ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ҚАМАТ АЙТЫЛҒАНДА СҮННЕТ ОҚЫЛЫП ЖАТСА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إذا أقيمت الصلاة فلا صلاة إلا المكتوبة

«Егер намазға қамат түсірілсе, парыздан басқа намаз оқылмасы»[1], – деген.

Демек, парыз намазына қамат айтылса басқа намазға кіріспей, парызды оқу керек. Дегенмен таң намазының парызына қамат айтылған жағдайда, екі ракағат сүннетті оқып парызға үлгеретініне көзі жетсе, онда сүннетті оқып кейін парызға ілеседі[2]. Себебі таң намазының сүннеті Ханафи мәзһабында уәжіпке жақын сүннет саналады. Ол туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

ركعتَا الفجرِ خيرٌ من الدُّنيا وما فيها ، وقال أيضًا: لهُما أحبُّ إليَّ من الدُّنيا جميعًا

«Таң намазының алдындағы екі рәкағат сүннеті осы дүниеден және оның ішіндегі барлық нәрседен қайырлы», - десе, тағы бір риуаятта: «Таң намазының екі рәкаты мен үшін бүкіл дүниеден де сүйікті» [3], - деген.

Алайда таң намазының парызына үлгермейтін болса, онда сүннетті оқымай парызға кіріседі.

Ал егер бесін және жұма намазының алғашқы төрт ракағат сүннетін оқып жатқанда қамат айтылса, бұл мәселе былай жіктеледі:

1.    Егер бірінші ракағатты оқып жатып сәждеге басын қоймаған болса намазын бұзады да, имамға ұяды.

2.    Егер бірінші ракағаттың сәждесіне басын қойса немесе екінші ракағатты оқып жатса, онда екі ракағатты толық оқып тәмәмдайды да, парызға ілеседі. Төрт ракағат сүннетті толық оқымай аяқтағандықтан, парыздан кейін оны қайта оқып алады.

3.    Егер үшінші ракағатты оқып жатса, төртінші ракағатты да қосып намазды соңына дейін бітіріп, сосын жамағатқа ілеседі[4].

Сондықтан парыз намазына қамат айтылғанда, басқа намазды оқымай жамағатқа ілісу керек. Ал сүннет намазын оқып жатқан болса, оны жоғарыда айтып өткеніміздей тәртіп бойынша орындайды. 

 

Тойбазар Айтуған

СҚО бойынша пәтуаға жауапты маман



[1] Муслим, №1160 .

[2] Әл-һидая фи шархи бидаяһ, 1 том, 71 бет.

[3] Мүслим, №96.

[4] Әл-һидая фи шархи бидаяһ, 1 том, 71 бет.

Жоғары