ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ӘСКЕРИ БОРЫШТЫ ӨТЕУДІҢ ҮКІМІ

 

بسم  الله الرحمن الرحيم


الحمد لله ربّ العالمين و الصلاة و السلام على خير خلقه محمـد و آله و أصحابه أجمعين

 

Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын.


Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай!

 

Отанды қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Елді қорғау үшін міндетті түрде қуатты әскер қажет. Жауға қарсы тұру әрі оларға әскери күш әзірлеу – ислам дінінің талабы әрі сауапты іс. Алла Тағала Құранда былай дейді:


وَأَعِدُّوا لَهُمْ مَا اسْتَطَعْتُمْ مِنْ قُوَّةٍ


«Оларға (дұшпанға қарсы) шамаларың келгенше күш-қуат әзірлеңдер...»[1].


Бұл аят жауға қарсы қуатты әскер әзірлеп, алдын-ала дайындық жасауға шақырады.


Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы болғандықтан, әскерге бару – міндет[2]. Алла Тағала Құранда:


يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ اصْبِرُواْ وَصَابِرُواْ وَرَابِطُواْ وَاتَّقُواْ اللّهَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ


«Уа, иман келтіргендер! (Сынаққа) сабыр етіңдер, (дұшпанға) төзімді болыңдар, (қорғанысқа) бекем болыңдар және Алладан қорқыңдар, сонда мұратқа жетесіңдер!»[3] – дейді.


Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):


رِبَاطُ يَومٍ في سَبيلِ اللَّهِ خَيْرٌ مِنَ الدُّنْيَا وما عَلَيْهَا


«Алла жолында (Отанды қорғап) бір күн күзетте болу – дүниеден және ондағы барлық нәрселерден қайырлы»[4], – деген. Келесі хадисте:


عَيْنَانِ لاَ تَمَسُّهُمَا النَّارُ، عَيْنٌ بَكَتْ مِنْ خَشِيَةِ اللهِ، وَعَيْنٌ بَاتَتْ تَحْرُسُ فيِ سَبيِلِ اللهِ


«Екі көзді тозақ оты шарпымайды: Алладан қорқып жылаған және Алла жолында елін күзеткен көз», – деп айтқан[5].


Ғалымдар: «Ислам шариғаты әрбір мұсылманға Отанын кез келген қауіптен қорғауды міндеттейді. Кімде-кім бұл міндетті орындаудан жалтарса, дініне және Отанына қиянат жасаған болып саналады»[6], – деген.


Сондықтан Отан алдындағы әскери борышын өтеу – әрбір азаматтың міндеті, ал әскери борышты өтеуден үзірсіз[7] бас тарту – күнә.  

 

Үкім:


1.  Отанды қорғау – әрбір азаматтың парызы.


2.  Әскери борышты өтеу – міндет, ал одан бас тартуға тыйым салынады.    

 



[1] «Әнфәл» сүресі, 60-аят.

[3] «Әл Имран» сүресі, 200-аят.

[4] Бұхари, № 2892.

[5] Тирмизи, №1639. Бәйһақи, «Шуғабу әл-иман», 796.

[6] Мысыр пәтуа комитетінің пәтуалар жинағы, 6/62.

[7] Қазақстан Республикасының заңдарында көрсетілген себептерден тыс жағдайларда.


Жоғары