ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ
ДІНИ БАСҚАРМАСЫ
БАЛЫҚТЫ ЭЛЕКТР ТОГЫ АРҚЫЛЫ АУЛАУҒА БОЛА МА?

 

Алла Тағала Құранда су жәндіктері туралы былай дейді:

أُحِلَّ لَكُمْ صَيْدُ الْبَحْرِ وَطَعَامُهُ مَتَاعًا لَكُمْ وَلِلسَّيَّارَةِ

«(Уа, мүміндер!) Сендерге және жолаушыларға пайдалануларың үшін теңіздің жәндіктері мен тағамы халал етілді».

Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Теңіздің суы таза және оның өлексесі адал» [1], – деген. Ханафи мәзһабының ғұламалары Құран мен сүннетте аталған «су жәндіктерін» балық атауына жататын жәндіктер деп түсіндіреді. Яғни, өздігінен өліп, судың бетіне қалқып шыққан балықтан басқа кез келген балық тектестің өлісін де, тірісін де жеуге болады.

Жалпы балық аулаудың бірнеше түрі бар. Олардың кейбірі шариғатқа сай болса, кейбірі шариғатқа қайшы. Сондықтан балықшы шариғатқа сай жолымен балықты аулауы керек. Яғни Алланың берген нығметіне күнәлі іспен жету дұрыс емес. Алла Тағала Құранда:

كُلُوا وَاشْرَبُوا مِنْ رِزْقِ اللهِ وَلَا تَعْثَوْا فِي الْأَرْضِ مُفْسِدِينَ

«Алланың несібесінен ішіп, жеңдер де жер жүзінде бұзақылық қылып жүрмеңдер»[2].

Соңғы уақытта белең алған балықты аулау түрінің бірі – токпен ұстау. Токтың вольтін күшейтсе, балық өліп судың бетіне шығады, ал ток күші аз болса ол балықты өлтірмесе де, есеңгіретіп тастайды. Балық жүзе алмағандықтан судың бетіне шығып, оны аулау жеңіл болады.

Балықты токпен аулаудың мынадай зияндары бар:

1. Балықты қинап, азаптап өлтіру. Ислам мейірім діні болғандықтан мұндай іс-әрекеттер шариғатымыздың талаптарына сай келмейді. Шариғатымызда жануарларды бауыздағанның өзінде оны көркем түрде орындау бұйырылған. Алланың Елшісі: «Алла Тағала барлық нәрсені жақсылап істеуді бұйырды. Сондықтан, малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар, алдын ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар»[3], деген.

2. Өзен-көлдегі тіршілік атаулының бүгіні мен келешегіне қатер төндіріп, ондағы балықтың қорын азайтады. Токпен аулаудың салдарынан ірі, ұсақ балықтар, уылдырық, теңіз өсімдіктері, құрттар сияқты жәндіктердің бәрі өледі. Тіпті тірі қалған балықтар да уылдырық шашпайтын болып қалады. Хадисте:

لَا ضَرَرَ وَلَا ضِرَارَ

«Өзіңе де, өзгеге де зиян беру жоқ»[4], делінген.

Қорыта айтқанда, электр тогымен ауланған балықты жеуге болғанымен, судағы тіршілік атауын жойып жіберу қаупі болғандықтан рұқсат етілмейді[5].

Шариғат және пәтуа бөлімі

[1] Термизи, Әбу Дәуіт.

[2] Бақара сүресі, 60-аят.

[3] Имам Муслим.

[4] Имам Ахмад.

[5] https://www.dar-alifta.org/ar/ViewFatwa.aspx?ID=13266&LangID=1&

Жоғары