





ДІНИ БАСҚАРМАСЫ

Сұрақ: Ибн Рушд деген кім?
Жауап:
ИБН РУШД
(миләди 1126-1198 ж.ж.)
Аристотельдің кітабын түсіндіруші
Аты-жөні, шыққан тегі: Ибн Рушд һижри 520 миләди 1126 жылы арабтың Испания – Андалузия мемлкетінің Құртуба (Кордово) шаһарында атақты араб әулетінде дүниеге келген. Бұрыннан бұл әулеттен фиқһ, саясат, қазылық салаларында ірі қайраткерлер шыққан-ды. Сондықтан да ғұламалар Ибн Рушдты атақты Ибн Рушд әулетінің тұқымы деп қадірлейтін.
Ибн Рушд жастайынан араб тілі мен поэзиясын, Құран Кәрімді, хадисті жаттаған соң фиқһ ілімін үйренді. Сол кездегі фиқһ біліміндегі ең үлкен кітап Мәліктің әл-Муатта кітабын оқып, атасы мен әкесінің жолына түсті. Жастайынан теология, фиқһ, әдебиетке ден қойып, тереңірек оқиды. Кәләм – теология ілімінде Мухтасар әл-Мустасфа атты кітап жазады. Араб тілі мәселелеріне байланысты ад-Дарури атты кітап, фиқһ ілімінде Бидаят әл-мужтаһид уа ниһаят әл-муқтасид атты кітапты тағы басқа құнды ғылыми туындыларын жазды.
Алайда барлық ғылымдарда да асқан дарынды болса да Ибн Рушдтың есімі философия және медицина ғылымдарымен мәшһүр болды. Ол ғылымның осы екі саласы бойынша замандастарынан оқ бойы озық болды.
Ибн Рушд медицина ғылымы бойынша өз заманының білгір ғұламалары Әбу Жағфар Һарун, Әбу Маруан ибн Жарбул әл-Бәләнсилерден дәріс алды. Кейінірек осы салада көптеген еңбектерін жазып шықты. Ибн Рушд әсіресе, өзі заманының атақты дәрігер ғалымы Маруан ибн Зуһрмен тығыз достық байланысты болды. Ибн Рушд өз ғасырының дәрігер ғалымдарының арасында шоқтығы биік тұлға еді. Тіпті, кейбір замандастары: «Ибн Рушд көпшілікке фиқһ – шариғат мәселелерінде пәтуа бергені сияқты дәрігерлік мәселелерде де шешім шығарады», – десетін.
Медицина саласындағы осындай ғұлама ғалымдығына қарамастан Ибн Рушдтың атағы философия ғылымы арқылы мәшһүр болды. Бір жағынан ол араб философиясының дамуына біраз еңбек сіңірсе, екінші жағынан латын философиясының дамуына да өзіндік үлес қосты.
Әсіресе, оның есімі ежелгі грек философы Аристотельдің еңбектеріне жазған түсіндірмелері арқылы бүкіл әлемге танылды. Расында оның түсіндірмелері болғанда сол кездегі араб ғалымдары Аристотельдің еңбектерін еш түсіне алмас еді. Оның бұл түсіндірмелерін жазуға мынадай жайт себеп болған-ды. Бірде оны Әбубәкір ибн Туфайл шақырып: «Мен мұсылмандар әмірінің Аристотельдің кейбір сөздерін түсіне алмай жатқандығын естідім. Ол егер сол еңбектерді жақсылап түсіндіріп бере алатын ғалым болса оны өзіне жақындатамын деп жатқан көрінеді», – дейді. Сосын Әбубәкір: «Расында бұл іске сенің ғылыми қабілетің жетеді деп ойлаймын. Егер күшің жетсе осы істі қолыңа ал. Мен бір сенің ғана қолыңнан келетіндігін сенемін. Ал менің жасым қазір ұлғайды», – деп Ибн Рушдқа ой тастайды.
Содан кейін Ибн Рушд әмірдің сарайына барады. Сұлтан Әбубәкір ибн Туфайл екеуі отыр екен. Әбубәкір ибн Туфайл әмірге Ибн Рушдты мақтай бастайды. Оның білімінің ұшан-теңіздігін, болашағынан үміт күттіретін жас ғалымдардың бірі екендігін айтады. Әмір Ибн рушдтан аты-жөнін, тегін сұрап, бірнеше сұрақтар қояды. Ибн Рушд оның сұрақтарына бірден жауап бере қоймайды. Сонда оның орнына Әбубәкір ибн Туфайл жауап береді. Ол ежелгі грек ғалымдары Аристотель, Платондардың көзқарастарын, мұсылман философтарының оларға қарсы жауаптарын түгел келтіріп, әмірге тұщымды жауап береді. Сонда Әбубәкірдің даналығына Ибн Рушдтің көзі жетеді. Содан соң әмір Әбубәкірдің кеңесін құп алып, Ибн Рушдке қаржы бөледі. Ибн Рушдтың Андалузия елін билеуші әмірдің сарайына алғаш аяқ басуы осылай басталған еді. Мұсылмандардың әміршісі өзінің мәжілісіне барлық елдерден келген ғұламаларды жинайтын. Сондықтан да Ибн Рушдтың әміршімен жолығуы оның өмірінің ең басты кезеңі болды.
Әуелі ол Ишбилия (Севилья) қаласында қазылық қызметте тағайындалды. Бірақ ғұлама бұл қызметте көп тұрақтамады. Екі жылға жуық уақыттан соң Құртубаға (Кордово) қайтып оралды. Ол мұнда қазылардың қазысы деген лауазымға тағайындалды. Ал он жыл өткен соң әміршінің жеке дәрігері боп тағайындалып халифаның сарайына орналасады.
Мұсылмандардың әміршісі дүниеден өткен соң билікке халифаның ұлы келеді. Ол да әкесі секілді Ибн Рушдқа лайықты қошемет көрсетіп, оны барлық уәзірлердің үстінен қарайтын бас уәзір етіп тағайындайды.
Ибн Рушдтың жасы алпыс сегізге жеткенше осы қызметте болып, халифа әл-Мансұрға қалтқысыз қызмет етіп, осы аралықта олардың араларында шынайы достық пен сыйластық орнайды. Алайда біраз жылдардан соң бұл сйластық аяқ астынан бұзылып, әміршінің ғұламаға дегн көзқарасы күрт өзгереді. Ол Ибн Рушдты Құртубаға жақын бір шағын қалаға жер аударып, оның кітаптарын және басқа да философтардың кітаптарын түгелдей өртетеді.
Осы кезден бастап халифа Ибн Рушдқа философиямен және басқа да ғылымдармен айналысуға қатаң тыйым салады, тек медицинамен, математикамен ғана шұғылдануға рұқсат береді. Жағдайдың дәл осылай өзгеруіне Ибн Рушдтың даналығы мен әміршінің алдындағы абырой-беделін көре алмаған пасық жандардың ғұлама туралы әміршіге жамандауы себеп болған еді.
Олар Ибн Рушдтың ежелгі грек философиясы туралы кітабындағы «Венера ежелгі грек құдайларының бірі болатын» деген сөйлемді әмрішіге басқаша түсіндіріп, ғұламаға жала жабады. Пасық жандар өздері даналық пен хикметтің сырын жете ұғына алмаған соң қайткенде ол ілімді теріске шығаруға тырысатын.
Кейбір зерттеушілер Ибн Рушд пен әміршінің арасының күрт сууына ғұламаның көп жылдық жылы, тығыз қарым-қатынастың нәтижесінде әміршіге: «Уа, бауырым», – деп сөйлеп әдеттенуі мен Құртубаның әкімімен жолдас болуы себеп болған деседі. Ғұламаның дұшпандары әміршіге Ибн Рушд қала әкімімен ымыраласып төңкеріс жасағалы жүр деген жалған ақпарат жеткізген.
Қалай болғанда да көкірегі көр пасық жандар жымысқы ойларын жүзеге асырып дегендеріне жетеді. Бірнеше жылдарға созылған достық қарым-қатынас аяқ астынан нашарлайды.
Арада бір ай өткен соң Ибн Рушд Морокконың Мараккеш қаласына сапар шегеді. Сапарда ғұламаның денсаулығы нашарлап, қатты науқастанып қалады. Көп ұзамай сол дертінің себебінен қайтыс болады. Бұл һижраның 595 жылы болатын. Ғұлама Мараккеш қаласына жерленеді. Кейін ғұламаның денесі Құртубадағы ата-бабалары жерленген қорымға көшіріліп, жерленеді. Ибн Рушд дүниеден өткеннен бір айдан кейін оған ғылыммен айналысуға тыйым салған Андалузия әміршісі де қайтыс болады.
Ибн Рушдтың артында үлкен жанұясы қалады. Олардың арасында ұлы Абдулланың ғалымдық атағы шығады. Ол халифалар мен патшаларға қызмет еткен шипагер дәрігер болады. Ал ғұламаның басқа ұрпақтары фақиһ, қазы болып қызмет атқарады.
Ғұмырының аяғы тауқыметке толы болған ұлы данышпанның ғылымға қосқан үлесі өте зор. Оның еңбектері негізінен фиқһ, кәләм ілім, медицина, философия салаларында жазылған. Оның даналығына тәнті болған зерттеушілердің бірі былай жазған: «Ибн Рушдтың әміршілердің алдындағы абыройы өте жоғары болатын. Ол ешқашан өзінің жеке басын күйттеп, мал жинаумен айналысқан емес. Қолына түскен барлық қаражатын өз қаласының мүдделері мен жалпы Андалузияның дамуына жұмсады. Ол ғұламалығына қарамастан өте қарапайым әрі кішіпейіл болатын». Оның өмірбаянын зерттеген тағы бір ғалым: «Шынында Ибн Рушд өте қарапайым ғұмыр кешкен тақуа кісі болатын. Ол шәкірттерге дәріс беру мен кітап оқуды қатты ұнататын. Ғұлама күні-түні тынымсыз ғылыми ізденісте болды. Ол саналы ғұмырында ғылыми ізденісін екі-ақ мәрте үзіп алды: әкесі қайтыс болған күні және үйленген күні», – деп жазды.
Ибн Рушд киіміне, сыртқы жағдайына қатты назар аудармайтын. Ол өте жомарт кісі болатын. Ол ешқашан өз басына мал-мүлік жинаған емес. Өзінен бірдеңе сұраған адамның қолын құр қайтармайтын. Тіпті жолдастары оның шектен тыс жомарттығы үшін жазғырып жататын. Өйткені ол өзінің сыртынан өсек таратып айыптап, дұшпандық қылатын пасық жандарға да жомарттық көрсететін. Ғұлама жолдастарына мұның сырын: «Дұшпанға жомарттық көрсету бекзаттықтың белгісі», – деп түсіндіретін. Бірде ол өзін жәбірлейтін адамға сый беріп жатып: «Саған айтар насихатым: мұндай әрекетіңді менен басқа жанға істеуші болма», – деген екен. Осылайша ол өзіне қастық ойлап, қиянат қылған жандарға әрдайым қайырлы іс қылатын. Сондықтан да дұшпандарының өзі оның жомарттығы мен кеңпейілділігінен күдер үзбейтін.
Ибн Рушдтың еңбектері
Ғұламаның еңбектері негізінен төрт топтан тұрады:
Бірінші: философиялық және ғылыми еңбектері мен түсіндірмелері.
Екінші: медицина саласындағы түсіндірмелері мен еңбектері.
Үшінші: фиқһ және телогия саласындағы кітаптары.
Төртінші: тіл-әдебиет саласындағы еңбектері.
Қазірде біз ұлы ғұламаның қандай еңбектерінің өртелінгенінен, қандай кітаптарының із-түзсіз жоғалып кеткендігінен бейхабармыз. Соған қарамастан біздің қолымыздағы мұралары оның ғылымның сан салаларындағы сара даналығына кәміл түрде дәлелдей алады.
Төменде соған мысал ретінде ғұламаның әл-Куллият атты медициналық еңбегінен үзінді келтірдік. Аталмыш кітабында Ибн Рушд тамақтану үдерісіндегі жеміс-жидектердің пайдасы туралы былай дейді:
«...Ал жемістерге келер болсақ, олардың ішіндегі ең пайдалысы: інжір мен жүзім. Табиғаты ыстық әрі ылғал болғандықтан інжір асқазанның жұмысын баяулатып, қарынды жұмсартады. Оның сүт сияқты табиғаты рекше қуат береді. Інжірдің ең жақсысы – толық піскені. Ал жүзімге келер болсақ, ол – ыстық. Алайда оның ыстықтығы аз, орташа ылғалды. Ол адам ағзасын балғындық сипат береді. Бірақ оны жеген соң інжірге керісінше ас қорыту мүшелерінде жел пайда болады. Ол желдер негізінен асқазан мен ішектерде болады.
Ал мейіз ыстық әрі ылғалды жеміс. Ол бауырға пайдалы. Тәтті алма орташа ыстық, ылғалды. Ал қышқыл алма суық әрі құрғақ. Ол басты мүшелерге күш-қуат береді. Алманы иіскеумен мидың жұмысы күшейеді. Бұл оның хош иісті қасиетіне байланысты. Алманы қорыту арқылы асқазанда ауыр ауа пайда болады. Кейбіреулер оның туберкулезге себеп болуы ықтимал деген пікір де айтқан. Оларды бірі Әбу Маруан ибн Зуһр. Ол алмадан шыққан газдар өкпенің бронхаларын күйдіреді деп есептеген. Алайда сығылып алынған алма сусыны ондай әсер қалдырмайды.
Алмұрт. Бұл жемістің піспегені суық әрі құрғақ. Ал толық піскені орташа немесе аздап суық. Өйткені оның дәмі тәтті мен қышқыл аралас. Алмұрт шөлді тез басады.
Анардың ыстығы да, қышқылы да бар. Екеуі де ылғалды. Алайда тәттісінің ылғалы молырақ әрі ыстығырақ.
Өрік (персик) суық, ылғалды жеміс. Есінен танған адам иіскесе пайдалы. Бұл жеміс асқазан ауруына ем. Ал оның сүйегіндегі өзегі бет шырайын жақсартады. Одан жасалған май құлақ тосаңдығына шипа, ал нәрі зиянкес құрттарды жоюға таптырмас құрал».
Міне, оқырман, ұлы дананың бір кітабынан алынған үзінді осындай.
Иә, расында да Ибн Рушд ұлы философ, талай дерттің дауасын тапқан дарынды дәрігер. Ұлы ғұлама туралы жиырмасыншы ғасырдағы Мысыр ойшылы Махмұд Аққад былай дейді: «Ибн Рушдтың ақылы әрбір нәрсенің сырына үңіліп, толық түсіндіріп бере алатын талантты түсіндірмешінің ақылы. Оның адамзаттың ой-сананың дамуындағы мәртебесі өте зор. Ол ғылым жолында аянбай еңбек етіп, көп тер төкті. Оның мұрасы баға жетпес әрі қайталанбас мол қазына».
Біздің де Аққадтың айтқан пікіріне алып-қосарымыз жоқ. Расында да Ибн Рушд Ислам өркениетінің, қала берді, жалпы адамзаттың ақыл-ойының дамуына сүбелі үлес қосқан дара данышпан, кемеңгер тұлға. Исі мұсылманның ортақ мақтанышы.
Алла Тағала осы ұлы данышпаннан разы болып, рахымына бөлегей.
