ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ДӘРЕТ ПЕН ТАЯММУМҒА ШАМАСЫ КЕЛМЕГЕНДЕР НАМАЗДЫ ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?

 

     Намаз – дініміздегі ұлы құлшылық. Бұл құлшылықтың тек дәретпен ғана орындалатыны белгілі. Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):


لَا صَلَاةَ لِمَنْ لَا وُضُوءَ لَهُ

       

       «Дәреті жоқтың намазы жоқ»[1], - дейді.


       Егер белгілі бір себептермен дәрет алуға шамасы келмей қалса, оның орнына таяммум алып, намазын өтей береді. Алла Тағала Құранда былай дейді:


وَإِن كُنتُم مَّرْضَىٰ أَوْ عَلَىٰ سَفَرٍ أَوْ جَاءَ أَحَدٌ مِّنكُم مِّنَ الْغَائِطِ أَوْ لَامَسْتُمُ النِّسَاءَ فَلَمْ تَجِدُوا مَاءً فَتَيَمَّمُوا صَعِيدًا طَيِّبًا فَامْسَحُوا بِوُجُوهِكُمْ وَأَيْدِيكُم مِّنْهُ


«Ал егер науқас немесе жолаушы болсаңдар, яки үлкен дәретке отырып келгеннен, не әйелмен қосылғаннан кейін (жуынатын) су таба алмасаңдар, таза топыраққа тәяммум соғып (яғни алақандарыңды таза топыраққа соғып), беттеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін сипаңдар»[2].


Демек, белгілі бір себептерге байланысты суды қолдануға мүмкіндігі болмаса немесе ота жасатып дәрет алуға шамасы келмесе, онда жер жынысынан болған затқа (құм немесе топырақ шаңы, мрамор, әк және т.б.) таяммум соғады.


Әрине бұл мәселе жанында көмек беретін адамның болуы немесе болмауына да байланысты. Егер ота жасатқаннан кейін денесіне су тигізуге болатын болса, онда жанындағы адам оған дәрет алуға көмек береді. Ал су тигізуге болмаса таяммум алуға жәрдемдеседі.


Алайда жанында көмек беретін адам табылмай, дәрет алуға да таяммум соғуға да мүмкіндік болмаса имам Әбу Ханифаның пікірі бойынша «Дәреті жоқтың намазы жоқ» деген хадиске орай намазды кейінге қалдырады. Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің көзқарасы бойынша намаз оқушының кейіпін танытып оқи береді. Яғни, намаздың барлық іс-әрекетін, рукуғ пен сәждесін жасайды. Бірақ намазға ниет етпейді. Кейін шамасы жеткен кезде ораза секілді қазасын өтейді. Негізігі пәтуа осыған берілген. Тіпті имам Әбу Ханифа екі шәкіртінің сөзіне қайтқаны анықталған[3].


Осыған орай түрлі себептермен дәрет пен таяммумға шамасы жетпеген кісі намазды уақыты келгенде намаз оқығандай кейіп танытып оқиды да, кейін шамасы жеткен кезде қазасын өтеп береді.


 

Ерболат Боханов

Атырау облысы бойынша пәтуаға жауапты маман



[1] Әбу Дәуіт, №101.

[2] «Мәйда» сүресі, 5 –аят.

[3] Радду әл-мухтар, Даруль мағрифа баспасы, Китабу таһара, 1/472-бет.

Жоғары