ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ИМАМҒА ҰЙЫҒАН АДАМ ІШТЕЙ СҮРЕ ОҚИДЫ МА?

 

Жалпы Ханафи мәзһабында қарағат қылу намаздың рүкіні. «Фатиха» сүресін оқу уәжіп.  Ханафи мәзһабы бойынша имамға ұйыған адам сүре оқымайды. Құран Кәрімде:


وَإِذَا قُرِئَ الْقُرْآنُ فَاسْتَمِعُوا لَهُ وَأَنْصِتُوا لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ


«Қашан Құран оқылса, оған құлақ салып тыңдаңдар да үндемеңдер. Әрине мәрхеметке бөленесіңдер»[1]. Аяттың түсу себебінде имам Рази мына оқиғаны келтіреді: «Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазда құран аятын оқып жатқан кезде, артындағы сахабалардың бірі Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге дауыстап Құран оқыды. Олардың дауыстары араласып кетті. Осы кезде жоғарыдағы аят түсті»[2]деді. Имам Ахмад: «ғалымдар бұл аятты намазға қатысты екеніне бір ауыздан келіскенін»[3]жеткізеді.


Жоғарыда келтірілген аяттағы «тыңдаңдар» деген бұйрық дауысталып оқылатын намаздарды, ал «үндемеңдер» деген іштей оқылатын намаздарды қамтыған.


Сахаба Имран ибн Хусайн былай дейді:


صَلَّى بِنَا رَسُولُ اللّهِ صَلاَةَ الظُّهْر أَوِ الْعَصْرِ فَقَالَ أَيُّكُمْ قَرَأَ خَلْفِي بِسَبِّحِ اسْمَ رَبِّكَ الأَعْلَى؟ فَقَالَ رَجُلٌ أَنَا وَلَمْ أُرِدْ بِهَا إِلاَّ الْخَيْرِ قَالَ قَدْ عَلِمْتُ أَنَّ بَعْضَكُمْ خَالَجَنِيهَا


«Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)бізге бесінде ме, жоқ екінті де ме имам болып, намаз оқыды. Намаздан кейін бізге қарап: «Қайсысың артымда тұрып «Сәббихисма Раббикәл әълә» деген?» – деп, сұрады. Ұюшылардың бірі: «Мен едім, бірақ, жаман ойым болған жоқ», – деп, жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)(өзгелердің имаммен қоса жарысып оқып тұруын дұрыс көрмей):«Қайсысы менімен жарысып тұрған деп ойлап қалдым»[4] - деген.


Пайғамбарымыздың(оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:


إنَّما جُعِلَ الإمامُ ليؤتمَّ به، فإذا كبَّر فكبِّروا، وإذا قرأَ فأَنصِتوا،


«Негізінде, имам басқалардың оған намазда ілесу үшін ғана қойылған. Ол тәкбір айтқанда, тәкбір айтыңдар! Ол Құран оқығанда, үндемеңдер»[5]делінген.


«Сахаба Сайд ибн Сәбиттен имамның артында қосылып қырағат ету жайында сұрағанда, Ол(Алла оған разы болсын):


لا قراءة مع الإمام في شيء


«Еш жерде имамның артында қырағат ету жоқ» - деп жауап берген.[6]


Имамның рукуғына үлгерген адам ижмағ бойынша ракәғатқа үлгерген болып санады. Бұл жерден имамның қырағаты ұйыған адамға жекткілікті болғаның аңғарамыз.


Ханафи мәзһабының ғалымыАбдулла ибн Мубаракпен  қатар Малик ибн Анас, Ахмад ибн Ханбал, Ибн Шихаб аз-Зухари, Исхақ ибн Рахауайхи сынды ғалымдар имамның артынан ұйыған адам сүре оқымайды деп санаған[7].


Қорыта келе, имамға ұйыған адам дұғаларды ғана іштей оқып, фатиха және қосымша сүрелерді оқымайды.

 

 

Исенов Еркебұлан Олжабайұлы

Ерейментау аудандық «Тоқан Хазрет»

мешітінің бас имамы

 



[1]«Ағраф»сүресі,204-аят.

[2]Тафсир ал-Кабир, имам Рази, 4т,500б.

[3]Шарх Сунан Ибн Мажа, 1/61

[4]Мүслім, №398

[5]Сунан Ибн Мажа, 1/276

[6]Сахих Муслим 577

[7]Бадаи ас-Санаи 1/160.

Жоғары