ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ҚАДІР ТҮНІ ҰЙЫҚТАМАУ ШАРТ ПА?

 

Қадір түні – қасиетті, құдіретті, мөлшем, тағдыр деген мағыналарды білдіреді. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Алла Тағала Құранда былай дейді:


لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِّنْ أَلْفِ شَهْرٍ


«Қадыр түні мың айдан да  қайырлы»[1].


Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):


مَن قَامَ لَيْلَةَ القَدْرِ إيمَانًا واحْتِسَابًا، غُفِرَ له ما تَقَدَّمَ مِن ذَنْبِهِ


«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, (намазда) тұрумен өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»[2], - дейді.


Имам Мужаһид: «Қадір түнінде жасалған амал (намаз, құран оқу, садақа беру) мың айдың ішінде жасалған амалдан хайырлы»[3] - десе, Хафиз Ибн Ражаб: «Қадір түнін жіберіп алғандарымды қайта толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас өмірге тең келеді ғой!»[4], - деген. Ал,  Суфиян Сәури былай дейді: «Қадір түні тілек тілеп, кешірім тілеу намаздан ұнамды. Құран оқып, артынан тілек тілеу – ең жарасымдысы» [5].


Ендеше қадір түнін барынша құлшылықпен өткізген дұрыс. Бірақ ұйықтамай өткізу шарт емес. Себебі Айша анамыз:


ولا قام ليلة حتى أصبح


«(Алла Елшісі) таң атқанша түнді (барлық бөлігін) намазбен өткізген емес»[6], - дейді.


Алайда Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:


إن هذا الشهر قد حضركم ، وفيه ليلة خير من ألف شهر ، من حرمها فقد حرم الخير كله ، ولا يحرم خيرها إلا محروم


«Сендерге мына ай келді. Бұл айда мың айдан артық түн бар. Кімде-кім осы түннің жақсылығынан мақұрым қалса, жақсылық атауынан құр қалғаны. Оның жақсылығынан тек қана нағыз мақұрым адам ғана құр қалады»[7] - делінген.


Сондықтан мұсылман адам барынша осы түнді құлшылықпен өткізіп, сауаптан құр қалмауға тырысуы қажет. Ал шаршап-шалдықса кішкене тынығып алудың оқасы жоқ.

 

 

 Исенов Еркебұлан Олжабайұлы

Ақмола облысы Ерейментау ауданданық

 «Тоқан Хазер» мешітінің бас имамы



[1]«Қадір» сүресі, 1-аят.

[2]Бухари, №1901.

[3]Ибн Касир, Мухтасар тәфсир, 3/659.

[4]Ләтаифу әл-мәғариф, 191.

[5]Ләтаифу әл-мәғариф, 204

[6] Нәсәи риуаят еткен хадис.

[7] Ибн Мәжә риуаят еткен хадис.

Жоғары