ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
АУКЦИОНМЕН ЗАТ САТУҒА БОЛА МА?

 

Аукцион – көпшілік алдында кім артық төлем ұсынса, бұйым және т.б. зат соған сатылатын бәсекелес жария сауда.


Аукцион өзара разылықпен жүзеге асатын сауданың бір түрі. Бұған шариғатымызда рұқсат етіледі.  Алла Тағала Құранда былай дейді:


وَأَحَلَّ اللَّهُ الْبَيْعَ وَحَرَّمَ الرِّبَا


«Негізінде Алла сауданы халал, өсімді харам еткен»[1].


Бұл харам деп келген саудадан басқасының барлығы адал екендігін аңғартады.


Әнас ибн Мәликтен )Алла ол кісіден разы болсын( жеткен хабарда:


قَالَ رسول الله صلي الله عليه وسلم: «مَنْ يَشْتَرِي هَذَيْنِ؟» قَالَ رَجُلٌ: أَنَا، آخُذُهُمَا بِدِرْهَمٍ، قَالَ: «مَنْ يَزِيدُ عَلَى دِرْهَمٍ مَرَّتَيْنِ»، قَالَ رَجُلٌ: أَنَا آخُذُهُمَا بِدِرْهَمَيْنِ فَأَعْطَاهُمَا إِيَّاهُ


Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кім мына екі нәрсені (тоқым және су ішетін ыдысты) сатып алады?», - деді. Сонда бір кісі: «мен екеуін бір дирһамға аламын» деп ұсыныс білдірді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «бір дирһамнан артық беретін кісі барма?», деп екі қайтара сұрады. Сонда бір кісі екі дирһам беретінін айтады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) соған сатады»[2].


Жоғарыдағы аят пен хадис аукционмен сауда жасауға рұқсат екенін аңғартады. Алайда мына төмендегі жәйттерді ескерген жөн: 


1.  Бір затты өз бағасынан асырып, шектен тыс жоғары бағаламауы[3];


2. Өтілімі төмен бір затты бойында жоқ ерекше бір қасиеттерді қосып адамдарды қызықтырмауы;


3.  Тауардың иесі немесе өкілі баға қоюшыға заттың негізгі бағасын көтермелеп көрсетпеуі;


4.  Теледидар, радио және басқа да әлеуметтік желі арқылы затты жарнамалау барысында асыра мақтап, жұртты қызықтыру үшін шындыққа жанаспайтын сипаттар тағып, жалған ақпарат бермеуі тиіс[4].


Сондықтан осы аталған шарттарды ескере отырып аукционмен сауда жасауға рұқсат етіледі.

 

Табарак Қамит

                                  Талдықорған облысы бойынша пәтуаға жауапты маман




[1]«Бақара» сүресі, 275- аят.

[2] Термизи, № 1218.

[3] әл-Кәсәни, Бадаи әс-санайығ, 7/214.

[4] Ислам Фиқһ ұйымы. 1414 х / 1993 м.ж. Бруней - Даруссәләм, VIII – мәжіліс.


Жоғары