ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
РАМАЗАН АЙЫНЫҢ СӘРЕСІН ІШУ МІНДЕТ ПЕ?

 

Сәресі ішу – оразаға ниет еткен адамның таң атар алдында тамақтануды немесе ең болмағанда  су ішуді білдіреді. Үкімі – мұстахаб (істесе сауап, ал орындамаса күна сналмайтын іс) амал[1]. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Әнәс бин Мәлик (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:


تَسَحَّرُوا فَإِنَّ فِي السَّحُورِ بَرَكَةً


«Сәресіге тұрыңдар, сәресіде берекет бар» [2].  


Тағы бір хадисте: 


فَصْلُ ما بيْنَ صِيَامِنَا وَصِيَامِ أَهْلِ الكِتَابِ، أَكْلَةُ السَّحَرِ.


«Біздің ораза мен кітап иелерінің оразасының айырмашылығы сәресі ішуде»[3], делінген.

    Сәресі уақыты түннің соңғы алтыншы бөлігінен таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады[4]. Таң намазының уақыты кіргенде сәресі ішуді тоқтату тиіс. Сәресі ішудің өзіндік берекеті мен артықшылықтары бар. Атап айтқанда:


1. Сәресін ішуге тұрған адамға Алла мен Оның періштелері салауат айтады;


2. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті орындалады;


3. Құлшылыққа күш-қуат береді;


4. Ширақтықты арттырады (белсенділік, энергия, т.б);


5. Аштықтан келетін нашар мінездің алдын алады;


6. Сəресі дұғаның ең қабыл болатын кезіне сәйкес келеді;


7. Сəресіде ниетті түзеп, ықыласты арттыруға мүмкіндік туады;


8. Сәресіне тұрған адам таң намазына ұйықтап қалмайды[5].


Сондықтан мұндай пайдадан құр қалмас үшін сәресіне тұрған жақсы. Ал сәресі іше алмай қалған адамның оразасы дұрыс саналады. 

 

 

             Елбек Тасболатұлы

Павлодар облысы бойынша пәтуаға жауапты имам

 

 



[1] Имам Ибн Абидин. Радду ал-муһтар 6-том, 341-бет.

[2] Муслим, №1095.

[3] Муслим, №1096.

[4] Имам Ибн Абидин. Радду ал-муһтар 6-том, 341-бет.

[5] Qalam.kz

Жоғары