ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (ﷺ) САЛАУАТҚА МҰҚТАЖ БА?

    

Салауат – дұға, тілек дегенді білдіреді[1]. Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) салауат айту абзал ғибадат және Аллаға жақындататын ізгі іс.

 

Алла Тағала Құранда былай дейді: 

 

إِنَّ اللَّهَ وَمَلَائِكَتَهُ يُصَلُّونَ عَلَى النَّبِيِّ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا صَلُّوا عَلَيْهِ وَسَلِّمُوا تَسْلِيمًا

 

«Шын мәнінде, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады (Алладан – рақым, періштелерден – жарылқау, дұға). Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған (Пайғамбарға) салауат пен саламаттық тілеңдер!»[2].

 

Алла тарапынан болған салауат – рақымына бөлеу, періштеден – истиғфар (жарылқау тілеу), пендеден – дұға-тілек болып саналады. 

 

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын)  салауат айтудың сауабы еселенетінін, пенденің күнәсі кешірілуіне, дұғаларының қабыл болуына себеп болатын баяндап: 

 

مَنْ صَلَّى عَلَيَّ صَلَاةً وَاحِدَةً صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ عَشْرَ صَلَوَاتٍ وَحُطَّتْ عَنْهُ عَشْرُ خَطِيئَاتٍ وَرُفِعَتْ لَهُ عَشْرُ دَرَجَاتٍ 

 

«Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат жолдап, он күнәсін кешіріп, он дәрежесін көтереді[3], – дейді. 

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) Алланың сүйктісі әрі барлық күнәдан  сақталған. Сол үшін де, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) біздің дұғаларымызға, салауаттарымызға мұқтаж емес. Бәлки біз салауат айтуға көбірек мұқтажбыз. Оның негізгі себептері мыналар: 

 

1. Алланың әмірін орындаймыз. Құранда: «Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған (Пайғамбарға) салауат пен саламаттық тілеңдер!», - делінген.

 

2. Күнәміз кешіріліп, дәрежеміз көтеріледі. Хадисте: «он күнәсін кешіріп, он дәрежесін көтереді» деген. 

 

3. Алланың мейіріміне бөленеміз. Бір салауат айтумен оған Алланың он салауаты жолданады. Алла тарапынан болған салауат мейіріміне алуды білдіреді[4].

 

4. Пайғамбармен (оған Алланың игілігімен сәлемі болсын) байланысымыз үзілмейді. Себебі кім Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауат айтса, Алла Елшісі оған сәлемін қайтарады.  

 

Ибн Кәсир: «Мүміндер Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен Құран әрі оның жолымен жүру арқылы Ұлы Жаратушының разылығына бөленеді. Сол үшін Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көбірек салауат айтуға міндеттіміз»[5], – дейді. 

 

Қорыта айтқанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздің айтқан салауатымызға мұқтаж емес. Бәлки пенде салауат айту арқылы көбірек пайда алмақ. Салауат айту себебімен Алланың рахымына бөленеді, күнәлары кешіріледі, дәрежелері көтеріледі. Сондықтан өмірінде бір рет болса да салауат айту пендеге міндет. Ал жиі айтып жүру мұстаһап болып саналады.

 

 

Табарак Қамит

Талдықорған облысы бойынша пәтуаға жауапты маман


[1] Юсуф ән-Нәбәхани, Абдалу ас-Салауат әлә саиди әс-Садат, 18-бет.

[2] «Ахзаб» сүресі, 56-аят.

[3] Нәсаи риуаяты, №1297.

[4] Хамид Ибрахим, Ахуалу әл-қулуб, 188.

[5] Ибн Кәсир тәпсірі, 1/426.


Жоғары