ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
ТӘҺӘЖЖУД НАМАЗЫНА ҰЙЫҚТАП ТҰРУ ШАРТ ПА?

 

Тәһәжжуд – араб тіліндегі «һәжәдә» сөзінің түбірінен шығып «түнде тұрып намаз оқу, түнгі намаз» дегенді білдіреді[1].

 

Тәһәжжуд намазына қатысты Алла Тағала Құранда былай дейді:

 

 وَمِنَ اللَّيْلِ فَتَهَجَّدْ بِهِ نَافِلَةً لَكَ عَسَى أَنْ يَبْعَثَكَ رَبُّكَ مَقَامًا مَحْمُودًا

 

«Және түннен де (бір мезгіл) онымен (Құранмен) өзің үшін қосымша (нәпіл намаз оқып) ояу бол (тәһәжжуд намазын оқы)»[2].

 

Алқама, Мужахид, ибн әл-Әсуад сынды тәпсір ғалымдары аяттағы «тәһәжжәд» сөзін: «бір мезгіл ұйықтағаннан кейін тұрып оқылатын намаз» деп тәпсірлеген[3].   

 

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

 

إِذَا أَيقَظَ الرَّجُلُ أَهْلَهُ مِنَ اللَّيْل فَصَلَّيا أَوْ صَلَّى ركْعَتَينِ جَمِيعًا، كُتِبَا في الذَّاكرِينَ وَالذَّكِراتِ

 

«Ер кісі түнде ұйқыдан тұрып, әйелін де оятып, екеуі екі рәкағат намаз оқыса, онда олар Алланы көп еске алушы еркектер мен әйелдер қатарына жазылады»[4], - деп,  тәһәжжуд намазының артықшылығын баяндайды.

 

Ханафи мәзһабының көпшілік ғалымдарының пікірі бойынша тәһәжжуд намазын оқу – мұстаһап. Алайда, Алла Елшісінің оны әрдайым орындағанын алға тартып сүннет дегендері де бар[5].

 

Тәһәжжуд намазы екі, төрт немесе сегіз ракағатқа дейін оқылады. Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Пайғамабардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәһәжжуд намазы - таң намызының екі рәкағатынан басқа жеті (үшеуі үтір), тоғыз (үшеуі үтір) және он бір рәкағат (үшеуі үтір) еді»[6], - деген.

 

Тәһәжжуд намазының уақыты құптан намазынан кейін басталып, таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Осы аралықта тәһәжжуд намазын оқуға болады. Дегенмен, түннің үшінші бөлігінде оқу абзал[7].

 

Бұл намазды оқу үшін бір ұйықтап тұру шарт[8]. Сахаба Хажжаж ибн Амр әл-Ансари (Алла оған разы болсын):

 

  يحسب أحدكم إذا قام من الليل يصلي حتى يصبح أنه قد تهجد , إنما التهجد أن يصلي الصلاة بعد رقدة وتلك كانت صلاة رسول الله صلى الله عليه وسلم

 

«Кейбірі түннен бастап таң атқанға дейін оқыған намазын «тәһәжжуд» оқыдым деп ойлайды. Алайда, «тәһәжжуд» деген қысқа ұйқыдан кейінгі намаз. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намазы осындай еді»,– деген[9]. (Хафиз ибн Хажар әл-Асқаләни бұл риуаятты «хасан» деп бағалаған).

 

Имам Шурунбуләли: «Тәһәжжудтың басқа түнгі құлшылықтардан  ерекшелігі бір ұйықтап тұруда»[10], - деген.

 

Сондықтан тәһәжжуд намазын оқу үшін аз уақыт болса да ұйықтап тұру қажет. Сонда ғана ол тәһәжжуд намазы болып саналады. Дей тұрғанмен, құптан намазынан кейін ұйықтамай оқылған нәпіл намаздар түнгі намаз болып есептеледі. Оның да сауабы мол. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): 

 

أَفْضَلُ الصَّلاةِ بَعْدَ الْفَرِيضَةِ صَلاةُ اللَّيْلِ

 

 «Парыз намаздан кейінгі абзал намаз – түнгі намаз» [11], - деген.

 

 

   Әсет Раманкулов

                               БҚО бойынша пәтуаға жауапты маман



[1] Муғжаму әл-Уасит, 2/868.

[2] «Исра» сүресі, 79-аят.

[3] Ибн Касир. Тафсиру әл-Қурани әл-азим, 3/69 б.

[4] Әбу Дәуіт, Сунан, Салә, қияму әл-ләйл №1309,  2/73б.

[5] Ибн Абидин. Радду әл-Мухтар, 5/179.

[6] Ибн Хажар әл-Асқаләни. Фатху әл-Бәри, шарху Сахих Бухари, №1339.

[7] Бухари, №1095.

[8] «Мәусуъату әл-исламия фи әл-фәтәуә», 2/232б.

[9] Табарани, Талхисул-хабир. «Дәру әл-кутуб әл-илмия. Бейрут, 2/35 б.

[10] Марақил әл-фәләх, 146 бет.

[11] Мүслим, №1163.

Жоғары