз-түні ораза ұстаған. Демек оразаны күнәлардан тазару үшін ұстаймыз. Аллаһ тағала Мұхаммед (с.ғ.с.)-нің үмметіне рахмет етіп ораза кезінде түнде тамақ ішуге рұқсат еткен.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: пітір деген не? Садақа деген не? Олар тек ораза кезінде беріле ме? Дәулет.

Жауап: Аллаһ Тағала пiтiр садақаны бiзге, биік те зор мақсаттарға жетуiмiз үшiн мiндеттеген. Пiтiр садақа кедейге қажетiн өтеу үшiн берiледi. Сонымен қатар пiтiр садақа адамның ораза кезiндегi жiберген қателерi мен кемшiлiктерiн толтыру үшiн берiледi.  

و سلم زكاة الفطر طهرة للصائم من اللغو و الرفث  أي من كلام الذي لا فائدة من ورائه و من الكلام الفاحش  و طعمة للمساكين  أي مواساة و عونالهم  من أداها قبل الصلاة  أي صلاة العيد  فهي زكاة مقبولة و من أداها بعد الصلاة فهي صدقة من الصدقات

Абу Дауд ибн Мажа және Хаким ибн Аббастан (р.а.) риуаят етедi:    “Расулуллаһ (с.ғ.с.) пiтiр садақаны адамның оразасы кезiндегi қателiктерiнен тазаруы және мiскiндерге тағам ретiнде көмек болуы үшiн мiндеттеген.”      Пітір садақа мына нәрселерден беріледі: Пiтiр садақаны бидаймен беретiн болсаңыз, әр адам үшiн жарты сағ.    Жарты сағ – 1 кілә 796 грамға тең. Ақшамен есептегенде (шамамен әр облыстағы бидайдың сатылу бағасына қарай) 1 кілә 796 грамның құнын беру керек. Пітір садақаны рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады.Оны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Жалпы пiтiрдi айт күнi айт намазына дейiн беру-мұстахаб. Пітір садақа деген осы. Ал садақа деген ол, кез-келген уақытта беруге болатын садақа. Яғни сауапты іс.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: мен былтыр ораза кезінде ауырдым. Бірақ ине шаншытып жүріп те ораза ұстай бердім. Осы дұрыс па? Айжан.  

Жауап: Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Егер сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде төлер. Және сондай ораза күш келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін. Сонда кім ынтығып артық хайыр қылса, ол өзіне жақсы. Біле-білгенге соның бәрінен ораза ұстаған артық » ("Бақара" 184) Бәрінен ораза ұстау – абзал.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: мен намаз оқымаймын. Ораза кезінде досыммен бірге ауызашарға баруды ұнатамын. Былтыр біраз күн ауыз бекіткеннен кейін бір кісі  «намазың болмаса оразаң қабыл болмайды» деген соң аузымды ашуға мәжбүр болдым. Бірақ оның айтқаны көңіліме қонбады. Жәнібек.

Жауап: намаз оқу, ораза ұстау, әрбір балиғат жасқа толған мұсылманға парыз. Ал енді, намаз оқымай ораза ұстасаңыз екі парыздың бірін орындаған боласыз. Ол үшін оразаңызды бұзудың керегі жоқ еді. Ал намаз оразадан алдын парыз етілген. Сондықтан екеуінде әрбір балиғатқа толған мұсылманға орындау парыз.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: менде жұрт қатарлы ораза ұстап жүрмін. Бірақ аштыққа зорға шыдап жүргенім рас, осылай өзімді-өзім азаптап ұстаған оразамда сонда не мән қалады? Аллаһқа барлығы аян емес пе? Ұстағым келмегенімен, әлде бір күш жібермей жүр. Кәрима.

Жауап: бұл шайтани ой.  Сізге сабырлы болып, бұл ойдан арылу қажет.

فى الخبر إبن أبى الدنيا و إبن جرير:" ان الصبر على المعصية يكتب به للعبد ثلثمائة درجة, الصبر على الطاعة يكتب به للعبد ستمائة درجة و ان الصبر على المعاصى يكتب له به تسعمائة درجة" .  فتح المبين ص- ١٦٧

Сабырдың үш түрі бар. Ғибадатта сабырлы болған адамға Аллаһ Тағала 600 дәреже жазады. Сол үшінде сабырлылық сақтаған жөн. Пайдасы болмаса оразаны Аллаһ Тағала міндеттемес еді. Ораза ұстасаңыз Аллаһтың парызын орындаған боласыз және Аллаһ қаласа екі дүниенің бақытына қауышасыз.  

ПӘТУА

Сұрақ: мен ораза кезінде жаңа сүрелер жаттағаныммен, өкінішке қарай олар кейін есімде қалмайды. Сосын өзімнен-өзім « осы мен мұнафиқ шығармын » деп қиналамын. Әлде жаттамай ақ қойғаным дұрыс па? Орынбек.

Жауап: Имам Шафии (р.а)  жаттау қабілетінің  нашарлап кеткендігіне шағымданып ұстазы Уакиғ (р.а) имамға : «Жаттау қабілетім нашарлап кетті дедім. Ұстаз маған күнә істерді тәрк етуді өсиет етіп былай деді. – Ілім  нұр. Алланың нұры күнәһар адамдарға берілмейді» деді, деген. Мұндай ой шайтаннан. Мұнафиқ болудан Аллаһ Тағала сақтасын, егер сіз жаман адам болсаңыз құран сүрелерін жаттау ниеті сізде болмас еді. Аллаһқа тәубе деп жақсы жолда жүріңіз. Ғылым іздеу парыз Аллаһ Тағала Құран Кәрімде айтқан:  

قل رب زدنى علما

«Ей Мұхаммед айт раббым маған артық ғылым бере гөр» деген.

قال رسول الله صلى الله عليه و سلم:" طلب العلم فريضة على كل مؤمن و مؤمنة  و مسلم و مسلمة "

Пайғамбарымыз (с.а.с): «Ғылым талап ету - әр мұсылман еркекке және әйелге парыз» деген. Сондықтан әр кезде ғылым іздеу керек. Аллаһ Тағаладан сұраңыз. Тауфиқ  ғылым алу тек Аллаһ Тағаладан.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: әйелім маған сәресі дайындап бермейді, себебі ұйқысын қимайды. Амалсыздан табылғанға қанағат етіп жүремін. Кейде ұйықтап қалатын кездерім де бар. Содан асқазаным бұзылды. Әйелім «жарадан өзге ешнәрсе таппадың, қоя сал, Құдай сені сол үшін жазаламас» дейді. Осы үшін маған Ақиретте жаза бар ма әлде Аллаһтың силығынан құр қалам ба? Тұрған.

Жауап: егер асқазаныңызда жара пайда болса, ол ауру ораза ұстап сәресі ішпегеннен емес одан бұрын басқа себептен болған. Ораза адамның денсаулығына, асқазанына пайдалы екенін бүгінгі таңда медицина дәлелдеп отыр. Егер денсаулығыңыз көтерсе, ораза ұстағаныңыз жөн. Денсаулығыңыз жарамаса підия бересіз яғни әр ұсталмай қалған ораза күні үшін бір міскінді тойдырасыз. Аллаһ Тағала Құран Кәрімде:

قال تعالى:﴿ فمن كان منكم مريضا أو على سفر فعدة من أيام أخر و على الذين يطيقونه فدية طعام مسكين﴾ البقرة ۱٨٤

«Егер сендерден кім ауру немесе жолаушы болса, басқа күндерде ұстасын. Және сондай ораза ауыр келетіндер (кәрі не аурулар) бір міскіннің тамағын төлесін» ("Бақара" 184)- деген.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: ораза ұстап жүрген кезімде жігіттер кеу-кеулеп ішкізіп жіберді. Бұл оразаның басы болатын. "Арақ ішкеннің намазы қырық күнге дейін қабыл болмайды", дегенді естігенім бар еді. Ендеше қалған оразам да қабыл болмас деп. Ораза ұстамай қойдым. Не істегенім жөн еді? Сембек.

Жауап: бұл шариғаттан хабарсыз, шайтанның жетегінде жүрген кісілердің ісі. Зорлағаны үшін олар үлкен күнаға батады. Сізге ол жігіттерді тыңдамау керек еді. Егер арақ ішіп қойған болсаңыз, Аллаһқа тәубе етіп, сол күнді қаза етіп қалған күндерді толық тұту керек еді. Кейін бір күніне бір күн ораза ұстайсыз және сол бұзылған ораза қазасымен підия яғни бір міскінді тойдыру керек.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: ораза кезінде біреумен төбелессең, ораза бұзыла ма? Айтуған. Жауап: ораза бұзылмайды бірақ сауабы кемиді. Ораза кезінде сабырлы болу ләзім.

قال رسول الله صلى الله عليه و سلم:" إذا كان يوم صوم أحدكم فلا يرفث و لا يصخب فإن سابه أحد أو قاتله فليقل : إنى صائم" رواه البخارى و مسلم

Пайғамбарымыз (с.а.с) «Егер сіздердің біріңіз ораза ұстасаңыз жаман сөз сөйлемесін, жанжал шығармасын,  біреу саған ұрысса не ұрса мен  оразамын деп айтсын» деген.    

 

ПӘТУА

Сұрақ: менің туған күнім рамазан айына келіп тұр. Жақында 50-ге толамын. Біреулер «ораза кезінде той жасауға болмайды» дейді. Сонда мен 50 жасымды тойлай алмаймын ба? Досқан Нұрымбетов. Алматы қаласы.  

Жауап: рамазан айында кешке ауыз ашқан соң той жасауға болады. Тек харамсыз арақ-шарапсыз, музыкасыз. Аузашар ниетімен жасаса үлкен садақа болады. Алла Тағаланың және халықтың алдында үлкен жақсы іс болары сөзсіз. Бұл той садақа той болады. Шариғат бойынша туған күн тойлау жоқ. Бірақ 50 жасқа келгеніңізге шүкір және болашақта жаманшылықтан аман-сау болу үшін хайыр ихсан ниетімен жасалса, үлкен сауап болады.  

 

ПӘТУА

Сұрақ: мен құрылыста жұмыс істеймін. Өткен жылы ораза ұстаймын деп азып кеттім. Бастығым биыл ұстама деп отыр. Қандай шешім қабылдауым керек? Мұрат.

Жауап: Ораза ұстау керек.

Жоғары