ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ЕР КІСІГЕ АЛҚА ТАҒУҒА БОЛАДЫ МА?

 

Шариғатымызда алтын бұйымдарды тағу әйелдерге рұқсат етіліп, ер кісілерге тыйым салынған. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إن هذين حرام علي ذكور أمتي

 «Бұл екеуі (алтын мен жібек) үмбетімнің ер кісілеріне харам»[1], – деген. Бұл хадис таза алтыннан жасалған бұйымдар ер кісілерге мүлдем тағуға болмайтынын, ал нәзік жандыларға рұқсат екенін аңғартады.

Ер кісіге күмістен жасалған бұйымдарды тағуға келсек, ол жөнінде Ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы Ибн Абидин былай дейді:

و لايتحلى الرجل بذهب وفضة مطلقاً، إلا بخاتم و منطقة و جلية سيف منها أي الفضة.

«Ер кісілерге алтын мен күмістен жасалған бұйымдарды мүлдем тағуға болмайды. Тек күміс жүзікті, белдікті және сабы күміспен жалатылған қылышты қолданудың оқасы жоқ»[2].

Мәтінде санаулы ғана бұйымдарды шектеп айтып тұр. Демек ер кісіге күмістен жасалған болса да алқа, білезік секілді бұйымдарды тағуға рұқсат етілмейді. Оған қоса Ибн Абастан жеткен риуаятта:

لَعَنَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّه عَلَيْهِ وَسَلَّمَ الْمُتَشَبِّهِينَ مِنَ الرِّجَالِ بِالنِّسَاءِ ، وَالْمُتَشَبِّهَاتِ مِنَ النِّسَاءِ بالرِّجالِ

«Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) (сөйлеген сөзінде, жүріс-тұрысында, киім киісінде, боянуында) әйелдерге ұқсағысы келген ерлерді, ерлерге ұқсағысы келген әйелдерді лағнеттеген»[3], – деп келген. Бұл хадис ер кісілерге алқа, білезік тағу секілді әйелдерге тән дүниелерден аулақ болуды білдіреді.

 Қорыта айтқанда, ер кісіге алтын немесе күмістен жасалған алқаны мойнына тағуға болмайды. Ал күміс жүзікті тағудың оқасы жоқ.

 

 

 

Абдурашид Мейірбекұлы

Семей аймағы бойынша пәтуаға жауапты маман

 



[1] Әбу Дәуіт, №4057. Ибн Мәжә, №3595. Ән-Нәсәи, 8/160.

[2] Радду әл-мухтар, 6/358.

[3] Бұхари, Либәс №61. Тирмизи, Әдәб №24. Ибн Мәжә, Никах №22.

 

Жоғары